Бокс • 24 Ақпан, 2021

Болгарияда бақ сынауда

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Болгарияның астанасы – Софияда бокстан дәстүрлі Странджа турнирі өтіп жатыр. Айтулы додада Қазақстанның да былғары қолғап шеберлері өнер көрсетуде.

Болгарияда бақ сынауда

Жарысты жерлестеріміз жап-жақсы бастаған еді. Тұсаукесер кездесуінде 63 кило салмақтағы Саматәлі Төлтаев түркиялық Мезам Ақкөлден айласын асырса, 51 кило салмақтағы Назым Қызайбай марокколық Рабабы Чеддарды шаң қаптырды. Екі боксшымыздың да өнері мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Алайда олардан кейін шаршы алаңға шыққан былғары қолғап шеберлеріміз сенім үдесінен шыға алмады. Атап айтсақ, 60 кило салмақтағы Рима Волосенко америкалық Рашида Эллиске, ал 52 кило салмақтағы Олжас Байниязов үндістандық Деепак Кумарға жол берді.

Сондай-ақ алдағы күндері біз ерлер арасында Бейбарыс Жексен, Қуан Қуатов, Нұрқанат Райыс, Бауыржан Байгоншеков, Сағындық Тоғымбай, Айболды Дәуренұлы және Әділ Басығараевтың өнерін тамашалаймыз. Ал әйелдер сайысында Ангелина Лукас, Владислава Кухта, Карина Ибрагимова, Вален­тина Хальзова және Надежда Рябец қолғап түйістіреді.