Білім • 18 Ақпан, 2021

Рейтинг сапаға сәйкес болсын

236 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сапалы білім беру, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен бәсекелес болу қазақстандық жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер жүктейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарына ескерту жасап, академиялық адалдықты бұзғаны үшін жоғары оқу орындарының жауапкершілігін қосымша күшейту керектігін, сонымен бірге сапалы білім беріп жатқан жоғары оқу орындарын жан-жақты нығайтуды тапсырған-ды.

Рейтинг сапаға сәйкес болсын

Білім және ғылым министрлігінің дерек­тері бойынша, қазіргі кезде елімізде 128 жоғары оқу орны бар. Бүгінде халықаралық рейтингте жетекші орындардан көрініп жүрген оқу орындарының оқыту бағдарламасы отандық білім нарығының талаптарына сәйкес келе ме? Оқу бітіргенімен, мамандығына орай жұмыс таба алмай жүрген мамандар мәселесі оқу орындарының дәрежесімен қаншалықты байланысты? Саладағы реформалардың келешегі қандай? Қоғамда білім саласын толғандырған мәселелерге байланысты түйткіл көп. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев «Президент атап өткендей, қашанғы сапасыз жоғары оқу орындары «диплом басып шығаруды жалғастыра бермек?» деп алаңдаушылық білдіреді. Ғалымның айтуынша, Мемлекет басшысы университеттердің сапасыз білім беретіндерін жабуға пәрмен беріп отыр, осы орайда Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік маңызы мол мәселеде байып­тылық танытып, университеттерді бас лицензиясынан айыру емес, сапасыз мамандықтар лицензиясының күшін жоюдан бастаса, нәтиже болады. Ал қоғамда алаңдаушылық туғызған мәселенің бірі – тоқсан жылдық тарихы бар, кеңестік кезеңде Орталық Азиядағы жетекші оқу орындарының қатарында болған Қазақ көлік және коммуникация академиясының лицензиясынан айырылуы. Бұл мәселеде тиісті министрлік үшін ақпараттың аздығы ықпал етіп отырғанын атап өткен профессор «Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес аталған жоғары оқу орны қандай біліктілік талаптарына сай болмады, материалдық-техникалық базасы, оқытушы-профессорлар әлеуеті қай деңгейде екендігі туралы толыққанды ақпарат берілгенде, қоғамда мұндай екіұшты пікір қалыптаспас еді. Еліміздің көлік және коммуникация саласына талай буын мамандарды даярлап шығарып, достастық елдеріне мәлім болған оқу орнын жауып тастауға не түрткі болды?» деген қынжылысын білдірді. Осы орайда жоғары оқу орындарын тексергенде, әлемдік жүйеде қалыптасқан аккредиттеу үдерісіне мән беру қажет екендігін айтты.

Профессор «Еліміздегі екі Ұлттық аккредиттеу орталығы берген сертификаттардың салмағы болмай, тексерушілер олар берген сертификатқа сенімсіздік танытатыны қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Дүниежүзінің білім жүйесі мемлекеттік бақылаудан кетіп, жалпы халықтық аккредиттеу органдарының қорытындысына құлақ асып жатқан кезеңде министрліктің бағытын айқындап алғанымыз абзал. Осы орайда жоғары білім сапасын көтереміз десек, әлемдік тәжірибеге иек арту қажет. Дүниежүзілік тәжірибеде жоғары білім жөніндегі диплом студенттің қандай ма­мандық бойынша оқу бағдарламасын тә­мам­дағанын нақтылайтын анықтамасы іс­петті, ал мамандыққа сәйкестігін біліктілік ко­миссиясы анықтайды. Болашақ маман сол комиссияға емтихан тапсырып ма­мандығына сәйкестілігі туралы біліктілік ко­миссиясының қорытындысын алады. Жұ­мыс беруші маман біліктілігін сертифи­катта көрсетілген құзыреттілікке байланысты бағалайды. Ал комиссияның оң қо­рытындысына ие болған маман жұмыс таппай қаламын ба деп алаңдамайды. Осыған орай білім туралы заңнамалық акті­лерге негіздеме жасап, өзгертулер мен толық­тырулар енгізуді қолға алу қажет», деді.

Президенттің жоғары оқу орындарын жан-жақты нығайту мақсатында 15 базалық өңірлік жоғары оқу орнын жаңғырту туралы тапсырмасына орай ойын білдірген К.Құрманәлиев ендігі кезекте ел Үкіметі жоғары оқу орын­дарына бөлінетін мем­лекеттік грант­тардың өңірлердің әлеуметтік-эко­номи­калық сұраныстарына сәйкес бөлінуін жіті қадағалау керектігін жеткізді. Сонымен бірге мамандандырылған жоғары оқу орындарында нақты бағыттарға бағдарланған оқу бағдарламалары бойынша маман даярлауға қол жеткізіп, жұмыс берушілердің сұранысын қамтамасыз ете отырып, түлектерге мақтаулы мекемелерде қызмет етуіне мүмкіндік туғызу нәтижесін беретіні сөзсіз. Бұл – әлемдік жүйеде кең қолданыстағы тәжірибе. Ал бағдарламаға мән беру үшін, мамандыққа мән беру қажет. Нақты айтқанда, «Еңбек нарығының сұранысына сай келетін теориялық білім мен тәжірибелік тағылымы мол маман даярлау деңгейін арттыру, мамандықтар арасындағы бәсекелестік – жоғары білім сапасын көтеруге апаратын жол. Сондықтан әрбір жоғары оқу орны мамандықтарымен мақтану керек. Мысалы, Кеңес кезінде экономистер дегенде – «Нархоз», заңгерлер мен журналистер дегенде – «ҚазМУ», шет тілі мамандары дегенде – «Алматы шет тілдері педагогикалық институты», ал мұғалімдердің ұстаханасы дегенде қарт «ҚазПИ» тілге орала кететін. Ал бүгінде кез келген жоғары оқу орны 50-60, кемінде 10-15 мамандық бойынша мамандар даярлауы кадрлардың қадірін кетіріп отырғаны белгілі», дейді сарапшы. Осы тұста мамандандырылған университеттер құруды ұсынған профессор 50-60 мамандық бойынша лицензиясы бар жоғары оқу орындары соған сәйкес оқу бағдарламалары мен рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізеді деудің шындыққа жанаспайтынын айтады. Сондықтан да жоғары оқу орындары бар-жоғы 5-6 мамандық бойынша ғана халықаралық бәсекеге түсіп, бағын сынауы мүмкін. Қоғамға ой салатын мәселенің мәнісі де осында жатса керек.

 

АЛМАТЫ