Жете зерттеп, зерделеген сайын тұңғиығына тарта бере ме қалай?! Қым-қиғаш пікірлер ішінен өзіңнің де бір кездегі пайымдауларыңды қайта тауып, не безініп, не сүйсініп жататын кезің де болады. Бұдан 12 жыл бұрынғы бір зерттеу еңбегімізде жыраулық құбылыс туралы ойымызды жазыппыз.
«Жыраулар тілінің ерекше поэтикасын тек тілдік талдау деңгейінде ғана сөз ету жыраулық құбылыс тудырған мәдени, рухани құндылықтарды толық ашып бере алмайды. Жыраулар – өзге тіл қолданушы субъектіге ұқсамайтын ерекше тілдік феномен. Жырау – әрі автор, әрі тыңдаушы, әрі белгілі бір мәдениет түрін жасаушы, әрі оны сақтап кейінгі ұрпаққа жеткізуші, ең бастысы тіл мен мәдениет, тіл мен таным, тіл мен адамдық фактор қарым-қатынасын бір өзінде жинақтаған лингво-психологиялық, лингво-философиялық болмыс иесі. Біз қарапайым тілдік субъектіміз. Біз тілдің жетегіне ереміз. Ал жыраулар – тілдік тұлға, себебі олар тілдің жетегінде кетпейді, керісінше, тілді өз жетегіне алады. Жыраулар дисскурсына толық ену үшін олар тұтынған «бастапқы» білімді меңгеруіміз қажет. Онсыз жыраулық дүниетаным өзінің тылсым құпиясын ашпаған күйі қала бермек.
Осындай көзқарас тұрғысынан алып қарағанда, жыраулар поэтикасы тек бір ғана лингвистикалық емес, жалпы филологиялық, философиялық, теологиялық пайымдаулармен де ұштастырыла зерттеуді қажет етеді. Мұндай талдаулар өз кезегінде тілді зерттеудің антропоцентристік парадигмасына сәйкеседі...».
Жыраулық болмыстың құпиясы қызықтырған ізденушінің алды-арты біз емес екенімізді білеміз. Дегенмен 20 жылдан астам уақытты қамтитын аз-кем зерттеуіміздің барысында біздің жоғарыдағыдай ғылыми пайымдау жасауымызға дерек берген, «тілді өз жетегіне ала білген» тілдік тұлғаның бірі – Сүгір жырау Бегендікұлы еді.
Жыраулар поэтикасында Ғаламның жаратылысы, оның құрылымы туралы – космологиялық білім, дүниенің болмысы туралы онтологиялық білім, адами субстанцияның құпиясына бойлататын жантану ілімі адамзатқа түсінікті әрі тартымды жыр тілімен берілген. Осы тұжырымдамамызды Маңғыстаудан шыққан 50 тақтақ-дүлділдің соңғы «қалмыш-сарқыны» Сүгір жыраудың жыр-ділімен дәйектеуге тырысамыз.
Сонымен Адамзаттың таным кеңістігіндегі ең басты меже дүниені тануға бағытталады. Дүниені тану – ғаламды тану, ол космология ілімінің еншісінде. Қазіргі ғаламтану ғылымы бірден пайда бола қойған жоқ. Б.з.б. V ғасырынан бастап ғаламның шексіздігі, мәңгілік, өзгермейтіндігі, б.з.б. III-IV ғғ. жердің шар формалы екендігі, қозғалатыны туралы болжамдар жасалынды. Кейінгі дәуірлерде адамзаттың космологиялық білімі күн жүйесі, жұлдыздар туралы зерттеулермен толықты. Күні кеше ғана, XX ғ. 30-жылдарында ғалымдар Күн жүйесінің өзі Галактиканың құрамына енетіндігін анықтады. Қазіргі таңда ғалымдар Галактика мен оны құрайтын жұлдыздардың жасын анықтауға бас қатыруда.
Ал біздің жырау-ғаламтанушыларымыз не дейді?
Жыраулар тіліндегі ғаламның жаратылуы туралы білімдік ая бірнеше сатыдан тұрады: 1) Дүниені кім жаратты, қалай жаратты? 2) Дүние неден тұрады, қалай орналасқан? 3) Дүниенің рухани, материалдық тірегі не, мәні неде?
Сүгір жырау айтады:
Әуелі, Алла, жараттың
Он сегіз мың ғаламды
Сан мақұлық жанменен.
Абзал етіп адамды
Алты мың да алты жүз
Алпыс алты аят халменен.
Немесе:
Он төрт қабат аспан-жер
Ай менен күнді тудырып,
Баяны жоқ дүнияны
Қойыпсың бізге қудырып.
Бұл – дүниенің қалай жаратылуының баяны.
Жәбірейіл періште
Жетпіс жыл илеп Адамды
Топырақтан жан беріп,
Дүреттің жоқтан бар етіп.
Бұл – Адамның қалай жаратылғанына түсінік.
Он сегіз мың ғаламға
Реушен еді ай мен күн –
Жарық үшін нұрланды-ай.
Жаралған жанға мүштарих,
Атасы – Әбдімүтәліп,
Қырық жыл нұры балқыған
Мұхамбет Нәби туған-ды-ай.
Ислам болды дініміз,
Алты мың да алты жүз
Алпыс алты аят бар
Кәләм-Шариф – құранда-ай.
Жете алсаң болды, кең Алла,
Шапағатыңнан құр қалмай.
Бұл – адамзатқа дүниенің мәнін, болмысын түсіндіру. Құранда 114 сүре, 6666 аят бар. Аяттардың патшасы – Аят-ул-Күрсі болса, сүрелердің тәжі – Фатиха сүресі дейді. Сүгір жыраудың:
«Бісміллә» – сөздің данасы,
Құранның «Әлхам» анасы.
Ықсанды жаман демеңіз,
Ықсанның – мейірім мағынасы.
Ықсанды жаман десеңіз,
Абыл мен Қабыл екеуі
Бір ананың баласы, –
деп, жамағатына сөз арнауының астарында Құранның әр сөзінің өзіндік құдіреті барлығы танылады. Ықсан дегеніміз – мейірім, шапағат, адам баласы жүрегіндегі мейрім-шапағаттан (ықсаннан) айрылса, туған бауыры Абылды мерт қылған Қабыл сияқты адамзат болмысына жауыздықтың ұрғын егеді.
Әмірің күшті бір Алла,
Құдіретің жетер, – жарылға.
Абзалы зікір қыламын:
«Лә-илаһа-илл-Алла», –
көргеннен, естіген-білгеннен пікір етіп, Алланы еске алып, зікір ету – жыраудың өмірлік кредосы.
Жырау өлеңін «ағузу»-дан бастап, Құранның аяттарымен көркемдеп отырады:
«Ағузу» сөздің ұраны,
Әр сабақтың басында
Бірінші болып тұрады.
Адам-Ата, Хауа-Ана –
Өсіп-өнген ұраным.
Бас білдірген пендеге
Калимолла құраным.
Пайғамбарым – Мұхаммед,
Дін асылын құрадың,
Ислам дінім – тұрағым.
Әзіреті Ғали аршылан,
Ерлерден асыл мұрадың.
Ұрықсаты қолында
Мезгілмен тұрған таң атып.
«Ағузубилла» айтқан сөз
Шариғатқа жанатып.
Риғзия сөзін тастаман
Жақсыларға қаратып.
«Ағузубилла» сөз басы,
Шарғыдан, тілім, озбашы.
Қызыл тілге қой сүзгі –
Бәдіғатсыз қозғашы.
Дүниені тану – алдымен өзіңді-өзің тану. Өзіңнің тегіңді танудағы ізденістер сені қоршаған өзге әлемді зерттей отырып, әлемнің жалпы нұсқасын қалпына келтіру, ондағы түрлі байланыстар мен заңдылықтарды жүйелеп санада бейнелеу арқылы жүргізіледі дейік.
Зерттеуші Е.М.Абақан тілдің жаратылысы мен болмысы туралы мәселеге философиялық тұрғыдан талдау жасай келіп: «Онтология – руханият саласындағы ең күрделі әрі негізгі мәселе болуы тиіс. Оны оңайлықпен айналып өтуге болмайды. Өйткені адам өмірінің мән-мақсатын айқын ету, қоршаған ортада өмір сүре білу т.б. әлеуметтік құбылыстардың негізі осы «мәңгі мәселеге» байланысты болады. Он сегіз мың ғаламды жоқтан бар етуші Жаратушыны тану, сүю, оған жақындау, яғни адами қасиеттерді бойға сіңіру қалай іске аспақ? – деген сұрақты ұлы Абай да қояды. Бұл – бір кезде қазақ арасында тамырын кең жайған діни-философиялық ілімнің де негізгі ұстанымы болса керек», – деп жазады. Дүниенің жаратылысы туралы толғамдардың Алланы танумен байланысты құрылуы адамзатты ақиқатқа жеткізер бірден-бір жол ретінде жыраулардың кісілік концепциясының өзегі болып, олардың поэтикалық тілінен ойып орын алған.
Жыраулар поэтикасының концептуалдық дүние бейнесіндегі басты тұжырым – «шынайы адамдыққа, шын мұсылмандыққа жету». Маңғыстау жыраулық мектебі – Қожа Ахмет Ясауи негіздеген, Пірдің соңы – Бекет Ата бекітіп берген сопылық ілімнің бірден-бір «модераторлары», осы жолдың туын ұстанған рухани мүридтері десек қателеспейміз. Оған Маңғыстау жыраулық дәстүрінің тілдік концепциясы толық дәлел болады. Суфизмнің адам баласының рухани менталитетіне ұсынған ең жоғары сапасы да – шынайы адам бейнесі болып табылады. Суфизмдегі ғалам бейнесі (образ мира) шынайы адам (әл инсан әл кәмил) концепциясы арқылы танылады.
Сүгір жырау да ұстаздары – Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Сәттіғұл, замандастары Ыбырайым ахун, Ұзақбай жыраулар тұтынған «шын адамдық жолдың» жоқтаушысы. Сөзден құдіретті не бар?! Жыраудың өз сөзімен ойымызды дәйектейік.
Сөйледім он бесімде күндей болып,
Ашылған Меккедегі діндей болып.
Ғалымнан сұпы-ғазиз білім алдым,
Құлпырған сақарада гүлдей болып.
Ылабызым жақты жұрттың көңіліне,
Зарлаған саһардағы үндей болып, –
деп толғаған жырау өзінің ұстаздарының сопылық жолдағы ілім иелері екендігін жасырмайды (Сүгір жыраудың шығармашылық ғұмыры кеңестік идеологияның темір құрсауы тұсына сәйкес келетінін ескерсек, бұл – үлкен тәуекел). Жыраудың әкесі екі рет Меккеге қажылық сапарға барған діндар адам, өзі Нұрнияз ахуннан білім алып, «кәміл адам» ілімімен нұрланған, көкірегіне жыр қонған үлкен зерде иесі.
Ахун, ишан, хазірет
Зерделеп құйдым миыма
Аузынан шыққан илһамын.
Алты қанат ақ орда,
Айнала тіккен көп орда –
Үш аналы қазақ баласы
Сөзімнің таппад жаңқауын.
Көкірегінен шыққан жыр-сөзінің халқына жағымды, алғаусыз болуы ұстаздар үйреткен «илһамның» берекеті екендігін меңзейді. Сол илһамды үйреткен ұстаздары туралы:
Бұқара бойын таңдаған,
Екі дүние арасын
Пікірменен жалғаған;
Жеті өлікке жан берген,
Жеті пірге қол берген,
Қаріптерге мал берген,
Қасерлерге сән берген,
Жесірлерге жар берген,
Жолсыздарға жол берген –
Сансыз шайхы, әулие
Жалпының жайын қамдаған.
Софы Аллаяр, Әлішер
Тыңдағанды ұйытып,
Көңілден сөзі қалмаған.
Қожа Жүсіп, Уәйіс –
Көкірек көзі ашылып
Реушен жарық нұрлаған.
Бақырғани Сүлеймен –
Әлемді даңқы шарлаған.
Кешіре көрің, шайхы-пір,
Біздердей ғаріп-міскінді
Сіздерден хабар алмаған, –
дей келіп, ұстаздардың ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің жатқан жайы Қасиетті Түркістанға тұрмыс тауқыметімен жүріп, бір бара алмағанына жасы 70-тен асып, қажыры қайтқан қарт ақын қатты опық жейді:
Нешелер пірлер өткен жоқ –
Аллаға әуез арнаған.
Арманым осы жалғанда –
Бір соға алмай барамын
Түркістан деген шаһарға
Қожа Ахмет атам – Ясауи
Зікірін айтып зарлаған.
Иманнан жеміс шашылған,
Маңынан шайтан қашырған,
Көңілден көзі ашылған –
Кеудесін кіреу шалмаған.
Жалпы түркі тектес халықтардың, соның ішінде қазақ халқының да, өркениетті дамуына ерекше үлес қосқан сопылық ілім өкілдері туралы зерттеу еңбегінде философия ғылымдарының докторы К.К.Бегалинова суфилердің суфизм іліміне қайталанбас құндылық әкелуші адамзат мәдениетіндегі ерекше құбылыс екендігін айта келіп: «Безусловно, это те же самые проводники, посредники между миром повседневным и миром трансцендентным, между Богом и человеческим сообществом» – деп орынды баға береді.
Сопылар адам баласына құдайлық тазалықты уағыздай жүріп, осы жолда дүниенің пендәуи қызығынан баз кешеді. Сопы, сопылық дәстүр жыраулар поэзиясында шынайы адамдықтың үлгісі ретінде сипатталады.
Сопылар бүкіл ғұмырын дін жолына арнап, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып осы жолдың шынайылығына адамзаттың көзін жеткізуді өздеріне басты мұрат етіп ұстанады. Сопылар – адамзатты әлемдік парасатқа бастаушы, ғалым, ғұлама, терең ілім иесі, екі дүниенің де сырларын меңгерген ерекше жандар:
Екі дүние парқынан
Ғалым-сопы хабарлы-ай.
(Сүгір)
Тазалығын сұрасаң –
Ерте тұрған азаннан,
Бәденін пәктеп тазарған.
(Сүгір)
Мақшарда тозақ жоқ дейді,
Шашулы сүрең сахиға.
(Сүгір)
Әмірің күшті бір Алла,
Құдіретің жетер жарылқа,
Абзалы зікір қыламын:
«Лә-илаһа-ил-Алла».
(Сүгір)
Зікірің жақса Құдайға
Алладан пікірің оң келер.
(Сүгір)
Екі дүние арасын
Пікірменен жалғаған.
(Сүгір)
Жыраулық тілді зерттеуге арналған еңбегімізде жыраулар поэзиясындағы «уақыт талқысына көнбей, «қатарын жоғалтпай», жыраудан жырауға, жыршыдан жыршыға эстафетадай беріліп келе жатқан жәдігер сөздер» туралы айта келіп: «Жыраулық мектептер жыр мазмұны мен мақамын ұрпақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізумен қатар, «жырдың көркем кестесін» де бұзбай кейінгіге жеткізуді қатты қадағалаған. Бұған жырды жеткізушілердің өз кәсібіне адалдығымен қатар жадкештік ерекше қабілеті де үлесін қосқан дей аламыз. Сондай-ақ бұндай көне не кірме, поэтикалық мақсаттағы сөздер қарапайым тыңдаушыға түсініксіз болып көрінгенмен, сол жыршылық мектептің өкілі үшін (дәстүрдің жалғастығы мезгілге бағынбайды) поэтикалық дәстүрлі, түсінікті сөз болуы да мүмкін. Себебі жыршылық танымға тән менталдық білім, дүниенің танымдық бейнеленуі жыраулық үрдіс үшін ортақ болуы керек. Онсыз кейінгі жыраулар (Сәттіғұл, Ыбырайым ахун, Ұзақбай, Сүгір жыраулар) мен алдыңғы толқын тақтақтардың (Абыл, Нұрым, Қалнияз т.б.) арасындағы поэтикалық «шынжыр» үзілген болар еді», – деп жазыппыз. Маңғыстау жыраулық дәстүрін алтын шынжыр десек, соның соңғы шығыршығы Сүгір жырау да өзінің ғалым-сопы ұстаздарының үлгісімен сопылық атрибуттарды танытатын сөздер мен сөз тіркестерін өлең өрнегіне қиюластыра қолданады. Жеке сөздерден бөлек тұтас аят, хадис, сүрелерді де жыр бойына кірпіштей етіп әдемі қалап отырады. Бұндай үрдіс, әсіресе, Қашаған, Ізбас, Досекен, Сәттіғұл, Ұзақбай жырауларға тән. Дегенмен шарқи-фәлек, мусабат, сәкәрәй мәуіт, мүләзім-бишак, исмүл яқин, үлпәттық, иләһи, әнсет риғзия, мүсәннептер сияқты жеке ұғым атаулары мен «ән-хасантум Алла»; «... фә ин ләм тәкун тәраһу, фә иннәһу яракә» тәрізді аят пен сүреден алынған бүтін жолдарды (осы кітапта аталған сөздерге түсінік берілетіндіктен, қайталап жатпадық) әзірге Сүгір жыраудан ғана кездестірдік. Бұл Сүгір жыраудың ұстаздардан алған «кәміл-ин-инсан» ілімін барынша көкірегіне тоқыған зерделілігімен қоса, осы жолға адалдығын, мұсылмандық білімге барынша сауатты, аса білімді екендігін танытса керек.
Жуырда ғана жарық көрген бір мақаламызда: «Маңғыстау жыраулық мектебі өзінің сөзсаптау (стильдік, тілдік ұстанымы), жырды орындау тәсілі, тарихи қалыптасуы, концептуалдық мазмұны жағынан XIV-XV ғасырлардағы Сыпыра жырау дәстүрін жалғастырып, XX ғасырдың ортасына дейін (Сәттіғұл, Сүгір жыраулар) үзбей жеткізуімен ерекшеленеді», – деп жазған едік. Ноғайлы тарихына бірнеше құнды еңбектер арнаған аса талантты зерттеуші Әнес Сарай Сыпыра жыраудың шын есімі – «Сыпыра жырау Сопыбасыұғлы», ол сопылық ілімнің бас идеологы, насихаттаушысы болған» деген бағалы пікір айтады. Сол Сыпыра жырау Сопыбасыұғлынан жеткен поэтикалық шынжырдың соңғы үзігі, ақырғы демі – Сүгір жырау еді десек қателеспейміз. Сүгір жырау алты ғасыр бойы ноғайлының ауыр жұртынан қалған үзік-ұрпақтың басын құрап, белін бекем ұстап, қасиетті ілімге ұйытып келген жыр-илхамын кейінгіге жалғап үлгерген соңғы аманат иесі еді. Сол аталардың жыр-аманаты, сыр-лұғаты біздің де ұрпақтарымызға баянды болғай.
Бибіайша Нұрдәулеттегі,
филология ғылымдарының докторы, профессор