Қоғам • 01 Наурыз, 2021

Бұл нағыз рухани камертон

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл алтыншы мәрте тамаша мерекені – Алғыс айту күнін атап өтіп отырмыз. Бұл – нағыз жарқын әрі рухани мейрам. Сондай-ақ осы ерекше күнді Қазақстан халқының бауырмалдығының, мейірімді жүрегіміздің, жан тазалығының айқын көрінісі дер едім. Тіпті нағыз рухани камертон десем, қателеспеймін.

Бұл нағыз рухани камертон

Алғыс айту күні Қазақстан халқы Ассамб­леясының құрылған күнімен бірге тойланады. Қазақстандағы ең жаңа мерекенің өз тарихы мен қолтаңбасы бар. Меніңше, бұл мейрам Қазақстан халқы Ассамблеясының туындысы іспетті. Осы президенттік институттың қабыр­ғасында Алғыс айту күнін тойлау жөнінде бас­тама көтерілген. ҚХА осы ерекше мерекенің пайда болуына зор үлес қосты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылғы 1 наурызда негізін қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясы рухани мектеп, тіпті академияға айналды. «Жақсы адам – өзгелерге көмектескен, қамқорлық танытқан адам» деген нақыл бар. Біз осыны күнделікті жасауымыз қажет. Алғыс айту күнімен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғастыру керек деп есептеймін.

Осы орайда, еліміздегі айрықша мейрамда барша қазақстандықтардың рухани асқақтап, жан-жүрегі тазаруын тілеймін. Дәл осы күні ең жылы сөз – «рахмет»-ті мыңдаған адамға айтайық. Ата-анамызға, бауырларымызға, достарымызға, туыстарымызға алғысымызды жеткізе берейік.

Антика дәуірінің әйгілі философы Демо­криттің «Біз достарымыздан көмек қана күтіп қоймаймыз, олардың қол созатынына сенім­ділікті де қажет етеміз», деген тамаша сөзі бар. Достарыңның жерге тастамайтынына сенімің барда, өмірдің мәні мен маңызы арта түседі.

Қазақстандықтарда ата-анасына, туған-туыстарына, достарына, бауырларына алғыс айтатын көптеген себеп бар. Бірақ ең басты рахмет – мейірбан, Құдайдың мейірі төгілген қазақ жеріне айтылуға тиіс. Оның өте толерантты, ғажайып тұрғындары – қазақ халқына айтуымыз қажет.

Біз бірегейлік туралы айтамыз. Ал Қазақстан қоғамының басты бірегейлігі – Алғыс айту күні. Аталған мереке қазақстандықтар рухани азық алатын, мемлекеттік құрылымымызды нығайтатын күнге айналып келеді.

Тіпті бұл мереке тек Қазақстанмен шектеліп қалмақ емес. Қазіргі таңда шетелдегі достарымыз да осы бір ерекше мейрамды тойлап, біздің елімізде өткізген ұмытылмас кездерін сағы­нышпен еске алып жүр.

 

Анатолий БАШМАКОВ,

ҚХА Кеңесінің мүшесі, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару

академиясы Солтүстік Қазақстан

облысы филиалының профессоры