Жүз жыл жасаған ақын жүректің мәңгілікке бет бұрған ғибратты ғұмырын ұлағат тұтқан ұрпақтары өткен жұмада елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратында тұлға есімін ұлықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, оның мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету қолға алынды. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік комиссия да құрылды. Тұлға тойын дайындау және өткізу жөніндегі 25 ақпан күні өткен мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында мерейтойлық іс-шаралардың жалпы республикалық жоспары бекітілді. Нәтижесінде, комиссия шешімімен Жамбыл жылы аясында бүкіл ел бойынша 500-ден астам әлеуметтік-мәдени, ағартушылық, ғылыми және білім беру жобасы іске асырылатын болады. Бұдан бөлек, ақын өмірінен фильмдер түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу сынды жұмыстар атқару көзделіп отыр. Ақын мерейтойына арналған іс-шаралар республикамыздың барлық өңірлерінде және шетелде жыл бойы өткізіледі. Бұл жүйелі жоспардың сөзсіз, ұлы тұлғаның бірегей мұрасын терең ұғынуға, оны замандастарымыз бен жастарға насихаттауға және ақын шығармаларының үлкен сұранысқа ие болуына ықпал етері анық.
Осыған орай, алып ақынның туған күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мерейтойдың мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткен мерейтойлық жылдың салтанатты жиынына қатысып, ақын тойын ресми түрде ашып берді. Ғибратты кешке, сондай-ақ мәдениет және ғылым қайраткерлерімен бірге Алматы және Жамбыл облыстарынан келген делегация өкілдері қатысты.
Мерекелік кештің қонақтары жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражайының экспозициясымен танысты. Жылжымалы көрмені Алматыдан арнайы бастап келген музейдің қор сақтаушысы, ақынның шөбересі Қарлығаш Тезекбаева жыр алыбына тиесілі жәдігерлер жайлы жалпы мағлұмат беріп өтті:
– Музей қорында жалпы саны 3 278 жәдігер бар. Оның ішіндегі 2 566-сы құнды заттар, яғни атамыздың өзінің киген киімдері мен тұтынған заттары. Жәдігерлер арасында атаның көзі тірісінде пайдаланған киім-кешек, бөрік, шапандарынан бастап, домбыра, белбеу, аяқ киім, ыдыс-аяқ пен жалпы саусақ табы қалған дүниелері толығымен топтастырылып, сол қалпында өңі бұзылмай сақталған. Бұл жәдігерлердің алдағы уақытта да жас ұрпақ үшін ұзақ қызмет етуі жолында еңбек ете береміз, – дейді асылдың сынығы.
Қарлығаш Бейбітханқызының айтуынша, ақын мұрасы толықтай жинақталған жылжымалы көрмені еліміздің түкпір-түкпірінен шақырушылардың қатары көп екен. Биылғы мерейтой аясында айтулы жәдігерлер жер-жерлерді аралап, әр облыстың аумағында жүйелі насихатталатын болса, Жамбыл жолын танығысы, білгісі келетін ұрпаққа тамаша тағылым, ғұмырлық ғибрат болары сөзсіз.
Мерекелік шара одан әрі «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Мазмұнды кешті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақын мерейтойына арналған баяндамамен ашты. Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының сындарлы кезеңінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымыздың ұлы ақындары Абай мен Жамбылдың 150 жылдығын лайықты атап өту туралы шешім қабылдап, мерейтойларға ерекше мәртебе мен маңыз берген ширек ғасыр бұрынғы тарихи сәтті еске салып өткен министр одан арғы сөзінде болашақ ұрпақ үшін рухани қазынаны сақтау және ізгіліктің сан ғасырлық идеяларын бүкіл әлемге жеткізудің үлкен жауапкершілігі ұлтымызға жүктелгенін тілге тиек етті. Ақтоты Райымқұлова қазақ руханиятының қос алыбы Абай мен Жамбылдың әр мерейтойы мемлекетіміздің мәртебелі белестерінің межесі екенін атап өтті.
– Жамбыл Жабаевтың биылғы мерейтойында айтулы ақынның өмірі мен шығармашылығын жалпы ұлт мақтанышы ретінде ғана қарастырмай, жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, патриотизм мен отансүйгіштікке тәрбиелеудің ықпалды құралына айналдыру межеленіп отыр. Жамбыл құдіреті, оның дүние дидарына жайылған даңқы дала төсіндегі дара дәстүрді паш етті. Тек өз тіліндегі тұма жырмен сусындап өскен ақынның табиғи таланты халық әдебиетін әлемдік деңгейге аспандатты. Бұл ерекшелікті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбылдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде: «Жамбыл сан ғасырлық ақпа-төкпе суырыпсалма ақындық өнердің, жыраулық дәстүрдің көшін ілгері апарып, осы заманға жеткізген және небір тарихи өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей-ақ жырлай білген заңғар құбылыс» деп айшықты да анық айтқан. Демек, Жамбыл жыры бізді далалық дәстүрлеріміздің жаңа замандарға да жақсы жарасатын қымбат қасиеттерін қадірлеуге, қастерлеуге үйрететін үлгі. Жамбыл поэзиясы өткен ғасырда да, жаңа ғасырда да небір сындардан өтіп, еркіндік сүйген өршіл халқының рухын көтеруде, ұлтымызбен бірге жасап келеді және мәңгілік жасай береді, – деді министр.
Ақтоты Рахметоллақызы мәлім еткендей, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің мерейтойымен тұспа-тұс келген тұлға тойы – тағылымды той. Сондықтан да бұл мазмұнды шараның негізгі идеясы мен мұраты, жалпы жыл бойы жұмсалатын барлық күш-жігер «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын одан әрі іске асыру, Ұлы даланың рухани мұрасын танымал ету және Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтарын нығайту жөніндегі ауқымды жұмысқа бағытталатын болады.
Салтанатты іс-шара одан әрі ұлтымыздың ұлы жырауының 175 жылдығына арналған мерекелік концертке ұласты. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Нұр-Сұлтан қалалық Жастар театры ұжымы мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры симфониялық оркестрінің әртістері көрермендерге «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған қойылым ұсынды. Ұлы ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда жыр дүлдүлінің атақты айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және тағы да басқа тағылымды туындылары орындалды. Әсіресе, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі мен Жастар театрының актері Жандәулет Батай жан бітіріп, сахнада жаңаша өмір сыйлаған Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы көрермен қошеметіне бөленіп, көпшілік көңілінен орын алды. Жамбыл рөлінде көрінген актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс ойыны, оның «Ленинградтық өренім!» өлеңін кемеліне келтіре жырлаған жүрек дірілі жиналған жұртшылықты бейжай қалдырмады.
Бұдан бөлек мерекелік бағдарламада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, Нұр-Сұлтан қалалық Жастар театрының, «Астана Балет» театрының әртістері, «Қорқыт» этно-ансамблінің, «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының, «Акак» қобызшылар ансамблінің (Қырғызстан) жеке орындаушылары өнер көрсетті. Атақты ақынның мерейтойына Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің әртістері, Nomad балалар хореографиялық ансамблі, «Вайнах» чешен-ингуш халық ансамблі және тағы басқа өнер ұжымдары мен талант иелері өз шығармаларын арнады.
«Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі – әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп жазады ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Жамбыл жырының, ақын тұлғасының ғаламат қасиеттері туралы тереңнен толғанып. Рас, Жамбыл жыры, оның жыраулық өнері – ұлтымыздың ұлы құндылығы. Кезінде жыр кемеңгерінің қырғыз халқының «Манасын», әзербайжанның «Көрұғлысын», қазақтың батырлар жырын, оның ішінде әсіресе «Қыз Жібек», «Өтеген батыр», «Сұраншы», «Саурық батыр» туралы дастандарының мыңдаған шумағын жаңылмай жырлағанын өз көзімен көрген көптеген шетелдік әдебиетшілер мұны дала феноменінің ғажайып қасиетіне теңеген. Көне жыр «Көрұғлыны» 15 кеш бойы жырлағанына куә болған зиялылар «бұл бас емес – халықтың архив сөзі» деп әділ бағасын бергендігі де ақын туралы естеліктерде жиі жазылып, жыр жолбарысының теңдессіз таланты мен феномен болмысы бүгінде аңыз болып айтылады. Жүз жыл жырлап, соңында өлмес рухани мұра мен өлшеусіз ұлағат қалдырған ұлы тұлғаның тағылымды өмір жолы жас ұрпақ үшін қашанда ғұмырлық ғибрат, өмірлік өнеге. Ендеше, Жамбыл жыры, Жамбыл жылы жырласын!