Аймақтар • 24 Ақпан, 2021

Тауар өндірушілердің еңсесі тік

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел кәсіпкерлері «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 1,5 триллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолжетімді кредит беріп, қолдау көрсетуге бағытталған.

Тауар өндірушілердің еңсесі тік

2018-2020 жылдары бағдарлама аясында Ұлттық банктің жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілген болатын. Атап айтқанда, қаржы агроөнеркәсіп кешеніндегі (600 млрд теңгеге дейін), өңдеу өнеркәсібіндегі (400 млрд теңгеге дейін) басым жобаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс-тін. Осылайша  мыңнан астам түрлі азық-түлік және халық тұтынатын тауарлар өндіретін кәсіпорын қолдауға ие болуы керек. «Қарапайым заттар экономикасы» бұл межені ойдағыдай бағындырды. 

2021 жылғы 5 ақпандағы жағдай бойынша бағдарлама іске қосылғаннан бері екінші деңгейлі банктерге кәсіпорындардан жалпы сомасы 1 трлн 82,5 млрд теңгеге 1 404 өтінім келіп түскен. Оның 970-і мақұлданған (802,9 млрд теңге). Бұдан бөлек, «Даму» қорына кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қатысты сомасы 474 млрд теңге болатын 686 өтінім түскен. Олардың барлығы мақұлданды. Сонымен қатар «Даму» қоры отандық кәсіпкерлердің банктегі кредитіне кепілдік беретін оператор болып саналады. Аталған құрал бойынша 23,5 млрд теңгеге және 54,6 млрд теңге мөлшеріндегі жалпы несие қоржынына барлығы 222 кепілдік шарты мақұлданған. Қарастырылған 1 трлн теңгенің 574,86 млрд теңгесіне «Даму» қоры мен Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша кредит берілді.

«Іске қосылған сәттен бастап, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жеңілдікпен кредит беру тетігі бірнеше рет өзгертіліп, бүгінде анағұрлым ұтымды нұсқасын тапты. Өзгерістер жеті рет топталып енгізілді. Осы бойынша халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік түрлерін көбейту көзделді. Сондай-ақ түзетулер шеңберінде қаражат қайта бөлінді, мөлшерлемелер төмендетілді, қаржыландыру көлемі артты, субсидиялау мерзімдері ұзарды. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Қазақстанның Даму банкі оператор ретінде қосылды. Банк Мемлекеттік комиссияның ұсынымы негізінде тек қана инфрақұрылымдық және импортты алмастыруға бағытталған жобаларды қаржыландырады. Аталған мүмкіндіктер отандық тауар өндірушілердің «қарапайым заттар экономикасының» бір бөлігіне айналып, ұлттық экономиканың негізін нығайтуды көздейтін күрделі әрі маңызды міндеттерді шешуіне жол ашты», делінген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры екінші деңгейлі банк­тер мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы жүзеге асырады. Бағдарлама бойынша мемлекет 10 жылға дейінгі мерзімге қорландыру, субсидиялау шараларын жүргізеді. Соның есебінен клиенттер 6 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемеге ие болады. Сондай-ақ кәсіпкерлер айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін қаржыландыру ала алады. Сыйақы мөлшерлемесі 15 пайызды құрайды, оның 9 пайызын мемлекет субсидия­лайды. Бұл клиент үшін түпкі мөлшерлемені 6 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Яғни компанияға түсетін жүк­темені айтарлықтай азайтады.