Бокс • 23 Ақпан, 2021

Боксшыларымыз Болгарияда бақ сынауда

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Болгарияның астанасы – Софияда бокстан дәстүрлі Странджа турнирі өтіп жатыр. Айтулы додада Қазақстанның да былғары қолғап шеберлері өнер көрсетуде.

Боксшыларымыз Болгарияда бақ сынауда

Жарысты жерлестеріміз жап-жақсы бастаған еді. Тұсаукесер кездесуінде 63 кило салмақтағы Саматәлі Төлтаев түркиялық Мезам Ақкөлден айласын асырса, 51 кило салмақтағы Назым Қызайбай марокколық Рабабы Чеддарға шаң қаптырды. Қос боксшымыздың да өнері мамандар тарапынан жоғары бағаланды. 

Алайда олардан кейін шаршы алаңға шыққан былғары қолғап шеберлеріміз сенім үдесінен шыға алмады. Атап айтсақ, 60 кило салмақтағы Рима Волосенко америкалық Рашида Эллиске, ал 52 кило салмақтағы Олжас Байниязов үндістандық Деепак Құмарға жол берді. 

Сондай-ақ, алдағы күндері біз Бейбарыс Жексен, Қуан Қуатов, Нұрқанат Райыс, Бауыржан Байгоншеков, Сағындық Тоғмбай, Айболды Дәуренұлы және Әділ Басығараев сынды жігіттеріміздің өнерін тамашалаймыз. Софиядағы сайыс 27 ақпанға дейін жалғасады.