Аймақтар • 19 Ақпан, 2021

Шаңғы роллерінде қайырымдылық істер марафоны өтті

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер» марафоны  қаладағы шаңғы роллері жолындағы қайырымдылық шараларынан басталды деп хабарлайды Еgemen.kz.

Шаңғы роллерінде қайырымдылық істер марафоны өтті

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, спортшылар және тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастар қатысқан шара барысында  көпбалалы және аз қамтылған бірнеше отбасыға қайырымдылық көмегі көрсетілді. Ең алдымен бұл жерде  мүмкіндігі шектеулі 15 ақтөбелік тұрғынға Ақтөбе қаласының іргесіндегі  «Шипагер» сауықтыру орталығында емделуге жолдама берілді. Сондай-ақ ақтөбелік волонтерлердің бастамасымен  қиын жағдайға тап болған бір отбасыға  роллер бойында 400 мың теңге жиналып, сертификаты табысталды. Аталған қаражат осы отбасының баспаналы болуы үшін бастапқы жарна ретінде төленеді.

Қайырымдылық шаралары аяқталған соң облыстық мәслихат депутаттары,  спортшылар мен волонтер жастар  шаңғы жарысын өткізді. Ақтөбеде екі күн бойы  жауған қалың қар 3 шақырымға созылатын роллер бойын толтырып,  қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын әуесқой спортшылардың Кірпішті елді мекеніне ағылуына себепші болды.  Бұл биылғы қыста ең көп жауған қар.