Экология • 19 Ақпан, 2021

Мағзұм Мырзағалиев мұнай өңдеу зауытына жасыл технологияларды енгізуді тапсырды

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бастамашы болған TAZALYQ бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мағзұм Мырзағалиев мұнай өңдеу зауытына жасыл технологияларды енгізуді тапсырды

«TAZALYQ жобасы қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Осы мақсатта Атырау мұнай өңдеу зауытының ағынды суларды тазарту қондырғыларын жаңарту жобасы жүзеге асырылуда, ол ағынды суларды сапалы тазартуды, ластайтын ағынды сулардың көлемін азайтуды және атмосфераға ластаушы заттардың булануын тоқтатуды қамтамасыз ететін заманауи технологиялық процестерді өндіріске енгізуді көздейді», деп хабарлады кәсіпорынның бас директоры Шухрат Данбай.

Ол зауыт үшін жобаның экономикалық пайдасы жоқ екенін, АМӨЗ бұған қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында келе жатқанын атап өтті. Тазарту қондырғыларын модернизациялаудың сәтті мысалы ретінде Мәскеу мұнай өңдеу зауытының тәжірибесіне назар аударылды.

Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралардың ішінде зауыт ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғыларының пештеріндегі техникалық ескірген оттықтарды ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл отын газын тұтынуды азайтады және қондырғы пештерінде отын газын жағу кезінде ластаушы заттарды азайтады.

Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысына жасыл технологияларды енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

«Бүгінгі таңда қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарындыларының деңгейін төмендету бірінші кезектегі міндет болып табылады. Бұл бағытта жасыл технологияларды енгізу маңызды. Аймақтың экологиясы ауаның ластануы жағынан жоғары көрсеткішке ие. Сондықтан процесті жасылдандыру бойынша кешенді шараларды қабылдау өте маңызды», деп атап өтті министр.