Футбол • 23 Ақпан, 2021

Абат Айымбетов құнды ойыншылар қатарында

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейдің Футбол ұлттық лигасындағы (ФҰЛ) ең құнды ойыншыларының тізімі жарияланды.  Үздіктер арасында Қазақстанның да өкілі бар.

Абат Айымбетов құнды ойыншылар қатарында

Күні кеше ғана Самараның «Крылья Советов» клубының жейдесін киген Абат Айымбетов өзінің командалық әріптестері Иван Сергеев және Никита Черновпен бірге екінші және төртінші орындарды өзара бөлісуде. Немістердің Transfermarkt порталы ұсынған мәліметке сенсек, олардың әрқайсысы 1,5 миллион евроға бағаланып отыр. Ал бұл көшті айтулы клубтың тағы бір ойыншысы Антон Зиньковский бастап тұр. Оның трансферлік құны – 2,5 миллион евро.  Үздік бестікті «Оренбургтың» жартылай қорғаушысы Александр Нойок (1,1 млн. евро) қорытындалады. 

Абат Айымбетов 25 жаста. Ол – Қызылорданың тумасы. Спорттық карьерасын «Ақтөбе» клубында бастаған қандасымыз былтырғы маусымды Алматының «Қайратында» өткізіп, 20 кездесуде 10 гол соқты. 2019 жылы Қазақстанның ұлттық құрамасының жейдесін киді. Республикамыздың бас командасы сапында 12 рет жасыл алаңға шығып, екі голдың авторы атанды.