Қоғам • 18 Ақпан, 2021

Адамзат тарихының тамыршысы

665 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кезінде Оксфорд университетінде докторлық диссертация қорғаған ал бұл күнде Иерусалим қаласындағы Еврей университетінде әлем тарихы бойынша дәріс оқитын израильдік профессор Ювал Ной Хараридің (Yuval Noah Harari) «Sаpiens: A Brief history of humankind», «Homo Deus: A Brief Hhistory of Tomorrow» және «21 Lessons for the 21st Century» атты айдарлармен сәйкесінше, 2011, 2016 және 2018 жылдары ағылшын тілінде жарық көрген үш заманауи туындысының алдыңғысы адамзаттың 70 мың жылдық тарихын жаһандық ғылымдар тұрғысынан таразыласа, екіншісі болашақтағы адамзаттың интеллектуалдық қабілеті мен сана сапасының болмысына батыл гипотезалық барлау жасайды, ал үшіншісі ХХІ ғасырдағы, яғни бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған жаһандану заманындағы адамзатқа төнген қауіп-қатерлер мен олардың себеп-салдарын талдауға бағытталған.

Адамзат тарихының тамыршысы

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, EQ

Әлемнің 50 тіліне аударылған ғылыми-танымдық монографиялардың қай-қайсысы болсын Хараридің есімін күллі әлемге танымал еткен-ді. Өйткені бұл еңбектердегі тұшымды пайымдар мен құнды пікірлер адамзаттың есте жоқ ескі замандардан бастап, бүгінгі таңға дейінгі эволюциялық даму үдерістеріне тек тарихи тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар антропологиялық, биологиялық, философиялық, экономикалық, ғылыми-технологиялық және саяси-идеологиялық тұрғыдан жүргізілген терең зерттеулердің негізінде түйінделгенін айғақтайды. Бұл біріншіден.

Екіншіден, аталған туындылардың өзегіне өрілген жасампаз ойлар мен заманауи идеялар күллі әлемге ұйқыашар қоңыраудай дабыл қағып, тек оқырман қауымның ғана емес, ақпарат құралдарының назарын да өзіне бірден бұрған болатын. Сондықтан да шығар, The New York Times, The Economist, Financial Times, The Guardian, New Statesman, The Times немесе әлемге танымал өзге де ондаған басылым терең ойлы тарихшыға тамсана таңданып, Ю.Н.Хараридің заманауи зерттеулерінің көкейкестілігі мен маңыздылығы туралы бір-бірімен жарыса жазған болатын. Дәл сондай түйінді пікірлердің бір парасы төмендегідей:

«Біз әлдеқашан игеріп алдық деп жүрген адамзат әлемінің тарихына Харари бұрын-соңды кездеспеген мүлде тосын көзқарас танытады әрі өз пайымдары мен түйінді пікірлерін дәлелдеу үшін ғылымның әр саласынан өте нанымды дәйектер мен қисынды дәлелдер келтіреді.

Сондай-ақ талантты автордың кез келген ғылым саласының айдынында балықтай еркін жүзе алатыны еріксіз таңдандырады» – Financial Times
«Sapiens – жарық жұлдыз секілді cанаға сәуле шашатын әрі кез келген оқырманның қызығушылығын оятып, оқуға деген құлшыныс сезімін ұялататын туынды» – Sunday Express
«Homo Deus – өте сирек кездесетін әрі оқырман қауымды еріксіз ынталандыратын кітап» – Observer
«Харари – тек тарих саласының ғана қас шебері емес, оның биология, эволюциялық антропология немесе экономика саласынан келтірген ой-түйіндері де сондай анық әрі өте тұшымды...

Автордан көп дүние үйренуге болады» – Daily Telegraph
«Харари – нағыз қаламы ұшталған жазушы. Алайда оның жазушылық қырлары өзге авторларға мүлде ұқсамайды. Өйткені оның ойы қандай өткір әрі тұнық болса, астары терең метафораларға деген тапқырлығына да құрық бойламайды» – The Times
«Харари шығармалары өте тартымды... ондағы салыстырмалы әрі ауқымы кең философиялық, ғылыми, тарихи және экономикалық параллельдер мен тарихи шындықтар кез келген оқырманның көкжиегін кеңейтіп, таным түйсігін тереңдете түседі» – New Statesman
«Харари – сан қилы ғылым саласынан сүзіп алған теориялар мен дерек көздерін шебер үйлестіріп, солардың негізінде адамзаттың кешегі және бүгінгі таңдағы болмысы мен болашақ заманда қайда бет бұратыны жөнінде өте мәнді әрі тереңдігі жағынан теңдесі жоқ ғажап зерттеулер жүргізген интеллектуалдық сауысқан» – Evening Standard
«Харари тек адамзат тарихының сабақтарын ғана саралап отырған жоқ, сонымен қатар ол мета-тарих сабақтарын да жіті сараптап отыр» – Washington Post. 

Айтса айтқандай-ақ, сұңғыла ғалымның туындыларына деген әлем оқырмандарының қызығушылығы күні бүгінге дейін еш толастаған емес және солай бола беретіні де күмән тудырмайды. Дей тұрғанмен, бір мақаланың аясы кең арналы әрі терең мазмұнды үш кітапты талдауға мүмкіндік бере қоймасын ескере отырып, автордың заманауи туындыларымен жете танысуды оқырмандардың өз құзырына қалдырып, ендігі жерде олардың өзегіне өрілген ең көкейкесті мәселелерді ғана тілге тиек етсек, аздық етпес.

Мәселен, Sapiens атты бірінші монографиясында автор адамзат тарихын қалыптастырған теңдесі жоқ жаһандық үш революцияны ерекше атап өтеді. Олардың біріншісі – адам танымындағы революция болса, екіншісі – ауыл шаруашылығындағы революция, ал үшіншісі – ғылым әлеміндегі революция.

Хараридің пайымдауынша, бір-бірімен тығыз байланысты аталған революциялардың біріншісі адамзаттың таным-түйсігінде шамамен 70 мың жыл бұрын басталса, екіншісі 12 мың жыл бұрын, ал үшіншісі осыдан 500 жыл бұрын ғана басталған. Солай бола тұрғанмен, Харари үш революцияның жер бетіндегі адамзаттың болмыс-бітімін ғана емес, табиғи ортасын да, сол ортада қалыптасқан өзге тіршілік иелерін де үлкен өзгерістерге ұшыратқанын атап өтеді және әлгі революциялық өзгерістердің нақты салдарын Homo Deus атты екінші туындысында өте дәйекті дәлелдермен түйіндейді.

Мысалы, Харари келтірген ғылыми статистикалық деректерге қарағанда, о баста Шығыс Африкада өніп-өсіп, әлемнің түкпір-түкпіріне қоныс аударған адам баласы Аустралиядағы ірі жануарлардың 90 пайызын жойып жіберсе, Америкадағы алып сүтқоректілердің 75 пайызын, сол сияқты планета бетіндегі өзге ірі сүтқоректі жануарлардың 50 пайызға жуығын ауылшаруашылық революциясы басталғанға дейін-ақ келмеске жіберген.

Сосын Хараридің пайымдауынша, планетаның экологиялық жүйесі о бастан-ақ бірегей болмаған. Керісінше, жер шарының әртүрлі аймақтарының өз экожүйесі болған. Сонымен қатар осыдан 4 млрд жыл бұрын пайда болған жер бетіндегі тіршілік иелері алуан түрлі алапат апаттарға ұшыраған және олардың кейбірінің мүлде жойылып кетуіне ғаламат экологиялық зауалдар, атап айтқанда климаттың күрт өзгеріп кетуі, жер қыртысындағы тектоникалық плиталардың түйісуінен немесе жойқын вулкандардың салдарынан туындайтын алапат жер сілкіністері және ғарыштан жауатын алып астероидтар ғана себеп болмаған. Автор айтпақшы, жер бетіндегі жаһандық экологиялық жүйенің, дәл бүгінгі таңдағыдай апатты жағдайға ұшырауына да, сол сияқты күллі тіршілік иелерінің мүлде жойылып кетуіне сәл қалып тұрғанына да тек аталған табиғи құбылыстар ғана емес, адамзаттың өзі кінәлі екеніне көзіміз анық жетеді. Сондықтан да автор келтірген ғылыми дерек көздеріне табан тірейтін болсақ, бүгінгі адамзат ендігі жерде аман қалу үшін, жоғарыдағыдай апатты табиғи құбылыстардан емес, ең алдымен өзінен-өзі қорқуы керек екендігін бірден байқаймыз. Демек, автор айтпақшы, бүгінгі таңдағы адамзаттың ең басты жауы – адамзаттың өзі болып тұр.

«ХХІ ғасырға арналған 21 сабақ» атты үшінші туындысында автор әлем назарына мынадай заманауи риторикалық сұрақтарды көлденең тартады:
Бүгінгі әлемде орын алып отырған алапат дағдарыстар мен олардың жойқын салдары адамзатты қайда апарып тірейді? Ақпараттық және биологиялық технологиялар адам өмірінің мәнін қалай өзгертіп жатыр? Бүгінгі таңдағы жалған ақпарат эпидемиясымен қалай күресуге болады? Адамзат компьютерлік алгоритмдердің құлына айналып кетпес үшін ендігі жерде не істеуі керек? Бүгінгі таңда төбеден төніп тұрған алапат экологиялық апатты қалай ауыздықтауға болады? Ұлтшылдық әлеуметтік теңсіздікті еңсере ала ма? Әлемдегі жұмыс күшінің нарығы болашақта қандай күйде болады? Дін өз мәнін сақтай ала ма? Жаһандық терроризммен қалай күресуге болады? Жаңа дүниежүзілік соғыстың болуы мүмкін бе? Ендігі жерде балаларымызға қандай білім бергеніміз жөн? Либералдық демократия бүгінгі таңда неліктен дағдарысқа ұшырай бастады? Болашақта мына өркениет ошақтарының әлемдік басымдыққа қайсысы ие болады: Батыс әлемі ме, Қытай ма, жоқ, әлде Ислам әлемі ме?

Әрине, бұл заманауи сұрақтардың жауабын табу жекелеген оқырманға ғана емес, әккі саясаткерлерге де, әлемдегі үлкенді-кішілі мемлекеттердің билік тұтқасын ұстап отырған көшбасшыларға да оңайға соқпайтыны күмән тудырмайды. Өйткені, олар – бүгінгі таңдағы күллі адамзат қауымдастығының алдында тұрған ең көкейкесті сын-қатерлер, сондықтан да олардың ең оңтайлы шешімін табу күллі әлемнің бас ауруына айналып отыр. Демек, Хараридің: «келесі ғасырда Жер бетінде тіршілік етіп отырған күллі адамзат қауымдастығы мен өзге тіршілік иелерінің аман қалуы немесе олардың мүлде жойылып кетуі жоғарыда аталған сын-қатерлердің қандай шешім табатынына тікелей байланысты» деген пікірінің күллі адамзатқа бағытталып отырғаны да жайдан-жай емес. Өйткені автор бұл мәселелердің бүгінгі таңда күллі әлемдегі әрбір адам баласын алаңдатып отырғанын өте терең түйсінеді. Сондықтан да болар, Харари әлгі сұрақтардың жауабын бірден бере салуға тырыспайды, керісінше, күрмеуі қиын жаһандық түйткілдердің түйіндерін тарқатуды адамзат қоғамдастығы мен оқырмандардың өзіне қалдырады.

Демек, адамзат тарихының тамыршысы деуге лайық Ю.Н.Хараридің ғылыми-танымдық шығармаларының басты сипаты мен көздеген мүддесі – әлі күнге дейін қалың ұйқыда жатқан адамзаттың санасын оятып, күллі әлемге оның ең қатерлі жолайырықта тұрғанын ескерту десек, артық айтқандық емес.

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі