Руханият • 01 Наурыз, 2021

Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының айнасы

205 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өлең сөздің дүлдүлі, жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы хақындағы зерттеулер бүгінде отандық ғылым саласы ғана емес, алыс-жақын шетел ғалымдарының да назарында. Жыр алыбының туғанына 175 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Жамбыл шығармалары – ұлт руханиятының айнасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияда халық жыршысының мұрасын зерттеу, насихаттауға байланысты ғалымдар ой қозғады.

Жамбыл мұрасы –  ұлт руханиятының айнасы

Конференцияны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов ашып, ақын шығармаларының жи­­нақталуы, жарыққа шығуы, насихатталуына қатысты институт қабырғасында өріс алған жұ­мыстар барысына тоқ­та­лып өтті. Ендігі мақсат – Жам­был­­дың шығармаларына жаңа көз­қа­распен қарау. Осы орайда инс­­титут ғалымдары ақынның мерей­тойына орай­ластырып Жамбыл Жабаев шығар­ма­ла­ры­ның академиялық толық жина­ғын шығаруды жоспарлап отыр.

«Қазақ жырауларының сар­қыны ре­тінде бүкіл шығар­ма­шы­лық ерекше­лік­терін бойы­на сіңірген дана жыршы – Жамбыл мұрасын тұтастай алып қарас­ты­ру қажеттігі тұр. Өз жырларын­да бүкіл батырлар­ды тү­ген­­­­деп шығуы Жам­былдың ха­­­­­лықтық ақын екенін, халық шы­­ғар­ма­шылығының қайнары еке­нін ай­қын­дай түседі. Сон­дық­тан да Жамбыл мұрасы клас­сикалық тұр­ғыдағы ақын-жы­рау­лардың айқын үлгісі ре­­тінде хал­қымызбен бірге жа­сай­ты­­нына ешқан­дай кү­мән бол­мауға тиіс», деп атап өтті Кен­жехан Матыжанов.

«Жамбылдың жыршылық дара өрісі қан­шалықты қайран қал­дырарлық тө­тен құбылыс болса, осындай сұрапыл жыр­шы­лық қазақтың ауызша әдебиет тари­хындағы соншалықты жоталы айғақ­тардың бірі болатын. Жамбылдың өз ау­зынан жазылып алынған сөз қазақ арасына рухани ізгілік себуде тарихи миссия атқарған авторлық ауызша әде­биет­тің төлтума, жалпыға тән және бір артықшылығын растай түседі», деп атап өтті Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғы­лы­ми қыз­меткері, филология ғы­лым­дарының докторы Қани­паш Мәдібай. Ғалым атап өт­кен­дей, жүз жасаған жыр жүй­­рігінің ғұмыр ғибраты тура­лы кеңістікке шы­ғып, кеңінен шолып сөйлеуге мүмкіндік туғы­затын елеулі деректік, дәйектік фак­тілер қорының жалпы қа­зақ әдебиетінің тарихындағы авторлық ауызша әдебиеттің дара негіздерін ұғы­нып, сіңіру, таныту ауқымындағы мәні айрықша.

Жамбыл шығармаларының 1938 жылдан Мажарстанда ғана емес, ма­жар қандастар тұра­тын елдерде – Словакияда, Юго­сла­вияда, Румынияда ауда­рылып, жарыққа шыққандағы тура­лы баяндаған Мадияр-Тұран қауым­дас­тығының үйлес­­ті­­ру­­шісі, тарих ғылым­да­ры­ның кан­­дидаты Бабақұмар Хинаят Жамбылдың 1946-1951 жыл­дары өте көп жарияланған та­ны­мал ақындар қата­рында бол­ған­дығына тоқ­талды. Ғалым­ның айтуынша, «Мажарстандағы түрлі антология, жинақтарда Жамбыл туындылары 1980 жыл­дар­ға дейін үзбей жарияланып келген. Университеттердің арнайы бағдарламалары мен энциклопедиялардан орын алып, ғылыми-зерттеу нысанына айналды. «Жамбыл шетел, Кеңес ақындарының ішінде ең көп жа­рияланған ақындардың қа­та­рында болды. Жамбыл мұ­расының арнайы ака­демиялық институтта зерттелуіне үл­кен үлес қосқан ғалым – академик Тренчени-Вальдапфель Имре. Ғалым ақын шығармаларын зерттеп, грек­тің анти­калық ақын­да­рымен, Гесиод зама­нын­дағы ақындармен шендестіріп, ортақ сипаттарын айтады».

Тіптен академик Тренчени-Вальдап­фель Имре Жамбыл шығар­ма­ларын зерттеу үшін қазақ тілін үйреніп, арнайы Алматыға келіп, ақын-жазушылармен, әдеби ортамен етене жақын бол­ғандығы, оқтын-оқтын насихаттап, көптеген шара өткізіп тұрған деген де деректер бар. Бірақ өткен ғасырдың 70-жылдары зерттеуші-ғалым қайтыс болғаннан кейін бұл шаралар біраз саябырсып қал­ған.

Жамбыл мұрасын жас­тар арасында насихаттаудың ма­ңыз­­­дылығына тоқ­тал­ған Абай атын­дағы ҚазҰПУ профес­соры, филология ғылымдарының докторы, «Жамбыл әлемі» газе­ті­нің бас редакторы Темірхан Тебегенов ақынның тол­ғау­ла­рын, айтыс, дас­тандарын мектептер мен жоғары оқу орын­дарының оқулықтарына енгізу, «Музыкалық мұра­сы» арнау­лы оқу құралын, Жамбыл­дың ақындық мектеп дәстүріне ар­нал­ған жинақтар, зерттеулерін жарыққа шығару мен таңдамалы шығармаларын әлем тілдеріне ауда­ру қажет деген ой түйеді. Осы орайда Жамбыл шығармаларын оқытуда рухани құндылықтарды қа­лып­тастыруға байланысты ой қоз­ғап, жастарға ұлттық тәр­бие берудегі маңыз­дылығына тоқ­талған Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық универ­ситетінің профессоры, филология ғылым­дарының кандидаты Болатхан Сарбасов «Жамбыл – айтыс­кер ақын ғана емес, абыз жырау, жауынгер жыршы. Ол шын ма­ғы­на­сындағы биік парасатты өнер­паз, азаматтық саяси поэзия­ны қалыптастырушы. Ақын  жы­­­­­раулардың байтақ эпикалық дәс­­­түрін, қазақ сөз өнеріндегі ға­жайып импровизациялық үр­дісті бүтіндей жаңа арнаға бұ­рып, оған жаңа мазмұн дарытты», деп атап өтті.

Ал Жамбылдың ақындық қызметінде айтыстың елеулі орын алғандығын баяндамасына арқау еткен Қырғыз-Қазақ университетінің Қазақстандағы филиалының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбайдың айтуынша, «Ол өзіне дейінгі ертеде өмір сүрген атақты жыраулардың, өзі­мен қатарлас айтулы ақын­дар мен жыршылардың мұра­сын, күллі халық поэзиясын то­­­лық меңгерген, өз шы­ғар­ма­шы­­лығына да негіз еткен. Жам­былды жыр даңғылы десек, оның басқа ақындармен сөз жарыстыруы иә қағысу ма­шықтары, иә болмаса дидарласа табысқан, та­ныс­қан өлеңдері де ел санасынан өшірілмей, қайта дәуір тол­қы­ны­мен жаңа арнаға құйылмағы хақ».

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғы­лыми қыз­мет­кері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Жамбыл мен Тоқтоғұлдың жауаптасуы» баяндамасына қазақ даласының ұлы жыршысы Жамбыл ақынның қырғыздың үлкен ақыны Тоқ­тоғұл Сатылғановпен адами дос­тығы және шығармашылық байланысын арқау етті. Ғалымның айтуынша, қырғыз елінде «Тоқ­то­ғұлтану» ғылымы жақсы жолға қойылған. Елінің ұлы ақыны жөнінде бүге-шігесіне дейін зерт­теліп, қатталып отырады екен. Осы тұста әдебиет­танушы ғалым Омор Сооро­новтың қолына түс­кен деректердің маңызы зор. Сондай құнды жазбалардың бі­рін­­де «Тоқтоғұлдың Жам­был­­мен жолығышқаны» деген он төрт шумақтан тұратын жыр жолдары бар. Бұл жазба Иман­бай Кенжеғұлұлы дегеннің Қырғыз КСР академиясының қол­жаз­балар қорына 1956 жылы өткізген материалдарының ішінен табыл­ған екен. Жыр шумағымен таныса келе, оның қырғызша айт­қан­да жай «жолығышу» емес, екі атақты ақынның сөз қағысуы екендігін, өлеңмен жауаптасу екендігін аңғарамыз», деп атап өтті Нұрдәулет Ақыш.

Үнемі ақиқат пен әділдікті ту еткен ақынның тұлғалық болмысы мен мұ­расы әлі де зерт­т­еуді қажет етеді, деп атап өткен Жамбылдың шөбересі Бұлан Жамбылов жастар тәр­бие­­сіндегі маңыздылығын ес­керіп, имандылық, руханият тұр­ғы­сын­дағы мәселелерге мән беру керектігіне тоқталды.

Жамбыл шығармашылығын әлем әдебиеті контекстінде қа­рас­­­тыру мен қазіргі әдебиет­та­нудың жетістіктері тұр­ғы­сы­нан зерделеуді мақсат еткен кон­фе­ренция үш сессияны қам­тыды. Жамбыл Жабаев шы­ғар­­ма­ларының әлем­­дік поэ­­зия­мен үндестігі, жас ға­лым­дар­дың зерт­­­­теулеріндегі ақын мұра­сы­ның бүгіні мен келе­ше­гі, Жам­былтану мен филология пәндерін оқы­тудың инно­ва­циялық әдіс­те­месіне қа­тыс­т­ы айтылған тұ­шымды ойлар ғы­лыми іс-ша­раның мәнін толықтыра түсті.

 

АЛМАТЫ