Қоғам • 26 Ақпан, 2021

Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылы Қазақстанда көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы қызмет қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер бойынша кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Еңбекминінің орталық аппараты мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, халықаралық ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері және басқалар қатысты.

Министр өз сөзінде этникалық көші-қонды ынталандыру шеңберінде 2020 жылы республикаға 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мың этникалық қазақ келгенін, оның ішінде 396 қандас отбасы қабылдау өңірлерінде (ШҚО, СҚО, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) қоныстанғанын хабарлады.

Ел экономикасын білікті шетелдік мамандармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. 2020 жылы бөлінген квота шеңберінде жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға 17,3 мың рұқсат берді. Қазақстандық қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып, ағымдағы жылға квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31%-ды құрады.

Қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру мақсатында өткен жылы заңнамаға елге келетін қоныс аударушылар мен этникалық репатрианттарға қолайлы жағдайлар жасауды; шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілердің шетелдік білікті қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен алмастыру жөніндегі міндеттемелерін көздейтін түзетулер енгізілді.

«Көші-қон қатынастарын одан әрі дамыту шеңберінде 2021 жылы үш негізгі міндет айқындалды. Біріншісі – Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Екіншісі – қазақстандық қызметкерлерді шетелде жұмысқа орналастыру және құқықтық қорғау бөлігінде тиісті жүйені енгізу. Үшіншісі – кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету кемінде 97% деңгейінде сақталады», – деді Серік Шәпкенов.