Руханият • 22 Ақпан, 2021

«Менің пірім – Сүйінбай» атты халықаралық ақындар айтысы өтті

1268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен  Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Менің пірім  -  Сүйінбай» атты халықаралық жас ақындар айтысы өтті. Биыл бесінші мәрте шымылдығын түрген жыр аламанына республика аймақтарынан келген азулы ақындармен қатар Қытай, Моңғолия, Қырғызстан намысын арқалаған жас таланттар қатысты.

«Менің пірім – Сүйінбай» атты халықаралық ақындар айтысы өтті

Жыр алыбын жырмен аспандатқан аламанға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, профессор, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, айтыстың  шоқ жұлдызы Бекарыс Шойбеков, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер Серік Қалиев, 2020 жылғы «Алтын домбыра» иегері айтыскер Рүстем Қайыртайұлы, «Халықаралық Жамбыл» қорының төрағасы, ақын Манарбек Ізбасаров, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов қатарлы өнер майталмандары қазылық етті.           

Бекарыс Шойбеков арнаумен ашқан жыр мерекесі білім ошағының ректоры Тахир Балықбаевтың ақындарға сәт-сапар тілеуімен басталды. Сөз сайысына түскен жиырма ақынның 12-сі финалға жолдама алды. Айтыс ережесіне сай қағытпа қалжың, әсерлі әзілден бастап бауырлас қырғыз бен қазақ арасындағы әлеуметтік мәселелерді де жас шайырлар жырға арқау етті. Сүйінбай мен Қатаған секілді тұлғалардың тарихи келбеті де өлең тілімен өрнектелді.    

587

Екі күнге созылған айтыстың ақтық мәресінде аузымен құс тістеген шын жүйріктер суырылып алға шықты. Айтыс қорытындысы бойынша«Nur Otan» партиясының  арнайы жүлдесі  Гүлжан Ықыласқа, «Сүйінбай Аронұлы»  атындағы арнайы жүлде  Жанарыс Тілеубекке, «Халықаралық Жамбыл қорының»  жүлдесі Қайырхан Жұбаниязовқа, «Жүрсін Ерман » атындағы арнайы жүлде Бекарыс Оспановқа, «Оразалы Досбосынов» атындағы арнайы жүлде Жамали Айбынға, «Есенқұл Жақыпбек» атындағы жүлде Расул Сауытбекке бұйырып, ақындарға қаржылай сыйақы табысталды.

Ал, жүлделі үшінші орын тең дәрежеде өнер көрсеткен үш ақынға бұйырды. Олар Шынарбек Тұрсын (Қытай), Қабдолла Бейсхан (Монғолия) және Алтынай Қанапия (ҚазҰПУ). Екінші орынға  Нұрбол Жауынбаев (ҚазҰУ) пен Данияр Нысанғалиев (ҚазҰПУ) лайық деп танылды. I-орын қырғыз елінен келген жас айтыскер Нұрсұлтан Малдыбаевтың қанжығасына байланды.  Қазылардың шешімінен  сөз барымтасында шашасына шаң жұқтырмаған  Бекжан Базарбек (ҚазҰУ) бас жүлдені жеңіп алды. Жамбылдың даңғыл жолын жырмен көмкерген жас шайырларға ұйымдастырушылар алқасы тағайындаған қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 – Жамбыл қазақ жырының алдаспаны. Бүгінгі додада бақ сынаған өрендер биік деңгейде өнер көрсетті, тақырыпты жан-жақты аша білді. Ұлы бабаларының рухына жырмен ескерткіш қойды.Талаптың оты арындаған жас таланттар қазақ айтысының болашақ жұлдыздарына айналады деп сенеміз, – дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев.