Генерал-майор Б.Байтасовты көрген, қызметтес болған жандар киелі Түркістан жерінен түлеп ұшқан азаматтың жоғары адамгершілік пен биік парасат иесі екенін айтады. Ол даңқты бабаларымыздың бірі Телқожа батырдың ұрпағы болса, қайдан осал болсын.
Генерал-майор, саңлақ сардар, Кеңес дәуіріндегі шекарашы офицер кадрлардың арасынан қазақтан генералдық дәрежеге бірінші болып көтерілген Б.Байтасовтың шекара соқпағына түсу тарихы, осы салада атқарған қызметі – тәуелсіз еліміздің қасиетті шекарасын қырағылықпен күзетуді өз мойындарына алған бүгінгі жас патриоттарға таптырмас үлгі, өлшеусіз өнеге.
Осы тұста кезінде Баһадүрбек Байтасовпен арнайы кездесіп сұхбаттасқан, генералдың дауысын таспаға жазып алған Шекара қызметінің сардары, 1994 жылы шекарашылардың төл басылымы «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетінің қазақ редакциясын ашып, ұзақ жылдар бойы басқарған,
отставкідегі полковник Сағидолла Сиқымбайұлының генерал Б.Байтасов туралы «Баһадүр десе дегендей» атты очеркінен үзінді келтірсек. Онда генерал өзінің өткен өмір жолы туралы былай дейді:
«... – Ең алғаш соғысқа кіргенім 1942 жылдың қыс айы еді. Оңтүстік-Батыс майданының құрамындағы 224-батальонда зеңбірекші болып зұлым жауға қарсы бірнеше ұрысқа қатыстым. Оңтүстік-Батыс майданында болдым, кейінірек Украинаны азат етуге атсалыстым. Сталинград майданында зеңбірекшілер бөлімшесінің командирі лауазымына дейін жетіп, қалаға кірмек болып жанталасқан жау танкілерінің жолын бөгедім. Майдандағы ерліктерім үшін І дәрежелі «Отан соғысы» және Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталдым.
1944 жылы 23 жастағы Баһадүрбек Байтасовқа таңдаулы сержант ретінде шекарашы офицерлерді даярлайтын оқу орнына жолдама береді. Себебі бұл кезде Кеңес әскерлері күш алып, неміс-фашист басқыншыларын кері тықсыруға кіріскен болатын. Сондықтан жоғары басшылық шекара шегендеуді қайтадан қолға ала бастаған еді. Ал киелі Түркістандағы көп балалы отбасынан шыққан Баһадүрбек болса бұл кезде баяғы балаң жігіт емес, әбден ысылған, қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп, талай жойқын жорықты артта қалдырған тәжірибелі жауынгер болатын. Оқу орны Ленинград қаласының маңында екен».
Осы оқу орнында екі жыл оқып, кіші лейтенант шенін алғаннан кейін 1946 жылы жолдамамен Өзбекстанның Термез қаласында тұрған шекара отрядына жіберіледі. Міне, осы жерде жас офицер өзінің болашақ жары Фарида Зинатуллақызымен кездеседі. Бұл 1947 жыл болатын. Бірін-бірі алғаш көргеннен-ақ бірден ұнатып қалған екі жас шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Араға көп салмай бас қосқан олардың бақытты шаңырағында дүние есігін алдымен қыздары Энжэ ашады. Одан кейін дүниеге Назия келеді.
– Біздің әкеміз өз отанына беріле қызмет етті. Анам – Татарстанның Қазан қаласында туған Фарида Зинатуллақызы әкеме барынша қолдау білдіріп, адал серік болды. Анам өзінің еріне деген махаббаты мен адалдығын осылай көрсете білді деп ойлаймын, – дейді генералдың үлкен қызы Энжэ апай. – Әкем туралы естеліктер санамызда жиі жаңғырады. Солардың бірін айтайын. Термездегі шекара отрядының заставасына жіберілген әкем Мәскеудегі Жоғары әскери институтқа жолдама берілгенге дейін осында түрлі лауазымдар атқарды. Ол өзінің әскери лауазымына қарамастан шекарашылардың мініс аттарына деп жасалған қораның бір шетін үйге айналдырды. Біз сонда тұрдық... Бұл жерде біз жалғыз тұрған жоқ едік. Анамның туған бауыры Масгуд та өзінің отбасымен бірге тұрды. Уақыт өте келе қызмет баспалдақтарынан сәтті көтеріліп, біздің әкеміз секілді иығына генерал-майор шенін таққан сол нағашы ағамыз бен біздің әкемізді көзкөргендер «Атқорадан шыққан екі генерал» деп әзілдейтін...
1950 жыл. Мәскеу қаласында Баһадүрбек Байтасұлына МҚК Әскери институтын ылғи «беске» оқығаны үшін осында оқытушылық қызметке қалуға ұсыныс жасалады. Бірақ қазақтың ер көңілді, өжет ұлы Мәскеудегі жайлы өмір мен қызМетті емес, шекара қорғау ісін таңдайды. Жас түлек Қырғыз еліндегі шекара отрядына жіберіледі. Сөйтіп, біздің кейіпкеріміз Қазақстанға тек алты жылдан соң ғана оралады.
1960 жылы Шығыс шекара округі Бақты шекара отряды бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығы болып тағайындалған кезде ол майор шенінде болатын. Ал майордың штаб бастығы болуы ол кезде өте сирек кездесетін. Бұл Баһадүрбек Байтасовқа деген сенімнің жоғары болғанын көрсетсе керек.
– Әкеміз үйге біз ұйықтап жатқанда келіп, қызметіне де біз ұйықтап жатқанда кететін. Әкемізді сирек көретінбіз. Тағы бір есімде қалғаны, біз тұрған Бақты ауылында жалғыз орталық көше бар еді. Әкем қызмет атқарған шекара отряды осы көшенің сол қапталында болатын. Сосын біздің ауылға ең жақын тұрған «Шағанақ» шекара заставасына бірнеше мәрте барғанымыз есімде сақталып қалыпты, – дейді Энжэ апай.
Ал Зайсан шекара отрядындағы 6 жыл болашақ генерал-майор Б.Байтасов үшін елеусіз өткен жоқ еді. Негізі, 2024 жылы өзінің ғасырлық тойын тойлайтын Зайсан шекара отрядынан иығына генерал шенін таққан тамаша адамдардың шыққанын айтуымыз керек. Дегенмен, осынау жоғары шенділердің көшін Баһадүрбек Байтасовтың бастап тұрғанын қадап тұрып айтқымыз келеді.
Кезінде әскери бөлімнің бастығы болып тағайындалған подполковник Б.Байтасовтың арқасында аталған бөлім жоғары жауынгерлік қызметі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған. Б.Байтасовтың кеудесіне «КСРО-ның Құрметті чекисі» белгісі тағылған.
Шекара аймағының жергілікті тұрғындарының арасында шекарашылардың беделі биік болатын. Әсіресе балалар үшін... Мектеп бітірген әрбір екі ұлдың бірі шекарашы болуға ұмтылар еді. Ал осының барлығы Зайсан шекара отрядын алты жыл басқарған Баһадүрбек Байтасовтың кезінде көбірек орын алған-ды. Зайсандық оқушылар «Мен Байтасовтай болғым келеді» деп шығарма жазатын...
Тәртіпті, тиянақтылықты ұнататын, өзінің қарамағындағы әрбір шекарашының тағдырына өзін жауапты санайтын сардар Б.Байтасовтың Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасы үшін жасаған тамаша жақсылықтарының бірі – офицерлер құрамына арналған көпқабатты тұрғын үйдің салынуына мұрындық болғаны еді. Баспана тауқыметін тартудай-ақ тартып келген шекарашылардың бірнеше қабатты, ішіне барлық жағдай жасалған су жаңа пәтерлерге көшіп кіруі әскери бөлімнің тарихындағы дара оқиға-тұғын.
Зайсан шекара отрядынан кейін Шығыс шекара округінде жоғары басшылық қызмет атқарған полковник Б.Байтасовқа 1972 жылы генерал-майор атағы берілді. Міне, осылайша Баһадүрбек Байтасұлы қазақтан бірінші шыққан шекарашы генерал атанып еді.
Сол жылы ол ДОСААФ (КСРО-ның әуе және флот, әскери салаға жәрдемдесетін еріктілер қоғамы) Орталық комитетінің төрағасы болып тағайындалады да, осы лауазымды тұп-тура 16 жыл үзіліссіз атқарады. Сөйтіп, үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Александр Покрышкиннің қол астында қызмет атқарған Баһадүрбек Байтасұлы аты аңызға айналған қаншама адаммен бірге қызмет істеді, көптеген ұшқыш-спортшыны, парашют, мотоцикл және автокөлік спортының шеберлерін тәрбиеледі. Ол басқарған ДОСААФ-тың арқасында ұшқыш-ғарышкер, Халық Қаһарманы, Ресей батыры генерал-лейтенант Талғат Мұсабаевтың «ғарышқа жолдама» алғанын да айтпай кетуге болмайды. Осылайша, біздің абзал ағамыз ұландарды тәрбиелеуде ұлағатты істер атқарды.
– Әкеміз өте көп оқитын. Философия, тарих туралы кітаптар қызықтыратын, – дейді генералдың кіші қызы Назия апай. – Ол өмірде қарапайым жан болатын. Ал атқарылар шаруаға келгенде жанын салатын. Әскер саласындағы көп жылғы қызметінен кейін еңбек демалысына шыққаннан соң да қол қусырып отырған жоқ. Өйткені бос отыру әкем үшін жат тірлік еді. Сондықтан 1987 жылы Бүкілодақтық соғыс ардагерлер кеңесінің және Қазақ КСР Еңбек және соғыс ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі бола отырып, Соғыс ардагерлері кеңесінің алматылық секциясын басқарды. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде демократиялық жолмен таңдалған алғашқы депутаттардың бірі болғанын да мақтанышпен айтқым келеді... Халық қалаулысы атанған ол сол жылдары атақты Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза сынды ел азаматтарымен қатар тәуелсіз елдің қалыптасуы жолында еңбек етті.
Генерал-майор Баһадүрбек Байтасұлының Алматыда өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған, Алматы және бүгінде облыс орталығына айналған Түркістан қалаларында Баһадүрбек Байтасұлының атындағы көшелер бар. Сондай-ақ киелі Түркістандағы әскери-техникалық мектепке арда туған азаматтың есімі берілген. Дегенмен, шекарашының отбасында дүниеге келген, медицина ғылымдарының докторы, профессор Назия Баһадүрбекқызы әкесінің, яғни ширек ғасырлық ғұмырын шекара қорғау қызметіне арнаған, алдымен Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің шекарасында қызмет еткен, кейін туған еліне оралған, еліміздің Бақты шекара отрядының штабын, мұнан кейін Зайсан шекара отрядын басқарған кездері шекара тыныштығы үшін келелі істер тындырған генерал-майор Баһадүрбек Байтасовтың есімі одан әрі лайықты деңгейде ұлықтала түссе дейді. Ендеше, Назия Баһадүрбекқызы айтпақшы, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш шекарашы генералдың атын шекара бөлімшелердің біріне неге бермеске?! Бұл қашан көзі жұмылғанша ұлағатты ұрпақ, отаншыл жауынгер тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғаға халқымыздың, оның ішінде тәуелсіз Қазақстан шекарашыларының көрсеткен шексіз құрметі болар еді.
Қорыта айтқанда Отанына адал қызмет еткен батыр ұлдың есімі, өмір жолы халық жадында сақталып қалуы тиіс. Әсіресе жас буын шекарашылар өмірден өткен асыл азаматтың шекара үшін сіңірген еңбегінен үлгі-өнеге алып өссе, қанеки.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің
запастағы подполковнигі