Руханият • 01 Наурыз, 2021

Өзгеге ұқсамайтын өмір

280 рет көрсетілді

Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі, механизмдер мен машиналар теориясы және робот-техникалар жүйесі механикасының әлемдік деңгейдегі маманы, бес рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланған Өмірбек Жолдасбековтің тұла бойы тұнып тұрған дарын еді.

Ешкімге ұқсамайтын өмірі, тай­талас тағдыры бар. Тау тұлғалы, қазақтың даласындай кең пішілген, өзі өскен Қаратаудай қайыспайтын қайсар тұлға болатын. Жылдар жылжып алыстаған сайын, осындай адамдардың жоқтығы көңіліңе қылау, жүрегіңе жамау түсіреді. Өйткені кешегі Т.Рысқұлов, Б.Мо­мышұлы, С.Зиманов, Ш.Мұртаза, Ө.Жолдасбеков сынды ұлт тұлға­ларының ноқтаға басы сыймайтын тағдыры ұлтжандылықтың үлгісі болып қала береді.

Ол 1949 жылы Шымкент қала­сындағы Сыпатаев атындағы қа­зақ орта мектебін алтын медаль­мен бітірді. Оған Жаратқан өзге­ге ұқсамайтын тағдыр берді. Ұлт кадр­­ларын іріктеу кезеңі оның «тар жол, тайғақ кешу» жолын айқын­дап берді. Ол өмір майданына қор­­­қақтамай, жалтақтамай кірді. М.В.Ло­моносов атындағы Мәскеу мем­­лекеттік университетінің меха­ника-математика факультетіне оқу­ға түсу – талантты адамның тағ­ды­рына жазылған бақыт. Қуа­нышы да, қиындығы да мол сту­денттік жыл­дар ерте есейтті. Та­биғи дарын, бі­лімге құмарлық, дара мінез оны оқ­шау көрсетті. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Ғы­лым академиясының академигі И.Ар­тоболевскийдің көзіне түс­ті. Иван Иванович ал­ғыр жігіттің бойынан ғылымға, оның ішінде механикаға деген қызы­ғушылықты таныды.

Өмірбек Арсланұлы 1986 жыл­ғы Желтоқсан оқиғасы болмай тұр­­­ғанда, одан алты ай бұрын рек­тор­лық қызметінен босаған бо­ла­тын. Дегенмен, жұмыстан боса­ғанымен беделі әлі түсе қоймаған академикті жаншу, таптау саясаты жүргізілді. 1989 жыл еді. Өме­кеңнің еңсесі түсіп, біреулер күн­деп, біреулер қаш­­қақтап жү­ретін күндер болатын. Бірге қыз­меттес болған, дос-іні ретінде ұс­та­зымызға қолдау көрсету қажет деп шештім. Университеттің студент жастары арасында беделім де жоғары еді. Сондықтан белсенді жастармен кездесіп, пікір алыс­тым. Ө.Жолдасбековті Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат ретінде ұсыну туралы ой тастадым. Қыз-жігіттер бұл ұсынысты қолдады. Ендігі мәселе, осы ұсы­нысқа келісе ме, келіспей ме? Мұ­ның өзі бір хикая. Өмекеңе жастар сөзін жеткіздім. Ол бұған бірден қызығушылық танытқан жоқ. Жан-жағынан жала жабылып жат­қан күндер ғой. Мінезін жақсы білемін, екі-үш күндей ойланып барып, хабарласатыны бар. Бұл жолы да солай болды. Телефон шалып, «кез­десейік» деді.

– Бақытжан, өткен жолы айт­қан әңгімеңнің негізі бар ма? Ой­лан­сам, қажет секілді. Буынсыз жерге пышақ ұрып жүрмейміз бе? Өте алмайтын болсақ, депутаттыққа түсудің не керегі бар? Есеп-қиса­быңды айтшы, – деді.

– Өмірбек Арсланұлы, универ­ситеттің бүкіл жастары сізді қол­дап отыр. Кезінде сіз жастарды қол­дадыңыз, студенттердің жағ­дайын көтердіңіз, енді олар өзі­ңізді қолдағысы келеді. Мен сол жастардың өтініші бойынша сізге ұсыныс жасадым ғой, – дедім.

Ойланып қалды. Содан соң «тәуекел» деді. Тоғыз кандидаттың ішінен топ жарып, академик аға­мыз депутат атанды. Осындай да күндер болған. 1995 жылдан өмі­рінің соңына 1999 жылға де­йін Парламент Мәжілісінің депу­таты әрі Әлеуметтік-мәдени да­му комитетінің және өзі құрған Ең­бек партиясының құрметті төр­ағасы болды. Ол ғылыми атақ-даңқ­тан кенде емес еді. Мұның бәрі кү­респен, ғылыми-педагогтік, рек­­торлық мектеп арқылы қалып­тасты. Сондықтан да 90 жылдық торқалы тойында оның адами қыр­лары туралы айтқан жөн болар деп шештім.

Ө.Жолдасбековтің өмірдегі сый­­­лас, сырлас шәкірті, ізбаса­ры, іні-досы ретінде менің де азамат­тық көзқарасым қалыптасты. Көп нәрсені үйрендім, жүрегіме түй­дім. Оған қарап ой түзеуге, бой түзеуге тырыстым. Санадағы сәу­ле сөнбейді. Өмекеңмен бірге қыз­меттес болып жүрген күндер де, 1986 жылдың желтоқсанында қатар «құлап», ұйқысыз өт­кен түндер де көзден кетпейді, жү­рек­те сөйлейді.

Он алты жыл қарашаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетін Ө.Жолдасбеков басқарған жылдарды жоғары оқу орнының қа­лыптасқан, атағы шыққан кезеңі болды деп білемін. ҚазМУ қа­ла­­шығының салынуы соның ай­ға­ғы. Кезінде ректорлар Те­мір­бай Дарқанбаев, Асқар За­ка­­рин тұ­сында идея ретінде көтеріл­ге­ні­мен оны 0-дік циклден баст­ап, оқу ғимараттары мен студент жатақха­наларын салу оның іскер­лігі мен табандылығы арқасында жүзеге асты. Студенттер қала­шы­ғы шо­йын шарбақпен қор­шал­ды. Мұн­дай ұлан-ғайыр жо­ба­ны жүзе­ге асыру үшін оған сая­си қол­дау да қажет еді. Қазақ­стан Ком­пар­тиясы Орта­лық Ко­ми­те­­ті­нің бі­рінші хатшысы Д.Қо­наев­­тың қа­былдауына жазы­лып, өзі­не тән дәйектерімен ҚазМУ қа­лашы­ғы­ның қажеттігін, ғы­лым мен ру­ха­нияттағы орнын дәлелдеді. Ака­­демик-ғалым ретінде бірінші хатшы бұл ұсынысқа қолдау біл­дірді. Осылай бүгінге дейін жалға­сып келе жатқан құрылыс бас­талып кетті.

Ол И.Артоболевскийдің ғы­лыми мектебі арқылы Қазақстан­дағы механизмдер мен маши­на­лар теориясы мектебін қа­лып­­тас­тырды. Жазық және кеңіс­тік­­тік жоғары санатты механизм­дер тео­риясының іргетасын қа­ла­ды. Ав­тор­лық куәліктер және патент­­тер­мен қорғалған жүк кө­тер­гіш грей­ферлік механизм­дер мен ма­ни­пуляторлық құ­рыл­­ғы­лардың тәжі­рибелік жә­не сы­­нақтық үлгілерін жаса­ды.

Ө.Жолдас­бе­ковтің үш қы­рын айтқым ке­леді. Бірінші, отан­сүйгіш, патриот адам еді. Мұны қазақ ғылымын Одақ­қа жә­не әлемге таныту жолын­дағы жан­қиярлық еңбегінен көре­мін. Атақ­ты ғалым Қазақстан ғы­лы­мы­ның орбитасынан ерте шы­ғып кеткен еді. Мысалы, 1976 жы­лы ММТ саласының бүкіл­одақ­тық съезін Алматыда өткіз­ді. Бұл үшін Д.Қонаевтың ал­­ды­на барды. Атақты ұстазы И.Арто­болевскийді иландыру оңай ма? Бұл әлем ғалымдары Алматы­ға көз тікті деген сөз. Аталған съезд Қазақстандағы машиналар мен ме­ха­низмдер теориясының ор­нық­қанының дәлеліне айнал­ды. Ал 1981 жылы КСРО Ғылым академиясының академигі А.Лав­рентьев пен академик Ө.Жол­дасбековтің белсенді ара­ла­суымен теориялық және қол­данбалы механика саласының бүкіл­одақтық V съезі өтті.

Өмірдің ұмытылмас сәттері көп. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаев астананы Сарыарқа төсіне көшіру тура­лы Жоғарғы Кеңестің ХІІІ ша­қы­рылымы депутаттарының ал­дын­­да сөз сөйлеп, ұсыныс айтқан болатын. Елорданың Сарыарқа тө­сіне, ерке Есіл бойына қоныс ауда­руын қолдаған Жоғарғы Ке­ңес де­путатының бірегейі де Ө.Жол­дас­беков болды. Сол кездегі айт­қан сө­зін халық әлі ұмыта қойған жоқ.

– Нұрсұлтан Назарбаев – өмір кө­рігінен, домна көрігінен өткен ұлтымыздың ірі саяси тұлғасы. Пре­­зидент ұсынысын қолдау қа­жет, – деген еді сол күндерде Ө.Жол­дасбеков. – Қазақ жерінің қай өңірі болсын – ата қонысымыз. Ел де­генде еміреніп, жұрт деген­де жұмылып тірлік етейік, буын­сыз жерге пы­шақ ұрып, алтыауыз болмайық. Кө­терілген шаңы­рақ­қа әрқайсымыз алтын уық болып қадалайық. Сөйтіп ұрпақ алдындағы қарызымыз бен парызымызды адал атқарайық. Мен тәуелсіздік алған халқыма пайдам тие ме деп келдім. Мансап іздеп жүргенім жоқ, – деген салиқалы сөзін айтты.

Отаншылдық рух деген осы емес пе? Жаңа астанаға ке­ліп де­путаттық қызметін жалғас­тыр­ды. Әлеуметтік саладағы көптеген заң­ның қабылдануына ықпал етті. «Көші-қон туралы» заң да қазақ ті­лінде жазылды. Заң бастамашысы депутат Ә.Ысқақ болғанымен, оны ұсынып, қолдаған Ө.Жолдасбеков еді. Сол сөзді тағы бір жүрек елегінен өткізіп көрелік. «Біздің халық не көрмеді? Кешегі аштық, қуғын-сүргін, нәубеттің бәрін ба­сынан кешірді ғой. Осындай зо­балаңның құрбаны болған халық тау асып, шетелді жағалады. Ұл­тын, ұрпағын сақтап қалды. Еліміз егемендік алған кезде туған жеріне деген сағынышы, махаббаты жетектеп келген халықты қолдайық, сыртқа теппейік». Заман, уақыт бәрін реттеді. Сол заң аясында ту­ған Отанына 1 млн-нан астам қан­дасымыз келіп, ел тірегіне айналды. Президент Қ.К.Тоқаев құлаққа түрпідей тиіп жүрген «оралман» деген сөзді «қандастар» деп сол кезде кеткен олқылықты түзеді.

Екінші қыры – ғылымға адал­дық. «Өмір сүру – өмір бойы оқу» дейтін. Сондықтан да жоғары мектепте болсын, ғылымда болсын ғылыми ойлардың биігінде жүретін. Бірақ бос қиялдың адамы емес, іскер, идеясын жүзеге асыра алатын бірегей жан еді. «Ғылым арамдықта емес, адалдықта дамыса, мемлекет нығаяды, ел өсіп, өркендейді. Халықтың әл-ауқа­ты өседі» деп айтқанын талай ес­тідік. Әдемі сұхбаттарының куә­сі болдық. Ғалым ретінде жан-жақ­ты, энциклопедист адам болатын. Заман, уақыт, ғылым мақсатын тез сезінетін. 1973 жылы универ­ситетте бір күнде үш кафедра аш­ты. Қандай кафедралар дейсіз ғой? Табиғат қорғау, биофизика жә­не микробиология. Қазір осы маман­дықтарға еліміз зәру болып отыр.

...1981 жылы Алматы қала­сын­да өткен теориялық және қол­данбалы механика теориясы бо­йынша бүкіл­одақтық съезге делегат болып қатыс­тым. Сол күн­дер көрінісі әлі де көз ал­дым­­да тұр. Сонда естен кетпес екі баян­дама болды. Бірі – КСРО Ғылым академиясының ака­­­демигі, екі мәрте Социалистік Ең­­бек Ері, атом ғылымдарының «атасы» В.Макеевтікі, екіншісі – ҰҒА ака­демигі, теориялық жә­не қо­лданба­лы механика сала­сы­ның ұйым-­­
да­стырушысы Ө.Жол­­дасбековтің баяндамасы еді. Олар ғылыми-техникалық жетіс­тік­терді мемлекет дамуы үшін пай­далану бағытын ұстанды. В.Ма­кеев әскери ғылым мәселесін кө­терсе, Ө.Жолдасбеков халық ша­ру­а­шылығындағы ғылым рөлі туралы баяндады.

Қазақстандағы ғылы­ми бәсе­келестік ортаны қалып­тастырған да Ө.Жолдасбеков. Мына бір деректі айтқым келеді. 1992 жылы механика және машина жасау инс­титутын құрды. ҰҒА жанынан құрылған институттың бірінші ди­ректоры да өзі еді. Ол ғылыми-зерттеу институтына талантты ғылыми-инженерлерді топтастырды. Институттың механика және машина жасау және сандық тану методы кафедрасын басқаруға техника ғылымдарының докторы Жайлау Масановты қызметке шақырды. Бұған ғылыми орта бас шайқасты. Оның себебі де бар-ды. Өйткені әр іргелі ғалымның өзіндік ғылыми мектебі болады. Ж.Масанов механика саласының тағы бір көрнекті өкілі, академик Жақан Ержановтың шәкірті болатын. «Ғылымда бәсекелестік орта болуы керек. Мәселе, екі мектептің тайталасуында емес, бұл механика ғылымының дамуы үшін керек», деген-ді сонда. Расында, сол жылдары институт қызметкерлерінің ғылыми-зерттеулері одақтық ға­лымдардың назарына ілікті. Өме­кеңде таза ғылым мен таза ға­лымды танитын керемет қасиет бар еді. ҚазМУ-де бір физик ғалым болды. Ол докторлық диссертация қорғаудың алдында жүрген. Бірақ университеттің кейбір ға­лым­дары оны қорғау кезінде «құ­лат­пақ» болады. Сондықтан үміт­керге қорғауға шықпау туралы ұсыныс жасайды. Бұл сөз ректор Ө.Жолдасбековке жетеді. Сонда ол: «Ғылым жолындағы адамның жақтастары да, қарсыластары да көп болады. Өз бағынан көр­сін. Ғылыми кеңеске барсын. Нәти­же­сін сайлау көрсетеді», деп араша түседі. Сол физик телемедицина бойынша докторлық диссертациясын абыроймен қорғап шығады.

Үшінші қасиеті – шыншылдық. 1986 жылдың желтоқсаны ұлтқа ауыр тиді. Ө.Жолдасбековтің тағ­дырындағы ең бір қиын ке­зең еді. Студент-жастардың Жел­тоқсан көтерілісінен кейін Орта­лық өш алу процесін бастады. Өз елімізде, өз жерімізде жоғары оқу орындарында жергілікті ұлт­тың өкілдері көбейіп кетті деп, бай­балам салынды. Бұл нағыз шо­винистік саясат болатын. Билік бүкіл қазақ халқын ұлтшылдар қатарына қосып, қара күйе жақты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің XVI съезінде бұл сөз­ді өзге емес, өз республикамыздың идео­логі айтты. «Қайнайды – қа­ның, ашиды – жаның» деген Абай сөзі жан күйгендіктен айтылған ғой. Мәскеуде шығатын орталық газеттер отқа май құ­йып, өрт­ті қаулатып жіберді. «Из­вес­тия» газетінде сол жылдың 24 қаң­тарында В.Шепоткиннің «Шыр­мауық» деген мақаласы шықты. Қазақ студенттерін айыптау жаппай жүргізілді. Ө.Жолдасбековті «қылмыскер» ретінде қамауға алу үшін күні-түні дәлел іздеп бақ­ты. Сәуір айында универси­тетте партия комитетінің отыры­сы өтті. Күн тәртібінде бір-ақ мә­селе. Ол – коммунист Ө.Жолдас­бе­­ковтің жеке мәселесі еді. Бірақ ком­мунистер оны қорғап қалды. Аяғында Алматы қалалық партия комитетінің бюросы арыстай азаматты партиядан шығарып тынды. Бірақ бұл іс Жолдасбековтің жанын жаралағынымен, сағын сындыра алған жоқ. Ол өз жауапкершілігін өзі арқалайтын. Университет ұжы­мын өзіне қалқан жасамады. Өзін қорғау үшін жоғарғы жаққа хат жазғызған жоқ. Бұқпантайлап өмір сүргісі келмейтін. Өзінің батыр, азаматтық тұлғасына сай болды. Өзі де билікке жарамсақтанған жоқ. Парасат майданында адами қасиетімен таныла білді. Үнемі жақсылық жасайтын қайраткер еді. Біраз адамды қор­ғады, қолдады, жоғары лауазымды қызметтерге қойды.

Мәскеуден Бас прокуратура және басқа да тергеу орындары­нан көптеген тергеуші келіп, Ө.Жол­дасбековті сотқа тарту үшін дә­лел іздеді, көп жала жабыл­ды. «Польшадан әкелген 200 мың сом­ның жиһазы жоқ екен» деп жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Ал Ө.Жолдасбеков болса 200 мың сомға жиһаз алынғанын, бірақ оның бәрі декандар мен кафедра меңгерушілерінің кабинетінде тұрғанын айтты. Тексерушілердің аузына құм құйылды. Билік бәрі­бір қатыгездік танытты. Оны ұс­таздық қызметтен қуды. Ақыры жаланы шындық жеңді. Ол Қазақстанда Ұлт­тық инженерлік академия­ны құрды. Өзі академияның бі­рінші пре­зиденті болды. Оны қалып­тастырды, іргесін қатайтты. Өме­кең құрған академия бүгін де абыроймен жұмыс істеп тұр. Оның құ­­рамында ғылыми-техникалық прог­­ресті дамытып жүрген ұлты­мыз­дың атақты ғалымдары бар. Ұлт­тық инженерлік академия Қа­зақ­­стандағы ірі, беделді және ір­­гелі ғылыми-инженерлік ойды үй­­лес­­тіруші бірлестікке айналып отыр.

Ө.Жолдасбеков өз заманынан оза туған жаңа формациядағы тұл­ға еді. Жаңа ғасырдың ой-жү­йе­сін, ғылыми мектебін қа­лып­тас­­тыр­ды. Ол бір ауыз сөзбен өмір­лік фило­софиясын жеткізген адам: «Айна­лайындар, менің қас­тасу­ға уақытым жоқ, мен дос іздеп жүрген адаммын...».

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Сенат депутаты,

ҰҒА академигі,

Ұлттық инженерлік академиясының президенті

 

Соңғы жаңалықтар

Елданаға ел риза

Спорт • Кеше

Жұмекеннің «Балаусасы»

Руханият • Кеше

Сүйіспеншілік сабағы

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар