Күні кеше ғана Самараның «Крылья Советов» клубының жейдесін киген Абат Айымбетов өзінің әріптестері Иван Сергеев және Никита Черновпен бірге екінші және төртінші орындарды өзара бөлісуде. Немістердің Transfermarkt порталы ұсынған мәліметке сүйенсек, олардың әрқайсысы 1,5 млн еуроға бағаланып отыр. Ал бұл көшті айтулы клубтың тағы бір ойыншысы Антон Зиньковский бастап тұр. Оның трансферлік құны – 2,5 млн еуро. Үздік бестікті «Оренбургтің» жартылай қорғаушысы Александр Нойок (1,1 млн еуро) қорытындылады.
Абат Айымбетов 25 жаста. Ол Қызылорданың тумасы. Спорттық жолын «Ақтөбе» клубында бастаған қандасымыз былтырғы маусымды Алматының «Қайратында» өткізіп, 20 кездесуде 10 гол соқты. 2019 жылы Қазақстанның ұлттық құрамасының жейдесін киді. Республикамыздың бас командасы сапында 12 рет жасыл алаңға шығып, екі голдың авторы атанды.