Үшжақты келісім не береді?
Бірінші мәселе бойынша, Премьер-Министр аталған келісім Үкімет пен қаржы реттеушілерінің келісілген іс-қимылдарын қазіргі жағдайларда қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру – еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдығы. Ол үшін ақша-несие, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын үйлестіру қамтамасыз етіледі», деді А.Мамин.
Бірлескен шараларды іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. «Макроэкономикалық тұрақтылықты арттыру» бағыты аясында төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ете отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Инфляцияны біртіндеп төмендету және оны орнықты экономикалық өсімге ықпал ететін төмен деңгейде сақтау жөніндегі жұмыс жалғасады.
«Қаржы нарығын дамыту» екінші бағытын іске асыру Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды көздейді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын және экономиканың өсуін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, нарықтық тетіктер негізінде экономиканы банктік кредиттеуді едәуір кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.
«Экономикалық өсімнің ұзақ мерзімді әлеуетін арттыру» үшінші бағыты аясында бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды ынталандыру, қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбектеріне енгізу бойынша жұмыс жалғасады. Проактивті сыртқы сауда саясатын жүргізу, сондай-ақ инвестициялардың жаңа толқынын тарту жалғастырылады. «Экономиканың сапалы және орнықты дамуы үшін түбегейлі жаңа институционалдық жағдай жасалады. Бұл жаңа экономикалық жағдайда халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының артуына ықпал етеді», деді А.Мамин.
Премьер-Министр барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Келісім іс-шараларының белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
Үкімет отырысында қаралған тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «Qazaq stroy» ЖШС атқарушы директоры Нұрлан Артықбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.
Өз баяндамасында Б.Атамқұлов 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынғанын, 140 мыңнан астам баспана пайдалануға берілгенін атап өтті. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6%-ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестиция тартылды. «38,4 мың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 28 мың әлеуметтік тұрғын үй түрінде және 10,4 мың жеңілдетілген займ берілді. Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда – бұл 163 мың баспана», деді Б.Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік инвестициялар есебінен кезекте тұрған 31,3 мың адамды қолдау жоспарлануда. 22,5 мың әлеуметтік баспана салынып, сатып алынады және кезекте тұрғандарға 8,8 мың жеңілдетілген қарыз беріледі. «Кезек мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы бұған дейін жергілікті атқарушы органдардағы тұрғын үй кезегін бере отырып, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде «Отбасы банк» толыққанды даму және қолдау институтын құруды тапсырған болатын. «Отбасы банк» жұмысының негізгі қағидаты, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады», деді Б.Атамқұлов.
«Отбасы банк» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылады, ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді кезекке қою күні бойынша бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланады. Сонымен қатар министр атап өткендей, базаға қайта енгізуге жол берілмейді, азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов өңірлерде қаржыландыру көлемінің ұлғаюына назар аударды. А.Әріпхановтың айтуынша, кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша әкімдіктер айналымында қазір 387 млрд теңге бар. Құрылыс көлемін ұлғайту үшін Бірыңғай оператор нарық жағдайында қосымша 61 млрд теңге тарта алады. «Тартылатын қорландыру қаражатты ағымдағы көлемдермен микширлеуге бағытталады, бұл әкімдіктердің облигацияларын жылдық 4,25% бірыңғай мөлшерлеме бойынша сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл қаражат айналымын 448,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға, 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді», деді А.Әріпханов.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шаралары туралы хабардар етті. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде 2019 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде жасалған шарттардың саны 407 мыңнан 486 мыңға дейін, яғни 19%-ға өсті. Осы кезеңде жүйеге қатысушылар саны 1 553 мыңнан 1 862 мыңға дейін, немесе 20%-ға өсті. Мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері «Отбасы банкіне» тұрғын үй заемдерін беруге 310 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2020 жылдың тамыз айында «Шаңырақ» бағдарламасына 90 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 202 млрд теңге, оның ішінде наурыз айында «Шаңырақ» бағдарламасына 120 млрд теңге алу жоспарланып отыр.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр тұрғын үй саясаты мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін және баяндамашылардың ұсыныстарының тұрғын үйдің, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. «Қабылданып жатқан шаралар арқылы ел экономикасының өсуіне оң әсер ететін құрылыс индустриясының жандануын болжаймыз. Қажетті құқықтық өзгерістер, сондай-ақ Үкіметтің ұзақ мерзімді жоспарларын ұлттық жобаға айналдыру қарастырылған», деді Р.Скляр.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Тұрғын үй саясатын тиімді іске асыру Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша, біз 1 млн-ға жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз», деді А.Мамин.
Премьер-Министр алға қойылған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін тұрғын үй саясаты реформалану үстінде екенін атап өтті. Жаңа шаралар кешені тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыруды, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке құрылыс салушылардың инвестициялар ағынын ынталандыруды көздейді. Нарық жағдайында тұрғын үйді қаржыландыру көлемін арттыру бойынша тәсілдер әзірленді. Бұл жұмыстың негізгі құралы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдікпен берілетін тұрғын үйлерді сата отырып, мұқтаж азаматтардың кезегін орталықтан қалыптастырып, жүргізетін «Отбасы банк» құрылған. Биыл барлығы 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2 млн шаршы метрге артық.
Импортталатын құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамыту аясында жақын арада газ-бетон блоктарын, қасбеттік фиброцементті плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер, темір-бетон конструкцияларын, керамикалық плиталар өндіру бойынша жалпы құны 63 млрд теңгеден асатын жеке инвесторлардың жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.
Премьер-Министр осы жылдың 25 наурызына дейін тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру және биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу үшін заңнамаға түзетулер енгізу туралы заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды. «Өңірлерде құрылыс маусымын уақтылы бастау маңызды. Жер учаскелерін дер кезінде бөліп, оларға қажетті инфрақұрылым жүргізу керек», деді А.Мамин.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, осы жылдың 15 наурызына дейін құрылыс индустриясын дамыту жөніндегі іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеп, Үкіметке енгізу тапсырылды.
Су тасқынына дайындық
Үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин «Қазгидромет» РМК-нің өзен бассейндеріндегі қар қорының көлемі бойынша алдын ала жасаған болжамдары кезеңнің қолайлы жағдайда өтетіндігін білдіретінін айтты. Бірақ қардың қарқынды еруі және қатты жауын-шашын болған жағдайда бірқатар өңірде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін.
Қазіргі таңда ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 70-75%-ды құрайды. 6 мың су шаруашылығы құрылыстарының 500-ге жуығын жөндеу қажет. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бекітілді, оны іске асыруға 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда.
Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өңірлік деңгейде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырыстары өткізілді, жанар-жағармай, инертті материалдар мен қап қорлары қалыптастырылды, шұғыл шығындарға арналған төтенше резервтер қарастырылды, саны 38 мыңнан астам адам, шамамен 13 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 2500-ден астам су айдайтын құралдан тұратын азаматтық қорғау құралымдары айқындалды. Елді мекендерден 13 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Наурыз айының басында «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда, оның барысында Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайындығы тексеріледі. ТЖМ авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобын құрды, атап айтсақ, 10 мыңнан астам қызметкер, 1800-ден астам техника, 27 тікұшақ, 330 жүзу құралы және 1,3 мың мотопомпа дайын. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде 3 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер дайындалды, Қазавиақұтқару әуе кемелері тұрақты дайындықта тұр.
Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсеткен А.Мамин бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімдерін және суқоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтауды тапсырды. Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне заңнамаға сәйкес қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін аяқтауды міндеттеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне автомобиль жолдарында су басуға жол бермеу, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын уақтылы дайындау тапсырылды. «Өңірлердің әкімдері қар шығару, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша жер үйінділері мен бөгеттерді тұрғызу жұмыстарының, оның ішінде ауылдық елді мекендер мен тұрғын үй алаптарында уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», деді А.Мамин.
Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, тиісті жедел штабтар құру, алдағы су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың дайын болуын және су тасқыны қаупі болуы мүмкін кезде халықты уақтылы хабардар ету тапсырылды. Үкімет басшысы су басу қаупі мен туындауы кезіндегі іс-қимыл ережелеріне сәйкес халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.