Театр актерлері қала тұрғындары мен қонақтарына үйлесімділік пен тартымды режиссерлік компоненттерден құрылған тамаша музыкалық кеш сыйлады.
– Театрымыздың көрермендерін қазақ поэзиясының ақиық ақыны М.Мақатаевтың өлеңдерімен жаңашыл бағытта, жастар көзқарасында таныстыруды жөн санадық. «Ғашық жүрек» қойылымы өлеңдер арқылы ақынның бүкіл болмысын көрсетеді. Қазір қоғамда «Жастар поэзияны оқымайды, өлеңді көп түсінбейді» деген кереғар ұғым бар. Сондықтан да осы сахналанып жатқан қойылым ерекше шынайы сезімдерді тарқататын болады. Жас ұрпақтың бойында ақын шығармашылығы туралы ерекше ой қалыптастырады деп сенемін, – деді театр директоры Асхат Маемиров.
Иә, поэзия мен Мұқағали, ақын өз өлеңінде толғанғанындай, егіз ұғымға айналып кеткені рас. Өлең десе, поэзия десе бірден ойымызға келе қалатын тұлғалардың бірі де осы Мұқағали екені анық. Сондықтан да халқымыздың асыл перзентінің, әдебиетіміздегі үлкен суреткердің есімі әрқашан да ел есінде жүруі тиіс. Осы мақсатты ұстанған талантты театр ұжымы «Ғашық жүрек» қойылымы арқылы өлеңсүйер көрерменнің көңіл пернесіне бойлады.
Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазыбек Есқара, ал оның досы Шәмілдің рөлін Ерназар Жаңатілек кейіптеді. Көпшілік сахнада театрдың жас әртістері өнер көрсетті. Болат Жолдасов музыкасын әрлеген қойылымда театр оркестрінің сүйемелдеуімен мұзбалақ ақынның «Есіңе мені алғайсың!», «Күн қайда», «Ана, сен бақыттысың», «Жапырақ жүрек жас қайың», «Отыздан асып барамын», «Күрең күз», «Бақыт деген», «Сәби болғым келеді», «Қайран жеңгем», «Қазақстаным» шығармалары және одан бөлек «Алтай-Атырау» поэмасы, сондай-ақ «Бақыт деген не өзі?!», «Шыда, шыда», «Сүйеді екем», «Шәміл-ау» және тағы да басқа поэзиялары оқылды.
Спектакль соңында белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, жас театр ұжымына жүрекжарды лебізін білдірді:
– Бүгін қазақтың қара өлеңінің үлкен құдіретін танытқан ақын – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы үшін, құрметі үшін, аруағы үшін осындай қойылым көрсетілді. Адам өзі өлеңді тазару үшін оқиды деп ойлаймын. Адамның санасын, көңіл күйін дәл осы өлеңдей, күйдей тазартатын құдірет жоқ шығар. Сондықтан жастарымыз өлең оқып өссе, біздің әдебиетімізді танып білсе, еліміздің келешегі зор болады. Біз осы театр ашылғаннан бері тұрақты көрерменіне айналдық, – деді жазушы.
Осылайша ұлы ақын шығармалары театр сахнасы арқылы болашаққа мәңгілік жол салды. Оны ақын поэзиясын шабыттана оқыған жастардың жалынды жанры және бір мәрте айқын сезіндіргендей. Қойылымнан шын мәнінде өзі жайлы өзі айтып кеткен ақын жүрегінің үнін естігендей болдық. Ол – Мұқағалидің «Ғашық жүрегі»!