Еліміздегі әртүрлі қоғамдық-саяси ұйымдар мен мемлекеттік мекеме, кәсіпорындардың барлығы да осынау жауапты міндеттің биік деңгейінен көрінсе екен дейміз. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясына да жүктелер міндет пен артылар сенімнің жүгі аса ауқымды екені баршамызға аян.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы жыл басындағы санында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көп этностық сипатымызды артықшылыққа айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшының елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол», деп жазды.
Иә, тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, этносаралық ынтымағымызды нығайтқан да осы бірлігіміз екенін бүгінде бәріміз жақсы білеміз. Тәуелсіздігіміздің отыз жылы ішінде бірлігі жарасқан ел, достық пен ынтымаққа арқа сүйеген мемлекет ретінде әлем картасынан ойып тұрып орын алғанымыз төрткүл дүние мойындаған шындық.
Зер салып бағамдар болсақ, бірліктің де, ынтымақ пен татулықтың да негізінде адам мен адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластығы жатқан жоқ па! Соңғы жылдары елімізде атап өтіле бастаған Алғыс айту күні де осынау баға жетпес асыл қазынамыз татулығымызды нығайтуға, бірлігімізді бекемдеуге айтарлықтай септігін тигізе бастағаны ақиқат.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы бес жылдығына берген бағасында: «...Мұндай тағдыр жер бетіндегі халықтардың бәрінің маңдайына жазыла бермейді, қысқа ғана уақыт аралығында осыншама күрделі міндеттерді шешу де кез келген халықтың қолынан келмейді. Өзіміздің қуатты мемлекеттігімізді құра отырып, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап қалу ХХІ ғасырдың табалдырығындағы біздің міндетімізді осылай тұжырып айтуға болар еді», деген болатын. Бүгінде сан алуан күрделі міндеттерді халқымыздың ауызбіршілігі мен татулығының арқасында шешіп, мемлекеттік сарабдал шешімдер негізінде саяси тұрақтылығымызды сақтап отырғанымыз баршаға аян.
Жоғарыда сөз болған әйгілі мақаласында Мемлекет басшысы халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керектігін айта келіп, «Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп тұжырған еді. Бүгін бүкіл еліміз болып атап өтіп жатқан Алғыс айту күні де осындай құндылықтарымыздың ажырамас бөлшегі екені рас.
Халқын ортақ жеңістер мен берекелі игіліктерге бастайтын кез келген азаматтық қоғамның басты мақсаты – ел іргесінің шайқалмауы, ел-жұрт сенімінің сетінемеуі. Осы жолда өткенімізді дұрыс бағалап, тарихымыздан сабақ алып, нұрлы болашаққа қарышты қадам жасау әр қазақстандықтың азаматтық парызы. Мұндай қадам бүгінгідей бейбіт күнге жеткізген тағдырымызға алғыс айтудан басталғаны жөн деп білеміз.
Закиржан КУЗИЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары