Хоккей • 24 Ақпан, 2021

«Барыс» овертаймда ұтылды

131 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Қазанда өткізген Нұр-Сұлтанның «Барысы» жергілікті «Ақ Барс» клубына овертаймда есе жіберді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Барыс» овертаймда ұтылды

Бастапқыда қос команда алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, біразға дейін бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Тек бірінші кезеңнің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Кертис Волк есе ашты. Үзілістен кейін де шиеленісті тартыс өз жалғасын тапты. Бұл жолы да «Барыстың» бағы жанып, 32-минутта екінші шайбаны торға тоғытты. Бұл голдың авторы – Даррен Диц. Десек те 35-минутта Виктор Тихонов есеп айырмашылығын қысқартса, үшінші кезеңнің бел ортасында Дмитрий Юдин таразы басын теңестіріп кетті. Арада бір минут өтпей жатып жерлестеріміз қайта алға шықты. Линус Виделльден пас алған Фил Вароне нысананы дәл көздеді. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. 53-минутта Кирилл Петров мергендік танытты. Осылайша, ойын овертаймға ұласты. Ал қосымша уақытта айдын иелерінің асығы алшысынан түсті. Жеңіс шайбасын Артем Галимов соқты. Есеп – 4:3.

Қоржынында 67 ұпайы бар «Барыс» қазір Шығыс дивизионында алтыншы орында келеді. Енді тұрақты біріншілікте жерлестеріміз екі кездесу ғана өткізеді: 25 ақпанда Қытайдың «Куньлунь» және 27 ақпанда Омбының «Авангард» клубтарына қарсы ойнаймыз.