Қазақстан • 24 Ақпан, 2021

Жақсылықтың қарымтасы да бар

1169 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қап тауын жайлаған біздің шешен-ингуш халқы да зобалаң шақтың зардабын әбден тартқандығы – баршаға мәлім. 1943 жылдың аяғы мен 1944 жылдың басында жүк пойыздарына еш жазығы жоқ бейкүнә шешен-ингуш халқын күштеп артып, көз көріп, құлақ естімеген Шығысқа қарай көшіру ұлы қасіреттің басы еді.

Жақсылықтың қарымтасы да бар

Адамзат баласына зор қайғы әкел­ген зұлмат соғыс қи­мыл­дары майданда қыза түс­кен уақыт. Бес қаруын бойына асынған солдаттар чешен-ингуштарды атақонысынан күштеп көшірген. Қайда бара жатыр, неге бара жатыр, қара басып, қандай қылмыс жасап қойды? Әркімнің көкірегінде осын­дай сауал. Бірақ жауабын ешкім біл­мейтін. Түптеп келгенде, талай жұрт­ты қынадай қырған саяси қуғын-сүргіннің бет қаратпас сұрапыл жоспары бойынша кең көлемде жасалған репрессия осылайша бастау алған. Олар мынау қаусаған кәрі шал, мынау шиеттей жас бала деп қарамаған. Аяушылық дегенді білмеген. Оған себеп, «тау халқының арасында опасыздық жасауға уәделесу бар» деген жалған ақпарат тараған.

Жазықсыз жандарды тасымал­дауға 180 эшелон жұмылдыры­лыпты. Чешен-ингуш халқының 493 269 адамы осындай эшелондармен қоныс аударған. Негі­зінен, Қазақстанға. Көнекөз қария­лары­мыздың айтуына қарағанда, адам емес, мал таситын ашық-тесік вагондар екен. Таңғы сағат бестің кезінде тұтқиылдан тап беріп, үй­леріне баса-көктеп кіріп, күш­теп осы вагондарға тиегеннен кейін біз­дің халық қапелімде жарытып жол­ға қамдана да алмаған. Сон­дық­тан жолау­шылардың көбі суықтан, аш­тық­тан өлген. Ал шал­ғайдағы барар жолы қиын Хайбах, Таргим, Цори, Гүлім, Мон­кара аудан­­дарының тұрғындарын сол жер­де атып тастаған. Дәмі таусыл­ма­ған, тіршіліктен үміті барлардың бә­рі жаңағы вагондарда азап шеккен. 

Қайғы арқалаған пойыз сәл-пәл аялдай қалса, ішіндегі нақақ жандардың мәйіті ондап, жүздеп түсіріледі екен. Тіпті жол бойы шашылып жатыпты. Ал артта қалған атамекен аяусыз тоналған, тарихи жәдігерлер, ұлттық құндылықтар талан-таражға түскен.

Осының барлығы чешен-ингуштар фашистерге көмектеспек деген қате пікірден туындаған. Шындығында, бұл ақиқатқа жанаспайтын жаңсақ сөз болатын. Атажұртта мұндай оқиға орын алған емес. Есесіне, вайнах халқы­ның ерлері қан майданға қаты­сып, нағыз қаһарман батырларша асқан ерлік­пен соғысты. Отан қор­ғау жорығында мыңдаған адам опат болды. Ерлігімен көзге түс­кен­дер де аз емес. Мәселен, көне тарихтың көм­бесін ақтарып көр­сеңіз, Ханпаша Нұрәділова, Ыбрай­хан Бейбулатов, Хас­болат Да­чиев тәрізді есіл ерлер Кеңес Ода­­ғы­­ның Батыры атағына ие болды.­ Оның өзі оңай беріл­меген. Өйт­кені 1942 жыл­дың нау­рыз айын­да И.Сталиннің №6362 құпия қау­лы­сы қабылданған. Онда «чешен-ингуштардың жасаған ер­лігі марапатталмасын» деген жасырын бұйрық берілген. Соның өзінде де біз­дің халық қанына біткен қайсарлық қасиетімен басқыншы жауға тойтарыс берген.

Ал атамекеннен көшіріл­ген қан­шама жұрт босқа қыры­лып қалды. Қазақ даласына жеткен­дері­нің бағы бар екен. Жергілікті жұрт­тың қамқорлығы­ның арқа­сында ауыздары аққа тиді. Ол кездегі баспананың жайы белгілі. Қазақтар тар болса да қабақ шытпай, құшақ жая қарсы алған. Кейін сол кезді көзімен көрген қазақтың ақсақалдары­мен кеңестік. Бірақ олардың бірде-біреуі «біз солай жасап едік» деп айт­қан емес. Жасаған жақсылықты міндет етпеу – көңілдің кеңдігі, жанның жо­­марттығы. Бауырмалдықтың ас­­қан үлгісін көрсеткен қазақ хал­қы­на алғыс айту аз, ата-бабамызды аузын арандай ашып келген ажал­­дан арашалап алып қалғаны үшін төбемізге көтеруіміз керек. Біз өз­деріміздің жастарымызға тар ке­зең­дегі елдің ерлігі туралы үне­мі айтып отырамыз. Жалғыз жергі­лікті жерде ғана емес, Кавказ­дағы ағайын да қазақты құрмет тұтады. Арыдағы аталарымыз қазақ халқын құрметтеуді бізге аманат етіп кеткен. Біздің жұрт – сөзге берік, аманатқа адал. Бір ғана мысал келтіре кетейін, Көкшетау қала­сында Тумгоевтар отбасы тұра­ды. Олар­дың аталары қазіргі Бурабай ауданы­ның қазақ ауылдарына тап болып, жергілікті жұрт­тың жақсылығының ар­қа­­сында аман қалған. Кейін ақса­қалдар өзара ақылдаса келе, ке­йінгі ұрпағына жақсылықтың қа­рым­тасын қайтарыңдар деп ай­­тып кеткен. Қазір бұл отбасы қала тұр­ғындарына ауыз суды те­­гін та­рат­ады. Барша шығынды өз­­дері өтей­ді. Әрине, ол арқылы бар жақ­­сылықты толайым қай­тара ал­­маса да, қазақтардың қамқор­лы­­ғын жан дүниесімен түсін­ген, жана­шырлығын ешқашан ұмыт­­пай­тын аға буынның ыстық ықыласы.

Бізде облыстық «Вайнах» чешен-ингуш орталығы ақ­са­қалдар кеңесінің төрағасы Гери­хан Точиев деген ағамыз бар. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жетіп отыр. 1944 жылы ата-анасымен Қазақ­стан­­ға қоныс аударғандардың бірі. Зұл­мат шақтың запыранын жұт­қан адам. Қа­сі­рет­ті көзімен көр­ген, қайғының ащы дә­мін өзі де жұт­қан. Ақсақалдың айтуына қа­­ра­ғанда, ауыл шаруашылығы инс­ти­ту­тын бітіргеннен кейін құ­ры­лыспен ай­н­алыс­­қан. Кейін өз кә­сі­бін де дөң­гелетті. Жер­гілік­ті қазақ­тың ішінде тонның ішкі бауын­­­­дай араласып кеткен достары өте көп. Осы кісі жүздескен са­­­йын қазаққа ал­­­ғыс айтудан бір тан­­­байды. Бүгінгі таң­­­­­да ұлттар ара­­сын­­дағы достықты дә­­ріп­­т­еп, сый­лас­­­тыққа дәнекер болып жүр. Тат­у­­­­­­­лық­тың құты, бірліктің бекем қазығы.

Біз де айтамыз. Шынайы ақ көңіл­ден. Жарты құртты жарып жеген кез естен кетер ме?! Аталарымыз бен әжелері­міздің аш өзегін жалғаған ақ дәмі, аппақ ниеті үшін! Мың алғыс саған, мейірімі мол қазақ халқы!

 

Герихан ЯНДИЕВ,

Ақмола облыстық «Вайнах» чешен-ингуш этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы