– Пандемия кезінде Қазақстан аумағында болған мыңдаған шетелдік елден шыға алмай қалды. ІІМ Көші-қон қызметінің, шет мемлекеттер өкілдіктерінің және көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның көмегімен бұл адамдардың құжаттарын ресімдеуге көмек көрсетілді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 133 мың заңсыз мигранттың елден өз еркімен кетуіне көмектесті. Төлқұжаттарының қолданылу мерзімі өткен 675 шетелдік қайтып оралуға арналған куәлік алды, – деп атап өтті ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасын қасақана бұзу фактілері де анықталды. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында 582 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 28 қылмыстық іс тіркелді.
Мәселен, Шымкент қаласында Өзбекстанның 70 азаматы мен Қытайдың 62 азаматын жұмысқа заңсыз қабылдаған бірқатар заңды тұлғалар анықталды. Қазіргі уақытта заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шара барысында іздеуде жүрген 140 қылмыскер ұсталды. Олардың ішінде 129 қазақстандық, ТМД елдерінің 10 азаматы, сондай-ақ, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері және бопсалау фактісі үшін халықаралық іздеуде жүрген Түркия азаматы бар.
– Қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс. Бұл – полицияның негізгі міндеті. Сонымен бірге, біздің елде уақытша жүрген қонақтар заңдарды құрметтеуге және елде болу ережелерін бұзбауға міндетті. Сондықтан көші-қон қызметінің бұл бағыттағы жұмысы тұрақты түрде жүргізілуі тиіс, – деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.
Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, көші-қон заңнамасын қасақана бұзушыларға қатысты заңсыз иммигранттарды шығаруға 969 сот шешімі шығарылған.