Қоғам • 18 Ақпан, 2021

Қазақстанның ипотекалық әлеуеті неге төмен?

789 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында ипотекаға қолжетімділік бойынша Property Prices Index by Country есебі жарияланды. Ондағы Қазақстанның деңгейін жоғары деп айтуға келмейді. Біздің ел рейтингтегі 109 елдің арасынан 71-орынға тұрақтаған, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстанның ипотекалық әлеуеті неге төмен?

Олардың есептеуінше, Қазақстанда көлемі 90 шаршы метр болатын, 20 жылға ипотекаға берілетін пәтер немесе үй сатып алу кезіндегі ай сайынғы төлем бір отбасының ай сайынғы табысынан 1,5 есе асып түскен. Ең қолжетімді ипотека – Сауд Арабиясы, АҚШ, Пуэрто-Рико елдерінде екен. Бұл елдердегі ипотеканың ай сайын­ғы төлемі бір отбасының айлық табы­сының 30 пайызын ғана құраған.

Өзіміз жиі салыстыратын ЕАЭО елдерінің ішіндегі үздік көрсеткіш Ресейге тиесілі – 65-орын. Алайда ондағы ай сайынғы төлем бір отбасының кірісінен 30,3 пайызға көп. Армения – 93, Беларусь – 96, Қырғызстан 98-орында. Бұл елдердегі ипотеканың айлық төлемі бір отбасының айлық табысынан сәйкесінше 2,3, 2,5 және 2,6 есе жоғары.

Рейтингті Аргентина қорытындылайды: ай сайынғы төлем бір отбасының бір айда жиып-терген табысынан 9,4 есе жоғары екен. Иран (108), Сирия (107) елдерінің де жағдайы мәз емес.

Қазақстан былтырмен салыс­тыр­ғанда жағдайын біршама жақсарт­қан. 2020 жылы біздің ел 104 елдің ішінен 80-орын алып, айлық төлем отбасының айлық табысынан 77 пайызға асып кеткен. Ал бес жыл бұрын 78-орында болыппыз.

Елімізде зейнетақы қорынан тұр­ғын үй жағдайын жақсарту мақ­сатын­да қаржы алу бастамасы баспана бағасының қымбаттап кетуіне әкеліп соқты. Бір жыл ішінде 1 шаршы метр жаңа үй бағасы 8,2 пайызға өсіп, 319,3 мың теңге болған. Бұл – соңғы бес жыл­дағы ең жоғары көрсеткіш. Қай­талама нарықтағы үйдің бір шаршы метрі соңғы жылда 20,5 пайызға шарық­тап, 244,7 мың теңге болған. Тек биыл қаңтар айының өзінде жаңа үйлер­дегі 1 шаршы метр құны 3,8 пайыз­ға, қай­та­лама нарықта 7,2 пайызға қымбаттаған.

Телеграмдағы Risk Takers кана­лының авторы елдегі баспана бағасы­ның секіріп кетуіне мемлекеттің өзі кінәлі деп санайды. Жақында Ресей банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина елдегі ұсыныс сұранысқа ілесе алмай, бұл баспана бағасының қымбаттауына ықпал еткенін айтқан. Осыны негіз еткен канал авторы РФ үкіметінің әрекеті үй бағасын өсіріп жіберді, біздің ахуал да осыған ұқсас дейді.

«Зейнетақы қаржысын пайдалану әсіресе жалға берілетін тұрғын үй мен қайталама нарықтағы үй бағасы­ның өсуіне әсер етті. Ресей сұраныс­ты ынталан­дырған жағымсыз әсерді түсініп жатса, Қазақстанда шенеунік­тер мен мүдделі тараптар әзірге өз позициясын қорғап әуре. Ресми тұлғалар спекуляция жасады деп сатушыларды айыптайды немесе басқа себептер іздейді. Оның үстіне негатив ақпаратты азайту үшін PR мамандарды жалдаудан да тайынбайды. Олар бенефициарлар банктер мен құрылыс компаниялары екенін ұмытып та кетеді. Қазір тек ақша алғандар туралы ғана айтып жатыр», дейді автор.

Елімізде былтыр 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8 пайызға көп. Мемлекет биыл 17 млн шаршы метр баспана салуды жоспарлап отыр.