Жаңа мектептің жұмысы оқушыларды ақындық пен айтыс өнеріне баулу, сөйлеу және жазу мәдениетіне үйрету, көркемсөз бен мәнерлеп оқу, дәстүрлі әуен, мақам-саздарды насихаттау бағытында болмақ. Сондай-ақ мұнда салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар жөнінде дәрістер, практикалық жұмыстар өткізіледі деп жоспарланған.
Жаңа бастама туралы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында талқылау өтіп, орталық директоры Бауыржан Халиолла Жансая Мусинаның өнер мектебін ашу жөніндегі бастаманы қолдайтынын, жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. «Бастаманы жүзеге асыруға Жансаяның қарым-қабілеті, тәжірибесі толық жетеді. Сонымен қатар бұл өнер мектебі жаһанданудың елімізге тигізер кері әсеріне, бар уақытын ұялы телефонмен, компьютермен өткізетін оқушылардың «ғаламтор дертіне» тойтарыс бере алады», деп санайды Бауыржан Ергенұлы.
Жансая Мусина болашақ өнер мектебінің жұмысын жолға қоюда жан-жақты қолдау жасап отырған Қадыр орталығының ұжымына зор алғысын айтты. Ұрпақ тәрбиесі, ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет ететінін ортаға салды.
Қазір аталған үйірмелерді жүргізу үшін облыстағы белгілі өнер иелерімен, тәжірибелі мамандармен келіссөздер жүруде. Жоспар нақтыланып, келіссөздер аяқтала келе, жуық арада өнер мектебі өз жұмысын бастайды.
– Мектеп оқушыларына арналған мұндай шығармашылық ақылы үйірмелер бұрыннан бар, халыққа таңсық емес. Бірақ олар мұндай кешенді болмаған, өнердің бір бағытына ғана баули алатын. Мысалы, Қарақат Әбілдинаның, Сәуле Жанпейісованың, Алтынбек Қоразбаевтың т.б. өнер мектептері жеке студия түрінде қызмет етіп, негізінен әншілікке үйретеді. Ал Жансая ашқалы отырған мектепте бірнеше өнер кешенді түрде, бір-бірімен байланыстыра қарастырылады. Бұған біздің Қадырсарайдың базасы толық мүмкіндік береді, – дейді Бауыржан Халиолла.
Айта кетейік, жалпы ұстаздық деген Жансая Мусина үшін тың кәсіп емес. Өйткені ол көп жылдан бері Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып қызмет етеді.
Батыс Қазақстан облысы