Қазақстан • 26 Ақпан, 2021

Мақтанышым мен сағынышым

957 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Туып-өскен жердің, достар мен жақындардың, етене таныс салт-дәстүрлердің қаншалықты ыстық екенін туған елден жыраққа кеткенде түсінетінің заңды.

Мақтанышым мен сағынышым

2017 жылдың қыркүйегінде өмірімдегі ең үлкен шешімдердің бірін қабылдап, кішкентай қызым­мен бірге Германияға қоныс аудардым. Сөйтіп өзім Ақтөбе қаласында туып-өскен этностық неміс болғандықтан, тарихи отаныма көшу мүмкіндігін пай­далануға бел будым. Бірақ арада үш жыл өтсе де жаңа жерге то­лы­­ғымен үйренісіп кеттім дей ал­­маймын. Туған жерімде анам, дос­тарым, жақындарым мен әріп­тес­терім қалды. Оларды қимай кеткенімді жасырмаймын, жиі хабарласып, хал-жағдайларын сұрап тұрамын. Осы уақыт аралығында бір рет қонаққа келіп кеттім.

Қазір арнайы курста неміс тілін оқып жүрмін, қызым балабақшаға барады. Мамандығым бойынша есепшімін, экономикалық білі­мім бар. Алдағы уақытта өз маман­ды­ғым бойынша жұмысқа орналасу­ды көздеймін. Неміс тілін жоғары деңгейде меңгеру үшін тіл курсына барып жүруімнің себебі де осы. Осыған дейін жат болып келген қоғамға бірден сіңісіп кету­дің қан­шалықты қиын екенін өз ба­­сым­­­нан өткердім. Туған жерге де­ген са­ғы­нышты мен секілді шет­е­л­ге көшкен барлық отандасым бі­ле­ді деп ойлаймын. Елде қал­­ған жа­қындарым мен достары­ма хабар­лас­қан сайын ыстық лебі­зім­ді жет­кізіп, алғыс айтудан шар­ша­­­май­­мын. Сол ортада өстік, өн­дік, өмір­­ге деген көзқарасымыз қа­лып­­тасып, құндылықтарымыз айқындалды.

Қазақстандық немістердің туған жеріне деген сезімі ерекше. Оны әлеуметтік желілерде жиі бай­қаймыз. Бір видеода Қазақ­станда туып, тарихи отаны­на қоныс аударған азамат Шәм­шінің әнін орындаса, екін­ші­сінде Германияда өтіп жат­қан қазақы тойды көріп таңдана­сың. Бұл басқосуларда туған жерін сағынған немістер кез кел­ген мерейтойда қазақша той ән­деріне билеп, қосылып шыр­қап жатады. Тіпті ет асып, қазақы дастарқан жаяды. Бұл туған жерге деген сағыныш емей неме­не? Қазақстанда мұның бар­лы­ғы күнделікті тұрмыстың бір бө­лігі болғанымен, жырақта жү­ріп әр дәстүрді үлкен мерекедей қабылдайсың. Кезінде Қазақ елі жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерін сыртқа теп­пей, аса бауырмалдықпен қа­был алды, баспанасын, асын бөліп берді. Бұл жақсылық еш­қашан ұмытылмайды. Біз қазақы дәстүрді бойымызға сақтап, сыртта жүрсек те бір сәтке естен шы­ғар­маймыз. Бұл құндылықты осын­да дүниеге келген бала-шаға­мызға толығымен бере алмасақ та, Қазақстан туралы жылы есте­ліктер мен әңгіме дастарқан үстін­де әлі айтылып келеді.

Қазір Германияның оңтүстік-батысындағы ескі қалалардың бірі – Ульмде тұрып жатырмын. Жүз мыңға жуық тұрғыны бар ша­ғын қала. Өзім туып-өс­кен Ақтө­бемен салыстырғанда әл­де­­қай­да кішкентай. Жергілікті тұр­ғын­дармен Қазақстандағыдай ар­қа-жарқа араласып кете алған жоқ­пыз. Оның үстіне пандемия кезін­де үйде отырып, онлайн оқып, сырт­қа шығудан қалдық. Жа­қын­да басталған жаппай вакциналаудан кейін жағдай өзгереді деп үміт­тенемін. Шекаралар ашылып, бұ­рынғыдай еркін саяхаттау мүм­кін болса, Қазақстандағы жақын­да­ры­ма тағы да барып қайтқым келеді.

Осыған дейін талай рет Қазақ­стан­нан Германияға қоныс аудар­ған немістер мемлекетара­лық бай­ланысқа да көпір болып отыр дегенд­і естігенмін. Олардың дос­тық пен әріптестіктің буынын бекі­ту­ге қолдарынан келгенше атс­а­лы­сып жүргені сөзсіз. Тіпті олар­ды Қазақ­станның өзіндік бір бет-бей­несі деуге де болады. Өйт­кені Гер­мания тұрғындары біз ар­қылы Қазақстан жайлы ақпарат алады. Неміс тілі сабақтарында өзім туралы, туып-өскен өлке жай­лы жиі айтамын. Қазақ елінің қай­да орналасқанын білмейтін дос­­тарым оның тарихы мен мәде­­ниетіне қызығып әрі қарай сұрас­тырып жатады. Мұндайда Қазақ­стан жайлы әңгімелеп отыр­ғанымда кеудемді мақтаныш пен сағыныш сезімі кернейді. Мұн­да қазақ­тың тамаша әншісі Ди­маш Құ­дай­бергеновті сүйіп тың­дай­тын­­дар да аз емес. Оның менің ту­ған қалам – Ақтөбеден екенін айтып, жер­лесім үшін төбем көкке жетеді.

Осы ретте бізге пана болып, жақ­­сылығын аямаған, жақын дос­тар сыйлап, өмірлік дүние­­таны­мымызды қалыптастырған туып-өскен Қазақстаныма, жүзден ас­там ұлт өкілінің бастарын бі­рік­­тіріп, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүрулеріне тең мүм­­кіндік туғызған Елбасына шын жүректен алғыс айтамын.

 

Марина Вольф,

Германияның Ульм қаласының тұрғыны