Әсіресе, ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамытудың жіті назарда екендігі айтылды. Мысалы, бүгінде өңірде алты бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДШСК) құрылысы жүріп жатыр.
– 2020 жылы спорт нысандарын салуға және жөндеуге 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қарқаралы мен Теміртауда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Биыл тағы алтауын қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да салып жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ кентінде «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 100 орындық ДСК құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Бұл мәселені кент тұрғындары көптен бері көтеріп келген еді.
Сондай-ақ, Ұлытау ауданындағы Қарсақбай кентінде жүргізіліп жатқан ДСК құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл нысанның құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Сәтін салса, құрылысы былтыр басталған кешен биыл ашылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, облыс басшысы есептік кездесуде алдағы екі жылда жаңа спорт нысандарының ашылатынын мәлім етті. Атап айтқанда, Шахтинск қаласында, Ұлытау ауданының Жезді ауылында, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы биыл аяқталады. Ал Жезқазғандағы ДШСК құрылысын бітіру келесі жылдың еншісінде.
Есептік кездесуде облыс әкімі бұқаралық спортты дамытудың негізгі индикаторының бірі халықты қолжетімді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Бүгінде облыста жасанды жабындысы бар 333 спорт алаңы, 262 көпсалалы хоккей корты және 34 стрит-воркаут алаңы бар екендігі айтылды. Сондай-ақ, биыл Нұра мен Жаңаарқада екі жүзу бассейнін тапсыру жоспарда бар.
Сонымен бірге, өңір басшысы облыстағы спорт нысандарын салуға қаражат бюджеттен ғана емес, демеушілер есебінен де қарастырылғанын атап өтті.