30 Желтоқсан, 2013

Елімізде бие сүтін өңдейтін ғылыми-зерттеу институты ашылады

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

30 12-KimizЕлімізде бие сүтін өңдейтін ғылыми-зерттеу институтын ашу жоспарлануда. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.

Бұл бастама Қазақстан мен Германияның бірлескен жобасы арқылы жүзеге асырылғалы отыр. Осы мәселеге байланысты Берлинде екіжақты кездесу өткізілді. Жиын барысында ұлттық сусынымызды неміс кәсіпкерінің патенттемегені мәлім болды. Тек KUMUS деген атаумен неміс тауары ретінде тіркелген. Ал патент мәселесін келер жылы ашылатын институт шешетін болады.

Біздің қымызымызға неліктен олар қызығушылық танытты? Оның мәнісі мынада екен. Германиядағы кәсіпкер Ганс Цольманның атасы қандасымыздың айтуымен қымыз ішіп, туберкулез ауруынан сауыққан.

«Қымыздың отаны Қазақстан екенін әлем біледі. Оны шығарып келе жатқаныма 20 жыл болды. Менің 3 қызым, 7 немерем бар. Барлығымыз отбасымызбен осы шипалы сусынды пайдаланамыз. Сондықтан менің қазақ еліне алғысым шексіз және қымызды өңдеу мен сақтаудың әдіс-тәсілдерімен бөлісуге қашан да дайынмын. Біз қазақстандық әріптестермен Алматыда қымызды бірлесіп зерттейміз деп шештік», - дейді кәсіпкер Ганс Цольман.

Бірнеше жыл бұрын бұл кәсіпкер «Болашақ» бағдарламасымен Германияның Штутгарт қаласында жылқы шаруашылығының экономикасы бойынша білім алып жүрген қазақстандық жас ғалым Айтуған Мұқашевпен кездеседі. Сол кезде қымыз өндірудің тәсілі жөнінде ой бөліседі. Сонда жерлесіміз бұл өнімді экспортқа шығару керектігін айтыпты. «Қымызды зерттеу 50 жылдардың басы мен 80 жылдардың ортасына дейін жүргізілді. Бірақ, Германияда бұл тұрғыда тәжірибе мол. Оны бізге 5 жылдың ішінде үйреніп алуға болады. Оның үстіне бізде бие өрісте жайылады. Сондықтан біздің қымыз дәмі мен табиғилығы жағынан асып түседі. Қазір ғалымдар еуропалық әдісті қолдана отыра, қымызды әлемге танымал етуге ниетті», - дейді А. Мұқашев.

Келер жылы ашылуы жоспарланған институтта жылқы шараушылығына мамандар даярлау мәселесі қолға алынады. Осы жерден қымызға сертификат беру де шешімін табатын болады.

«Қазір 200-ге жуық сауын бием бар. Қазақстандықтар үшін бұл көп емес шығар, бірақ менде бұдан артық өсіретін жерім де жоқ. Күн сайынғы 600 литр қымыздың 100 литрі ғана сатылады. Сондықтан маған қымыздың өзге де қасиеттерін терең білген артық емес. Қымыз құрамын зерттейтін ғылыми институт ашылса, отандық өнімнің өрісі кеңейері сөзсіз», - дейді Г. Цольман.

Бақытбек Кенешұлы.

Дереккөз: «24 kz»

Фото: «24 kz».

Соңғы жаңалықтар