Әлем кітап беттеріне жазылу үшін жаралған
Стефан Малларме
Қайбір жылдары аргентиналық Марта Минухин есімді суретші қыз Германияның Кассель қаласында ежелгі Грекиядағы Парфенон ғибадатханасынан аумайтын ерекше сәулетті құрылыс тұрғызыпты. Алып ғимаратқа арнайы барып көргендер оның бір бұрышын Сервантестің «Дон Кихоты», енді бір бағанасын Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» сияқты мыңдаған классиктер тіреп тұрғанын айтып таңдай қағысады. 100 мыңнан астам кітаптан қаланған құрылыстың ерекшелігі сол, аталған нысанға көрік беріп тұрған көне кітаптар заманында өртелген, сотталған, жыртылған, тыйым салынған тағдырлы туындылар екен. Суретшінің айтуынша, бұл жұмысты саяси қуғын-сүргін құрбандарының аруақтары алдындағы болашақ ұрпақ тағзымы деуге болады. Ерекше айта кетерлігі, аталған инсталляция 1933 жылдары 2 мыңнан астам кітап өртелген қайғылы орында бой көтеріпті.
Қарап отырсақ, адамзат тарихында кітап үнемі өртеліп келеді. Әрине, онымен жер бетінен жазбалар жойылып кеткен жоқ, қайта күн өткен сайын дана кітаптардың даңқы асқақтай түсуде. Сөзіміздің басында айтылғандай, шынымен әлем кітапқа ұмтылып тұратындай. Кітаптың даналығынан асып жаңа технология өзі жеке-дара шешім қабылдай алмайтындай. Кітаптың иісіндей әтір жасалды деген жағымды жаңалықты естігеніміз бар. Міне, мұның өзі қалың мұқабалардың ішінде жасырылған жауһар мәтіндердің адамзат баласы үшін алтыннан да бағалы ең қымбат құндылық екенін айғақтайды. Адам – кітап. Адам қай кезде өледі дегенге келсек, жеке тұлға өзі дара ойлау құқығынан айрылған күні өледі. Оған тіршілік жаралғалы бергі тарихтан таптауырын тоталитаризмнің талай мысалын келтіруге болады.
Билік ешкімнен емес, кітаптан ғана қорқады. Диктатура өз үстемдігін ең әуелі қоғамдағы индивидтерді бірдей адамдарға айналдырудан бастайды. Бұндай қауіпті жүйе туралы көп айтылған, айтыла береді де, алайда танымал америкалық жазушы Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» деп аталатын атақты романында тура осы қасіретке ерекше тоқталады. Аталған антиутопиялық шығарманы көзіқарақты оқырман жақсы білуге тиіс. Айтпағымыз, тыйым салған кітаптарды тоталитарлық қоғамның қорқауларша үймелеп келіп өртейтіні жайлы сол романда адам-кітаптар туралы тарау бар. Қолдарындағы кітапты тартып алып өртеп жіберетінінен қауіптенетін кітап-адамдар тұтас романдарды жаттап алады да, бүтіндей кітапқа айналып кетеді. Қоғамнан аласталғандар сияқты қаладан жырақта, жарық, жылуы жоқ өркениеттің жарық шамдары жарқыраған қала іргесінде күнелтетін тірі кітаптар бізді көп ойға жетелейді. Шын мәнінде кітап оқығаны үшін қоғамнан аласталғандар олар емес, қайта кітап оқымайтын, тек теледидардағы пропагандашыл ток-шоуларға телмірген тоталитарлық жүйенің құрбандары, кейін өздері саналы түрде кітаптан бас тартқандар нағыз аласталғандар дер едік. Адамзат жаралғалы бері дүниеге келіп, дәуірлерден дәуірлерге көшіп келе жатқан, тіпті дәуірлерді өздерінің өн бойына тұтас көшіріп алған қастерлі сөздерден, мағыналары мәңгілік мәтіндерден өздерін алып қашқандар, міне нағыз аласталғандар. Романда кітап оқымайтын қоғамның қорқынышты келбеті келістіріліп суреттеледі. Ауыр депрессияға түскен адамдар бір-бірін, тіпті өздерін-өздері өлтіре бастайды. «Бақуатты адамдарда үлкен кітапхана, кедей адамдарда үлкен теледидар болады» деген сөз бар. Фантаст жазушы Р.Брэдбери интерактивті теледидарлар мен қағаз кітаптардың арасындағы майданды тура бүгінгідей дәл болжап жазады. Рей Брэдберидің өз сөзі де бар ғой, кітапты өртеуден де ауыр қылмыс, оны оқымау. Тұтынушылық ойдан әрі аттай алмайтын Брэдбери кейіпкерлері бүгінде де арамызда көп. Фарренгейт бойынша 451 градус – бұл қағаздың өздігінен тұтанып, жанып кететін температурасы. Бас кейіпкер Гай Монтэг – кітап өртеу қызметіндегі өрт сөндіруші. Алайда ол өз ісін бірте-бірте жатсына бастайды. Ақырында өзі өртейтін кітаптарды тығылып оқи жүріп, роман соңында Монтэг кітап-адамға айналады.
Романда айтылғандай, үнемі ұшақтарда, автокөліктерде жүретін адамдар гүлдердің, көгалдардың иісін ұмыта бастайды. Себебі, адамдар әлгі көліктерде олардың жанынан өте үлкен жылдамдықтармен өтеді. Адам табиғаттан алшақтап қана қоймайды, олар ақыл-ойдан, оның басты қайнар бұлағы – кітаптардан алыстайды. Бұл, әлбетте хаос. Шығармадағы негізгі кейіпкерлердің бірі Фабер есімді ақсақал: «Кітаптар – біз өзіміз ұмытып қалудан қорқатын ойларымызды сақтайтын бірден-бір орын» десе, жағымсыз кейіпкердің бірі, кітап өртеушілердің командирі Битти: «Кітап жасырынған үйді кітаптарымен қоса өртеуге болмайды, кітапты көпшіліктің көзінше жеке өртеу керек, кітап өртеудің өзіндік ләззаты бар», дейді.
Бұл роман сондай-ақ кітап құндылығы арқылы адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығы артатынын, отбасылық жақын қарым-қатынастар орнайтынын көрсеткісі келеді. Алайда бас кейіпкер Монтэг отбасында бақытсыз өтеді. Қайта көршісі, жас қыз Кларисса оған көбірек жақын көрінеді. Себебі олар тұратын көшеде сол Клариссаның үйінің ғана шатырында теледидардың толқын қабылдағышы жоқ еді. Былайша айтқанда кітап оқылатын оқшау үй. Оқшау адам, оқшау ой – Кларисса. Алайда сол қоғамдағы қортық ойларға ошарылған оның азат танымы ақыры өз-өзіне қол жұмсатады.
Кітап өртеуші Монтэг өзен жағалап келе жатты. Арғы бетте тырнақшаның ішіндегі «аласталған ақыл сандықтары» бар. Ол өз ішінде сөз оянғанын кітап-Монтэг сезеді. «Бәрі өз уақытымен. Уақыт қиратады, уақыт құрастырады. Уақыт қана үндемейді, уақыт қана сөйлейді».
Кітап – уақыттың өзі. Монтэг – уақыт-кітап. Жыртылған, өртелген, Феникс құсы сияқты өз күлінен қайта қалпына келген кітап.
Рей ақсақалша айтсақ, есік алдымыздағы көгалды әлбетте қырқып отыру керек деген қатаң заң шықса әрине, қырқып отыруымыз керек. Ал қырықпау керек деген заң шықса қайтесіз? Монтэг оған әлбетте «көгалдың әсем келбетін тамсана тамашалауымыз керек» деп жауап берер еді.
Жалғанда екі от бар: кітап өртейтін от һәм адам жылынатын от. Біздің қоғам кітап өртеп жылынуды доғаруымыз керек. Өзеннің арғы бетіне адам-кітаптар өмір сүріп жатқанын ешқашан ұмытпағанымыз жөн.