Әдебиет • 24 Ақпан, 2021

Тың тақырыпты көтерген туынды

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еура­зия ұлттық университетінде филология ғылымдарының кан­­дидаты, түркітанушы ғалым Иманғазы Нұрахметұлының «От пен су» романының тұсаукесері өтті. Әйгілі ғұн патшасы Мөде қағанның тағдыр-талайын арқау еткен көркем туынды­да атал­­ған кезеңнің құқықтық-саяси портретіне талдау жасай оты­рып, наным-сенімі мен таным-парасаты жайында баян­­дайды.

Тың тақырыпты көтерген туынды

Жиынға Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің әлеуметтік-мә­де­ни даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлы, Досмұхамед Кішібеков, Серік Негимов, Рахымжан Тұрысбек, Абдулуахап Қара, Тұр­сын­­хан Қайыркен, Габриель Магуаир, Серікзат Дүйсенғазы, Дәулет­ке­рей Кәпұлы сынды бел­­гілі қоғам қайраткерлері мен ға­лымдар, студент-жастар қа­тыс­­ты.

Жиын модераторы Дихан Қамзабекұлы Мөденің мем­ле­кет­шілдігі мен елдің бір­тұтас­тығын қамтамасыз етудегі ай­қын ұстанымы жайында сөз қоз­ғай келе, тарих тудырған тұл­­ға­лардың атқарған істері мен ар­тына қалдырған өсиеттерін на­си­хат­тау маңызды екенін, осы ретте аталған «От пен су» ро­манының тың туынды екенін атап өтті.

– Автордың айтуына қара­ған­да, бұл – ұзақ жазылған ең­бек, көркем шығарма. Иман­ғазы Нұрахметұлының қалам­гер­­лік ерекшелігі ескі тілді, ғұн дәуірінің тілін, содан қалған жұқаналарын өте жақсы біледі. Сөздікпен жақсы жұмыс істеген, ескі мұралардан көргені көп. Қытай жылнамаларындағы де­рек­терді мүмкіндігінше қам­тып, айналымға түсірген. Тілі көркем, жатық, түсінікті жет­кі­зеді. Автордың мұндай тың тақырыпқа баруы қазақ тарихи романдарының негізін салушы Смағұл Сәдуақас, Ілияс Есенберлин замандарынан бү­гінге дейін жалғасып келе жат­қан сабақтастықты көрсетеді, – деген проректор туындының көпшілік қауымға аса қажет еңбек екендігін айта келіп, жи­нал­ған ғылыми қауым, ардагер­лер кеңесі атынан айрықша алғыс білдірді.

Қазақтың ақсақал ғалымы Мекемтас Мырзахметұлы атал­ған еңбектің тұңғыш рет басылып отырған терең туынды екенін айта келіп, тарихи мәсе­­лелерді зерттеуде мұрағат қор­­ларындағы тың деректерге қалам тартқан жазушының шы­ғармашылық ізденіс жолын­да­ғы табандылығына айрықша ықылас-пейілін жеткізді. «Бұл – ерекше тақырып, себебі біз тарихқа бара алмадық. Кеңестік идеология шеңберінен шыға алмадық. Тұңғыш рет басталып отырған терең тарихтардың бірі деп қараймыз. Иманғазы менің қолымда тәрбиеленді. Ол аспирантурада оқып жүргенінде-ақ кемелдігін байқатқан. Мөде қаған туралы орысшасы бар, басқасы бар аздап естігеніміз бар еді. Бірақ Мөдеге ешкім тереңдеп бара алған жоқ. Бастамасы өте жақсы, автордың сөз саптауы ерекше», деген профессор тари­хи туындының жанрлық ерек­ше­лігі жайында айта келіп, тео­риялық байлам жасалып, таным елегінен өткізілуі тиіс еңбек екенін жеткізді.

Қаламгер Иманғазы Нұрах­метұлы «От пен су» роман эпопеясының алғашқы кіта­бына Мөде Түменұлының ба­ла­лық шағында бастан кешкен оқиғаларды арқау еткен. Жасөспірім Мөденің мәжбүрлі түрде жүз ұлысына аманатқа баруы, Сәндебіл қаласындағы өмірі мен жат жердегі жан ауыр­­­­тар ахуалдан қалай азат бол­­­ғандығы, билеуші топтар ара­­сындағы тартыс-тайталас әсер­лері нанымды суреттелген. Оқыр­ман­ды байырғы дәуірге, көне дүниеге тап болғандай ерек­ше әсерге бөлейтін тамаша туынды жұртшылық жүрегіне жол табады деген сенімдеміз. Аталған роман ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Ғұн мемлекетінің құрылғанына 2230 жыл толуына орай және түркі дүниесі мұ­ра­ларын кешенді зерттеп отырған Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналып отыр. Автор Иманғазы Нұрахметұлын аз-кем әңгімеге тартып, түркі жұртының тұғырлы тұлғасын арқау еткен еңбектің жазылу барысы жайында сұрадық.

– Романның негізгі ерек­ше­лі­гі мен зерттеу тақы­ры­бы­ның өзек­тілігі неде?

– Халық қашанда өзінің та­ри­хын білуі тиіс. Тарих тағы­лы­мынан сабақ алған халық ке­ле­шегіне соншалықты сенімді болады. Ал тарихын білмеген халық тамырсыз ағаш секілді. 1988 жылдан бастап осы романға байланысты материалдар жинай бастадым. Содан бері жазып келемін, ескі тақырып, дерек аз. Ұзақ уақыт жазуға тура келді. Жет­пеген тұстары да болуы керек, десе де қолда бар деректер негізінде жазып шықтым.

– Ізденіс барысында қандай дерек­көздерді басшылыққа ал­дыңыз?

– Мұндағы мен пайдаланған архивтер мен деректердің көбі Қытай жылнамаларында қал­ған. Атап айтқанда бұрынғы, кейінгі «Ханнаманың» ғұндар тарауын­да сақталған деректер, халық өмірінде сақталған, көнеден жал­­­ғасып келе жатқан этно­гра­фия­лық әңгімелер, сондай-ақ Тәңіршілдікке қатысты түркі халық­тарының өмірінде сақтал­ған діни сенімдері негіз етілді.

– Ал ауызекі әңгімелерді қалай жинастыра алдыңыз?

– Оны бұрынғы көне көздер­ден сұрастырып, ел арасынан жинастыруға тура келді. Ішінара жазы­лып қалғандары да бар. Өзіміздің Ш.Уәлиханов, Б.База­ровтың жазған еңбектерін ай­туға болады. Бүгінгі тәңір­шіл­дік дініне сенеміз деп жүрген туысқан халықтардың дүние­та­нымдық құндылықтары мен құлшылықтары кірістірілді. Әрине, олардың тәңіршілдігі баяғы сенім емес, буддизм мен хрис­тиан дінімен араласып кеткен. Біздің ислам дінімен аста­сып кеткен салт-дәстүріміз секілді. Арасында қанша жерден ислам дінімен араласқан күнде де біршама таза сақталған қазақ ара­сындағы тәңіршілдік деп ай­туға болады.

– Мөде қағанның біздің та­ри­­­­хымыздағы маңызы ту­ра­сын­­­да қысқаша айтып өт­сеңіз.

– Мөде қаған біздің ғана емес, жалпы түркілердің тарихындағы өте маңызды тұлға. 26 тайпаның басын қосып үлкен империя құрған. Бұл кітаптың ерекшелігі бір жағынан Мөде қағанның өмірі, екінші жағынан көне түркі этнографиясы, көне сенімі, салт-дәстүрін толық қамтиды. Оқиғалар, адамдар арасындағы қа­рым-қатынастың түрлері, ерек­ше­ліктері қамтылған. Ескіден қал­ған сөздерді жандандырып, тіріл­тіп пайдаланған болдық. Кітап 500 данамен ғана жарық көр­ді. Алдағы уақытта қайтадан шы­ғарып, сатылымға қоямыз деп ойлаймын.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»