Қоғам • 19 Ақпан, 2021

Ұлтты сүю ұлағаты

295 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Академик Салық Зимановты заңгер немесе ғалым деп айтар болсақ, оның тұтас тұлғасын біржақты түсінгеніміз. Оның тұлға ретіндегі қырларын ашып көрсету үшін өмірінің негізгі кезеңдеріне үңіліп көрейік.

Ұлтты сүю ұлағаты

Ол он тоғыз жасында мек­теп­­ті бітіріп, математикадан са­бақ беріп жүргенде Екінші дү­ние­жүзілік соғыс басталды да, қыл­шылдаған жас жігіт әскер қа­тарына шақырылды. Оның ма­те­матикаға қабілеті со­ғыс­та көп көмегін тигізді. Тез шешім қабылдау, алдын ала бәрін жос­пар­лау, есептей білу жауынгер үшін таптырмас қасиет еді. Бұл қасиетінің арқасында алғыр офи­цер көп өтпей батареяны, тағы біраз уақыттан соң полк бас­қар­ды. Осыдан кейін ол дивизия штабының бастығы болды. Осылайша, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, «Отан со­ғы­сы» орденімен, көптеген ме­дальмен марапатталды. Бұл –
оның өмірінің бірінші кезеңі.

Соғыстан қайтқан соң Заң институтына оқуға түседі, оны бі­тір­ген соң аса маңызды істерді тер­­геудің ірі маманына айналды. Араға аз жылдар салып Салық Зиманов Заң институтының директоры, содан кейін бұрынғы ҚазМУ-дың Заң факультетінің деканы қызметіне тағайындады. Өмі­рінің екінші кезеңінде оның педа­гогтік, заң мамандарын даяр­лайтын жоғары мектептің ұйым­дастырушысы қабілеті ашы­­ла түсті. Мықты мамандар даяр­лау­да оның үлесі зор болғанын барлық заң­герлер осы күнге дейін еске алады. Өзі декан болып тұрған сол жылдары ол Мәс­­кеуге 15-20 адамнан жібере бас­­тайды. Зи­ма­нов­тың Мәскеуге оқу­ға жі­бер­ген студенттері, аспиранттары, ізде­нушілері сонда кан­ди­дат­тық диссертациялар қор­ғап, рес­пуб­ли­камыздағы заң кадр­ла­ры­ның негізгі тірегі болды.

Салық Зиманов 1958 жылы ака­­демик Қаныш Сәтбаевтың ша­­қыруымен Ғылым ака­де­мия­сының жаңадан ашыл­ған Фи­лософия және құқық инс­ти­­­ту­ты­ның директоры қызметіне та­ғайын­далды. Осы жылдары оның көр­некті ғалым ретіндегі таланты мен бі­лікті кадрларды даярлау, фило­со­фия мен заң ғылымы бо­йынша мектептер құру қабілеті толы­ғы­мен ашылды. Бұл жылдарды да оның өміріндегі бір маңызды ке­зең деп атауға әбден болады.

Мен С.Зимановпен 1957 жылы докторлық диссертациясын қорғау үшін докторантураға кел­ген кезде таныстым. Сол жылдары ол «XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы Қазақстанның саяси жүйесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады, кейін академик болды. Ол көптеген ірі монография, сондай-ақ он томдық шы­ғармалар жинағын жарияла­ды. С.Зиманов тек ірі ғалым ғана болып қоймай, философия және заң кадрларын даярлауда да нәтижелі еңбек етті. Өз басым жеке өмірімде С.Зимановқа бо­рыштар екенімді атап өткім ке­леді. Салық Зиманұлы мені Фи­­лософия институтының ғы­лы­ми қызметкері етіп шақыр­ған­да мен 25 жаста едім. 26 жасқа толғанымда ол диалектикалық логика бойынша сектор құрды. Бұл Кеңес Одағындағы алғашқы сектор еді, тіпті Мәскеуде мұн­дай сектор болған жоқ. Мәскеуде диа­лектикалық және ресми логи­каны жақтаушылар арасын­да әлі де дау жүріп жатқан еді. Фор­мальды логиканың жақ­тас­та­­ры диалектикалық логика­ны мойындамады, сонымен қа­тар диалектикалық логикамен айналысатындардың арасын­да да бірауыздылық болған жоқ. Ол диалектикалық логи­ка бойынша сектор құрып, мені ғана емес, Л.Науменко, М.Баканидзе, А.Қасымжанов сияқ­­ты талантты жас­тарды да ша­қырды. Бізге осындай сенім біл­­дірілген соң, қанаттанып жұ­мыс істедік. Сонымен қатар ол бізді болашақ Канттар, Ге­гель­дер, Аристотельдер және т.б. деп атады. Бірақ, әрине, оның жақын жолдастары жастарды осылай асыра мадақтағанын ұнат­­пай­тын. Әйтсе де академик С.Зи­ма­нов сияқты адамның сенімі біз үшін үлкен маңызға ие болатын. Біз сенімді ақтағымыз келді және қарқынды жұмыс істедік. Осы заңтану саласына да М.Баймаханов, Б.Имашев, Ғ.Сапарғалиев сияқты тамаша, талантты заңгерлер шақырылды. Осылайша, біздің институт ғы­лым­­ның дамуы мен адамдардың қарым-қатынасында үлгілі болды. Институтта ізде­ну­ші­лерге ерекше шығармашылық жағдай жасалды. С.Зиманов адамды қабілеті мен талантына қарап бағалайтын. Институтқа С.Зиманов басшылық еткен тұста оның өзіне тән стилі бойынша көптеген аспирант, кіші ғылыми қызметкер канди­дат­тық және докторлық диссертацияларын Мәскеуде қорғады. Ол Мәскеу Заң институтының директорымен өте жақсы қарым-қатынаста болды. Сондықтан да сол жылдары көптеген ға­лым­ды Мәскеуде қорғатты. Ал олар кейіннен еліміздегі заң ғы­лы­мындағы негізгі кадрлар атанды. Мәселен, біз «Теориялық білімдегі шындықтың логикалық көрінісі» атты ғылыми тақырыпты жазған кезде елімізде қажетті әдебиеттер мен мамандар жоқ-тын. Мәскеуге іссапарға барып, Ленин кітапханасында жұмыс істеп, сондай-ақ ірі мамандармен кеңесу және сөйлесу қажет болды. Ол бізді және институттың басқа қызметкерлерін 30 күнге іссапарға жіберді. Біз үлгермеген соң, тағы он күн қосып бергені есімде. Бұл біз үшін үлкен ғы­лы­ми маңызға ие жұмыс еді. С.Зиманов өмірінің осы кезеңінде философия және заң ғылымдары бойынша мектептер құрды, қан­шама ғалымның терең білім алуына, ел мүддесі үшін жұмыс істеуі­не мол үлес қосты.

Оның өмірінің тағы бір ке­зе­ңі тәуелсіз Қазақстандағы де­­пу­­­­таттық қызметімен тіке­лей бай­­­­­­­ланысты. Қазақстан еге­мен­­ді­гін жариялар тұста С.Зи­ма­нов тәжірибелі заңгер ре­тінде еге­мендік туралы тұжы­рым­да­­­­­маны әзірлеген комиссияны бас­­­қарды. Еліміз тәуелсіздігін ал­­ған кезде С.Зиманов депутат бо­лып, Конституциялық заңнама комитетін басқарды. Мұнда да оның таланты мен заң ғылымын терең білетіні жарқырап көрініп, тұлғалық болмысы айқындала берді. С.Зиманов тек қана білімді, талантты, тәжірибелі маман емес, ойлаған ойын қасқайып айта алатын өр мінезді, адал­ды­ғымен, тура­лығымен көп­тің көңіліне жақ­қан адам еді.

Ол ірі маман ретінде де­пу­тат­­тардың сапалы заңдар қа­­­был­­­дауына мұрындық болды. Егер депутаттық корпусқа ми­­­нис­трлер сапасыз заң жо­ба­ла­рын қолтықтап келсе, Салық Зиманұлы мұндай жауап­­сыз­дық­ты қатты сынға алатын. Ла­уа­зымды тұлғалар маған ренжиді екен деген ой онда болмайтын. Ол әрқашан халықтың мүддесін жоғары қойды. Міне, бұл кезеңде де оның көп шаруа тындырғанын айтуға болады.

Оның адами қасиеттері туралы айтқан кезде, өте бірбет­кей, адал адам бол­ға­нын айтпасқа болмайды. Ол қандай жағдайда да өз ұста­ны­м­ында қалуға тырысатын, жеке пі­кірін қаймықпай білдіре алатын. Сол үшін еліміздегі лауа­зымды тұлғалар одан Ака­де­мия­да жүрген кезінде де, өмірі­нің кейінгі кезеңдерінде де сес­ке­не­тін. Мен онымен танысқан 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін жақсы қарым-қа­тынаста болдым. Ол барлық бү­кіло­дақтық конференцияларда диа­лек­тика бойынша мамандарды белсенді қолдады. Бірінші бү­кіл­одақтық симпозиум 1968 жылы ең жоғары деңгейде өтті. Догматикалық философияның өкілдері Зимановты ревизионист, гегельшіл және кантшыл Ж. Әбділдиннің тобын қолдайды деп айыптады. Шын мәнінде, біз­дің тобымыз халықаралық дәре­жеде танымал болды. Алған марапаттарымыз да аз емес.

Академик С.Зимановтың ерек­­­­шелігі ретінде оның ғылым са­­­ла­­сында адал еңбек еткен­дер­ді құрметтегенін айтуға болады. Сонымен қатар ол екі­жүз­ді, жағымпаз, ұятсыз адам­дарды ұнатпады. Бұл – оның жанкүйерлерінің де, қарсы­лас­тарының көп болғанын айғақ­тайтын факт. Жазбамды қоры­тындылай келе, Салық Зиман­ұлы­ның көрнекті тұлға, кемел адам болғанын айтқым келеді. Ғылымға, білімге және қызметтің басқа түрлеріне қосқан үлесі бо­йынша ол кез келген жоғары ма­рапатқа лайық болды, бірақ ла­уазымды тұлғалар уақытында оны да жасаған жоқ. Алайда академик С.Зимановты қазақ халқы мен рухани мәдениет өкілдері өте жоғары бағалайды. Оны біз­дің халқымыздың Қ.Сәтбаев, М.Әуезов секілді тұғырлы тұлға­ла­ры қатарына қосады. Сөз со­ңын­да Салық Зиманұлы туған Атырау қаласында оған ес­керт­­­­кіш қойылса дұрыс болар еді деген ойымды білдіремін. Ес­керт­кіш халқымызға, әсіресе жас­­тарға қажет. Олар академик С.Зимановтың өнегелі өмірі­нен үлгі алса несі бар? Ол ер­жү­рек ж­а­уынгер, талантты білім ұйым­дастырушысы, ғұлама ғалым, ұлағатты кадрлар ұстазы, халық­ш­ыл депутат, патриот болды. Өз Отаны Қазақстанды шексіз сүйетін адам еді.

 

Жабайхан ӘБДІЛДИН,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

ҰҒА академигі