Руханият • 24 Ақпан, 2021

Жас ақындар Жамбылды жырлады

512 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдас­тыруымен Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Менің пірім – Сүйінбай» атты халықаралық жас ақындар айтысы өтті. Биыл бесінші мәрте шымылдығын түрген жыр аламанына республика аймақтарынан келген азулы ақындармен қатар, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан намысын арқалаған жас таланттар қатысты.

Жас ақындар Жамбылды жырлады

Жыр алыбын жырмен аспандатқан аламанға Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, халықаралық «Айтыс ақын­дары мен жыршы-термешілер» ода­ғының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, профессор, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, айтыстың шоқ жұлдызы Бекарыс Шойбеков, Мәдениет қай­раткері, белгілі айтыскер Серік Қалиев, 2020 жылғы «Алтын домбыра» иегері айтыскер Рүстем Қайыртайұлы, Ха­лық­аралық Жамбыл қорының төр­ағасы, ақын Манарбек Ізбасаров, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов сынды өнер май­тал­мандары қазылық етті.

Бекарыс Шойбеков арнаумен ашқан жыр мерекесі білім ошағының ректоры Тахир Балықбаевтың ақындарға сәт-сапар тілеуімен басталды. Сөз сайысына түскен жиырма ақынның 12-сі финалға жолдама алды. Айтыс ере­жесіне сай қағытпа қалжың, әсерлі әзілден бастап бауырлас қырғыз бен қазақ арасындағы әлеуметтік мәсе­лелерді де жас шайырлар жырға арқау етті. Сүйінбай мен Қатаған секілді тұл­ға­лардың тарихи келбеті де өлең тілімен өрнектелді.

Екі күнге созылған айтыстың ақ­тық мәресінде аузымен құс тістеген шын жүйріктер суырылып алға шық­ты. Айтыс қорытындысы бойынша Nur Otan партиясының арна­йы жүлдесі Гүлжан Ықыласқа, Сүйін­бай Аронұлы атындағы арна­йы жүлде Жанарыс Тілеубекке, Халықаралық Жамбыл қорының жүлдесі Қайырхан Жұбаниязовқа, Жүрсін Ерман атын­дағы арнайы жүлде Бекарыс Оспановқа, Оразалы Досбосынов атындағы арнайы жүлде Жамали Айбынға, Есенқұл Жақыпбек атындағы жүлде Расул Сауытбекке бұйырып, ақындарға қар­жылай сыйақы табысталды.

Ал жүлделі үшінші орын тең дәре­жеде өнер көрсеткен үш ақынға бұйыр­ды. Олар Шынарбек Тұрсын (Қытай), Қабдолла Бейсхан (Моңғолия) және Алтынай Қанапия (ҚазҰПУ). Екінші орынға Нұрбол Жауынбаев (ҚазҰУ) пен Данияр Нысанғалиев (ҚазҰПУ) лайық деп танылды. I орын қырғыз елінен келген жас айтыскер Нұрсұлтан Малдыбаевтың қанжығасына байланды. Қазылардың шешімінен сөз барымтасында шашасына шаң жұқтырмаған Бекжан Базарбек (ҚазҰУ) бас жүлдені жеңіп алды. Жамбылдың даңғыл жо­лын жырмен көмкерген жас шайыр­ларға ұйымдастырушылар алқасы тағайындаған қомақты ақшалай сый­лықтар табыс етілді.

– Жамбыл қазақ жырының алдас­паны. Бүгінгі додада бақ сынаған өрен­дер биік деңгейде өнер көрсетті, тақырыпты жан-жақты аша білді. Ұлы бабаларының рухына жырмен ес­керткіш қойды.Талаптың оты арын­даған жас таланттар қазақ айты­сы­ның болашақ жұлдыздарына айна­лады деп сенеміз, – дейді Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің ректоры Тахир Балықбаев.

 

АЛМАТЫ