Кейінгі күндері:
– Әй, оқушы бала, кел бері қасыма! – деп шақырып алатын болған.
– Үлкендердің әңгімесін неғыласың! – деп бір айтқанын екі айтатын.
Аудандық газетке үш-төрт шумақ өлеңім шыққалы бері одан да маза кетті, менен де маза кетті. Қазір ойласам, мен өскен соң не жазады дегенге сонда қалай мыйы жетті деймін. Тәкен Әлімқұловтың «Қаратау» повесінің бір үзіндісі сол томар-кемпірді көз алдыма қайта әкелді:
«Күн көтеріле біреу маңдайшадан үңілді. Аттың үстінен иіліп тұр. Көзі шапыраштанып кетіпті. Зияш: «Көтек!» деп шошып түсті.
– Сәскеге дейін жұмыртқа шайқап жатырсың ба?! – деп қамшымен босағаны тартып жіберді.
Бұл сырды білмейтін ІІІәуке тысқа жүгіре шықты. Ең алдымен Мәлігаждаровтың астындағы атты таныды. Өзінің кербестісі! Қыста әкесі ауданнан қайтарып жіберген. «Малын ортақтастырмай кетті» деген қаңқудан қорқып қайырған. Сол жануары енді шапыраш көзді өкілдің астында тұр.
Осы кезде тысқа Зияш шықты. Сары әйел тұлдана шабынып:
– Адам атқан әтірет те біздің ауылға тимеген. Е, әдіра қал! – деп өкілді аттың үстінен жұлып алды.
Повестің осы тұсын оқығанда, біздің әулеттің өмірін жазып отырғандай іші-бауырым солқ ете түсті. Тәтем: «Шешем адуынды адам еді» деп бір әңгіменің шетін шығарған. Соғыс кезінде қырманнан келе жатса, колхоз бастық алдынан шығыпты. Сондағы аңдығаны етегіне түйген бір уыс бидай көрінеді.
– Сен Отанның астығын ұрлап келе жатырсың! – деп қамшымен салып-салып жіберіпті.
Адуынды әйел білегінен шап беріп ұстап, тұп-тура Тәкен Әлімқұлов жазғандай атынан жұлып алыпты. Сол үшін бір ай, жарым ай қамауда отырып келсе керек. Кейін колхоз бастықтың өзі ұсталып, бір жыл, жарым жыл ол да отырып келіпті. Нағашы әжеміз тәтемді ертіп амандасуға барса, сасқанынан жер таянып орнынан тұра алмай қалыпты. Сондағы колхоз бастық әлгі томар-кемпірдің шалы екен!
Бұл соғыс кезінде болған оқиға. Ал Тәкен Әлімқұловтың жазып отырғаны ашаршылық жылдарының көрінісі. Бірақ жазушы «32-жыл» деп көрсетпеген. Олай көрсетуі мүмкін де емес еді. Өйткені тарихқа қара әріппен таңбаланған «32-жыл» жабық тақырып болатын. Алайда жазушы оның басқа емес, нақ 32-жыл екенін білдіретін белгіні хикаяттың басында және соңында тайға таңба басқандай етіп көрсетіп кетіпті.
Біріншісінде, Бименденің 1928 жылы көктемде туған нағашысының үстінен «бай-шонжар» деп арыз түсіргені келтіріледі. «Арыз жаздым кеңеске, Кеңес өкіметінің мақсаты – жуанды құртпақ емес пе?!» деп өлеңдеткені айтылады. Екіншісінде ел ес жиған кезді: «Болат жауап орнына қалтасынан газет шығарды. Шәукеге таныс «Социалды шаруа» еді. Шәукенің көзі газеттің маңдайшасындағы «1934 жыл» деген жазуға түсті» деп жазады. Бұл таңба бізге жазушы жасырған код секілді оқылып, жүрегіміз зырқ етіп бір соққан.
Жазушы ең алдымен қазақ даласынан жылқының жоғала бастағанын: «Ауданға ұялмай-қызармай есекпен келушілерді көруі де сол жолы еді. Шәуке ішінен: «Елде қылқұйрықтың құрығаны-ау?!» – деп топшылаған-ды», – деп береді. Демек, жазушы аштықтан бұрын әуелі ер қанаты жылқының қырылғанын меңзеп отыр. Ендеше аштықтың неден басталғаны туралы біз естіген аңызды жаратылысында жылқыны жақсы көретін Тәкен Әлімқұлов та біліп тұр ғой.
Шығарманың драмасы сонда, Шәукенің әкесі Ноғайбай сол науқанның бел ортасында жүреді. Оны ауданнан елдің тыққан астығын табуға жібереді. Сол жақтан: «Көкеңнің тілі байланып қалыпты» деген хабар келеді. Сонда он бес жастағы Шәуке әкесінің жайын білмек болып жолға шығады: «Шым-шытырық қиял шырғалаңынан шыға алмай келе жатқан баланың көз алдына кенет сұмпайы сурет елестеді. Тілі байланып қалған әкесі сұқ қолын шошайтып, ымдағандай. Бәйек болған әйеліне тілсіз арызын айтып, кемсеңдегендей»...
Бұл эпизодтан Тәкен Әлімқұловтың сана ағымын ерте және еркін меңгергенін көреміз. Кейіпкерлердің өз көздерімен көрмеген жайттарды осылай сана түкпірінен тірілтіп алуы шығармада бірнеше рет қайталанады. Соцреализм тұсында оған постмодернистік элементтер қайдан келген деген сұрақ еріксіз туады. Өз тарапымыздан Таласбек Әсемқұлов туралы жазған мақаламыздағыдай, «күйден келген» деген жауабымызды тағы да алға тосамыз.
«Ұраларға көмген астықты темір асамен табады. – Қалайша тапты? – деп сұрады Шәуке. – Іші өртелген ұра темірдің дүмінен дүнкілдейді екен ғой, – деп жауап қайырды Зияш. – Даланы қалайша тінтеді? – Ұра қыста қар тұрмас беткейде болады екен ғой. Беткей шіркін санаулы-ақ болып шықты. Шәуке әкесінің бет-аузы қисайып келген себебін сұрады. – Жолай біреу у беріпті-міс деген қауесет бар, – деді Зияш».
Осы арада шығарма сюжетін шиеленістірген өте күшті драма алға шығады. Ол драматизмді жазушы тағы да постмодернизм арқылы береді. «Шәуке жүріп кетті. Ұзай келе оның көз алдына Қисықмойын елестеді» дейді жазушы. Яғни сана түкпірінен мистика іспеттес мына көрініс көлбең етеді:
«Жапанда отырған жалғыз үй. Үш есекті, екі аттылы, небәрі бес адам шаңқай түсте түстенгелі келе жатыр. Тырыш Қисықмойынның намысқа тыртысып, барын дастарқанға саларын біліп келе жатыр. Кенет... күтпеген құқай! От басы толған тасбақа!»...
Әдетте қазақтың ас-ауқат жайындағы әңгімесі «магиялық» сипатқа ие. Ұлттық тағам культінің араласпайтын жері жоқ. Қонақ келгенде тай сойып жатқан, қойға бата жасап жатқан, сыбаға тартып жатқан ел. Енді сол салтанаттың бірі де жоқ. Бұған қанша белсенді болса да Ноғайбайдың өзі де шыдамайды:
«Шұғыл көліктенген жолаушылар былай шыға бере, Ноғайбай еңіреп береді. Еңіреу де еңіреу! Сол күні кешке алыстағы аулына жеткенде ұрты ісініп барады. Ертеңіне жиылыста сөз сөйлеп үгіт таратқанда тісі ауырған адамдай жағын шандып алады. Ноғайбайдың не сөйлегені белгісіз. Ойының осы арасына келгенде Шәуке дауыстап жіберді. «Біреулер суыққа шалдықты дейді. Біреулер уланды дейді. Енді біреулер жынданды дейді. Жаным-ау, қайсысыныкі дұрыс?». Бұралаң соқпақ: «Балақай, әлі көп адасасың!» дегендей, иреңдеп жатыр.
Осындағы «Ноғайбайдың не сөйлегені белгісіз» дегенде жазушы нені жасырғысы келді? Ноғайбайға есті азамат ретінде ел ішін аштық жайлағанын айтқызғысы келді ме? Оны айтқызса, шығармасы цензурадан өтпей қалары анық еді. Бірақ мәтінге мұқият қараған адам Ноғайбайдың не айтуы мүмкін екенін өзі-ақ болжаса керек-ті. Ноғайбайдың өлгенін бала-шағасына астарлап «тілі байланып қалды» деп жеткіздіртуінде де бір гәп жатқан жоқ па?
Шығарманы оқып отырғанда ойың тақырыпқа арқау болған аштықта тұрады. Жазушының өзі де ас-ауқатқа қатысты түрлі диалогтармен осы ойды діттей түседі: «Қазысыз ет жемейтін қайран көкең. Талқанға көріседі жылай-жылай!»... «Тарыны қорласаң, Қисықмойынға ұқсап тасбақа теріп же!»...
«Е, немене, қазы қайнатпақшы ма едің?!.» «Сафлордың талқанын шылаймыз да»... «Қыршылдақ халуа жегендей іштүйнек болдым сафлоры құрғырыңнан!»... «Мен қобызымның бесігін отқа үйте алмайды екенмін. Өлсем, басыма қоярсыңдар!»...
Бірақ нағыз көркем шығарма көтерген тақырыбын да ұмыттырып, сюжеттің қызығына түсіріп жіберуі керек. Тәкен де оқырманның есіл-дертін Ноғайбайдың өліміне бұрып, ынтықтырып қояды. Қала берді Ноғайбайдың өлімі бір жағы детективке, бір жағы мистикаға айналып сала береді. Шын өлімді алғаш «тілі байланды» деп, содан соң «у берді» деп, ақыры ұштығын белгісіз жаққа тіреп қоюы да заманға кінә артқанмен бірдей. Оқырманға түсінікті болу үшін мысалды тағы да жазушының өзінен алғанды жөн көрдік:
«Болат жұлып алғандай: – Нақаңның түбіне есектілер жетті ғой, – деді. Үнсіз отырып-отырып: – Бұл ұзақ хикаят, қарағым! – дей салды. – Бименденің үйі у беріпті ғой, – деді Болаттың әйелі. – Оттамай жайыңа отыр! – деп күйеуі зекіп тастады. – У бергені анық. Бименденің өзі ашаршылық боларын сезіп, жорта жырақтанған деседі, – деп Болаттың әйелі көкайылдығына басты. Бұның байыбына бармаған бала көлденең сұрау қойғанда, Болаттың сол көзі тартылғандай болды. Әлсіз шырақтың сәулесі осыны ғана аңғартты. Шым-шытырық ойға шомған Шәуке көрпесін тұмшаланып, өксіп жылады. Болат та ояу жатыр еді. Бала мұңдықты аяған ол ұйқысыраған боп сандырақтатты. «Ымм! Әкеңе у берген – Бименде, біздің қатын дұрыс айтады!»...
Жазушы бұл хикаятын аштықты көрсету үшін мақсатты түрде жазған. Ондағы аштыққа қатысты көптеген көріністің берілуі соның айғағы. Аштық туралы жазған жазушылардың бәрі де бірінші ана мен бала өлімін алға тартады. Бұл бір жағы шындыққа жақын болса, екінші жағы табиғи түйсіктен туындауы да мүмкін. Тәкен Әлімқұлов та балаларына азық әкелуге кеткен ананың қалай ажал тапқанын төмендегіше суреттейді:
«Көктемнің алғашқы нышаны Несібеліге екіұдай әсер етті. Жер аяғы босап, арқасының кеңитіні қуантса, еріген қардың астынан сүйегі табылатын шеше шошытты. Әке өлімін көрмеген Несібелі шеше өлімінің қасында да болмады. Оның шешесі қай жерде жатыр екен. Қыраңда ма, ояңда ма. Қыраңда болса ерте табылмақ, ояңда болса кеш табылмақ. Әйтеуір, о баста қасқыр жеп кететін жерге құламаса игі еді. Белі сөгіле бастаған жон әлі де жансыз. Әлдеқайдан есіне: «Бір уыс бұйырмады топырағың» деген зарлы өлең түсті.
Осындай эпизодтардан хикаятта халық аузындағы үрейлі әңгімелердің барынша пайдаланылғаны байқалады. 1932 жыл Тәкен Әлімқұловтың он төрт-он бес жастағы ақыл-есінің толық кезі. Ашаршылықтың неден басталғанын, қалай болғанын жақсы біледі. Оған Болаттың әйелінің аузына: «– Мұндай құбыжықты талай көргенбіз. Тұңғышым туған жылы ашаршылық боп, қадірін теріп күнелткенбіз», – деген сөзді салуы да дәлел.
Хикаятта ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеушіліктер жайлы да айтылады. Ортаққа салудан қорқып, елдің көбі малын етке өткізіп жібергені келтіріледі.
«Шаш ал десе, бас алған» шолақ белсенділер туралы да бірталай мысал жүр.
Жоғарыдағы кісісі өлген қаралы үйдің босағасын сабаған Мәлігаждаров сондай мысалдың оннан бірі ғана. Сондай қысымға шыдамаған Назар қобызын өз қолымен сындырып құтылған. «Назар осы күні ескі серігін сағынады. Кей-кейде қобыздың сарынын ауызша айтады. Мұндайда Зияш көлденең жұрт нақұрысқа жориды деп жерге кіріп кете жаздайды», деген өмір суреттері ащы да болса шындық.
Аштық елді ақылынан адастырғаны да терең психологиялық талдаулармен берілген. «Орынбасар: – «Бір күн қарны ашқаннан үш күн ақыл сұрама» деген осы! – деп күрсінді». Бұл сөйлем сөз ретімен жай жазыла салды дегенге келмейді. Үрей билеген, еркінен айрылған, есін жоғалтқан, рухы сынған адамдар сұраусыз тобырға айналған. Олар үшін тамақтан өтер бір түйір астан басқа ешқандай құндылық жоқ. Осы трагедияны жазушы ел арасының әңгімесі етіп жіңішкелеп жеткізеді:
«– Отағасы, шошқаның майымен қалайсыз? – Енді мазақ қылайын дедің бе, бізді?! – Ақсақал-ау, не мазағы бар. Жаңағы бауырсақ қабанның майына пісірілген. Тұқымы құрыған қойды мен қайдан табамын?!. – Не дейді?! – деп қобызшы шошып кетті. Ойланып отырып-отырып, әлден уақытта: – Қап, құсып тастайын десем бауырсағы түскірдің кеңірдектен бері өтпей тұрғанын қарашы! – деді. Күйеуінің жол-жорықсыз бәлденгеніне жыны келген Зияш: – Е, немене, мысықтың күлімсі еті шошқаның тортасынан артық болып па? Балаларды шошытпай жайыңа отыр, – деп зекіп тастады».
Тәкен Әлімқұлов аштықтың адамдарына осындай образдық талдаулар жасайды. Олар діннен де, ділден де, тілден де оңай айрыла салуға бар.
Өздері аш болған соң, өмірде басқа ешқандай құндылық қалмаған. Жазушы негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде қобызшыны әдейі енгізіп отыр. Мұнда «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген Қорқыт идеясына астарлы мағына жүктелген. Қар астында қалған әйел, сүйегін жинап ала алмай қырылып жатқан халықты бейнелегені. Ал қобызын өз қолымен сындырып, құтысын сақтап қалған қобызшы – табыт құшақтаған реквиемдік тұлға. Жазушы аштықты ашық жаза алмаса да, сол қобызшы образы арқылы «қайда барсаң да көр қазып жатқан адамдар» деген көріністі бергісі келген.
Рас, хикаятта жаппай қырылып жатқан халық жоқ. Аштықтың нағыз сұмдық қорқынышты көріністері де берілмеген. Бірақ ашық, жасырын диалогтардан ел ішін аштықтың елесі кезіп жүргенін анық көруге болады:
«Назардың шағымын естіген кісі: – Төрелікке жоқпын. Ал егер елге көшсеңдер, Ноғайбайдың куәлігіне: «Қызмет бабында қайтыс болды» дегізіп, райкомнан мөр бастырып алыңдар, – деді. – Біздің елде иттің терісіне мөр бастырып алған біреу аштан өлді, – деді Назар.
Аш адамның екі сөзінің бірі кеңірдектен өтер ас. Келген қонағына «Қорегіміз – тұқымдық жүгері» дейді. Оны да «жер татыған жүгері» деп анықтап айтады. Қуырғанда қауашақ ашқанын әтуерлеп: «Мынаны сен же, шырақ» деп жеңгесінің қайнысының алдына ысырғаны жүрек ауыртады. Адамдардың арасындағы қарым-қатынастың бәрі не жеп, не қойғанына тіреліп қалған. Әсіресе бір үзім нанға көзін сатқан балалардың өмірі психологиялық тұрғыдан өте ауыр суреттеледі. Мысалға келтіруге ұзақтау болса да мына бір үзіндіден соны көрер едіңіз:
«Несібелі майыса қарады да, сафлордың талқанын шылауға кірісті. Өкіл болса, ат үстіндегі қоржынын алдырып, бөз дастарқанға бауырсақ төкті. Балбыраған бауырсақты көргенде шыдамы таусылып, аузының суы құрыды. Бойжеткен теріс айналды. – Қарындас келіңіз. Жеңгей, сіз де келіңіз. Інішек, сен де қосыл. Тағам жетеді, – деді Тұрсынғали Назаров. Осы кезде, төсекте ұйықтап жатқан жас бала оянды. Бейғам балдырған бірінші рет қызғаныш білдіріп, бауырсақтың денін өзінің алдына ысырды. Назаровтың ішін аяныш жайлады. Ол ертеңді ойламай қоржынның түбін қақты. Бейтаныс үйдің жандары жоғы табылғандай жадырады. – Баланың көзі тар болады. Мынаны ертеңге қалдыр, – деді қобызшы әйеліне».
Оның кейіпкерлері аштық пен үрейден мінез-құлқы өзгерген адамдар. Бұрынғы асқақ сезімдері мен тарпаң мінездері алты қырдың астында қалған. Қаралы үйге көңіл айта келген Орынбасар құран оқиды. Сол кезде басында ақ кепкісі бар біреу келеді. Отырғандар оны өкіл екен деп ойлайды. Аузындағы құранын жыйып ала қойған Орынбасар: «Аққұмның бір қызы бар, Іңкәр атты» деп әндетіп қоя береді. Жұрт «Мынаны жын қақты ма?!» деп аң-таң болады. Шындығында олардың басындағы жағдай жын қаққаннан да бетер сорақы еді.
Адамдар кімді қарғарын білмейді. Құдайды қарғаса, Құдайға да сөз өтпейді. Содан соң бірін-бірі қарғайды. «Ырысбике: – Жалғыз ағаңды сыртынан: «Өліп қал» деп қарғаушы едің. Мұратыңа жетіп тындың, – деді. Басына қаны шапқан Назар: – Өліп қалыңдар. Қырылып тыныңдар... – деп шаба жөнелді. – Түйеңді жетелеп шап, шырақ, – деп жеңгесі айқайлап қалды. Шамалы уақыт өткенде Назар қайта оралды. Ашуы басылып, жуасып қалыпты. «Қайтейін, өз қолыңды өзің кесу жоқ. Тарықсаңдар, сәлем айтыңдар!» деді».
Қанша аштық туралы жазылып отырса да, бұл – көркем шығарма. Жазушы оны маңдайдан ұрғандай қарадүрсін етіп жазбайды. Кейіпкерлерінің басындағы азапты сәттерді де көркем етіп суреттейді. Кей тұста олардың ащы тағдырына ирония да араласып кетеді. Адамдар бірін-бірі қарғағаны сияқты, өздеріне өздері күледі: «Зияш намысқа шапты. – Қазы шайнап, қабырға қажаған менің әкем, ішін кебек тескен сенің әкеңнен кем болып па?! Назар шырт ете қалды. Шөкімдей шекесі қушиып, шақша басы шошайып, қоңқақ мұрны қисайып кетті. Бетінің түгі жыбырлады. – Ақымақ, әкем менен өткен тыраш-ты. «Жегенім қысы-жазы екшеген сөк, ырымға арпа, талқан жеп көргем жоқ», – деп өлең шығарған. Зияш мырс етіп күлді де, жауабын іле қайтарды. – «Қыз үйінде жегені ақ жарма еді, әкем тазға берді деп армандап еді» – деген өлең де сіздің ауылдан шыққан ғой. – Ақымақ, жарманы сары майға шылайды. Сонда ішекке жабыспайды. «Ішін кебек тескен» деуге аузың қалай барды. Зияш шамалы ойланып: – Сары майға обал екен, – деп қоя салды.
Бұл далада аштық туралы сұмдық аңыздар туған. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» дегендей мақал-мәтелдер шыққан. Соның бәрі аштармен бірге өлген, саулардың да санасынан сызылған. Өлі аруақтар тірі бейбақтарға ұйқы бермеген замандар да болған. Тіпті отыз жетінші жылғы қуғын-сүргін отыз екінші жылғы аштықты ұмыттыру үшін ойлап табылған десе де сенесің. «Әдебиет – ардың ісі» десе, сол қағиданы Тәкендей ұстанған жазушы жоқ шығар. Осының бәрін аттап өтуге ар-ұяты жібермеген екен.
Бір қадақ бидай табудың өзі үлкен хикметке айналған заман еді ол. «Тамының қабырғасы бидай қоймасы екен деседі. Тірі жан білмейтін құпияны өлерінде хатқа жазып кетіпті-міс». Тәкен Әлімқұлов жазған осы сөйлемді оқыса, қабырғаға алтын тыққан талайды ойландыратын шығар. Біз басқа емес, өз басымыздан өткен осындай қасіретті күндерді де азалай алмаған халықпыз. Жасыратын несі бар, Тәкен Әлімқұлов халқымыздың жартысын жалмаған сол қасіретті қазақша емес, еврейше түзген. Цензурадан да өткізген, мына заманға да жеткізген. Әрі-беріден соң оның ұлт үшін жасаған ең құнды шығармасы осы «Қаратау» повесі болуға тиіс.
Әрине, көркем шығарма болғаннан кейін үмітсіздікпен аяқталмайды. Тұрар Рысқұлов сияқты тұлғалардың прототипі мұнда да бар. Ол әкесінің аты қобызшы Назармен аттас Тұрсынғали Назаров. Жазушы аштыққа ұшырағандарды құтқаруға келген Назаровтың өз жұртында қандай қарсылықтарға ұшырағанын да жасырмай жазады. Бірақ ол Тәкендей тарлан қаламгердің өз ұлтына деген ішкі арманынан туған тұлға. Сондықтан да еңіреп жүріп өлген ер Ноғайбайдың орнын толтыруға келген көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде мынандай кепті бастан кешеді-дүр:
«– Ертеңнен бастап қоғамдық көже ұйымдастыру керек. Оған шейін жүрек жалғай тұру үшін жан басына үш жүз грамнан астық беру керек, – деді. – Тұқым қордың бір қадағы үшін бес жыл береді, – деді Бименде. – Ей, басқарма тұрғанда сенің аузың неге қыши береді, – деді Әлиякпар дүңк еткізіп. – Тұқым қорға есепшінің жаны ашиды-дағы, – деді Бименде. – Жолдас бастық, сіз не айтасыз?! – деді Тұрсынғали Назаров көрнеу кекесінді кескінмен. – Аудандық саяси бөліміне сенеміз ғой, – деді Орынбасар. – Тек, ауызша істетпей, із-міз қалдырсаңыз жақсы болар еді. Тұрсынғали Назаров ойланбастан: – Тұқым қордан қанша астық алғанын хаттап, акт жасау керек. Қоғамдық көже де сол жолмен іске асырылады, – деді. Қоғамдық көженің қазаншысы болып Назар белгіленді. Әрине, Назаров Тұрсынғали емес, кәдімгі қобызшы Назар. Аштар есін жинай бастады».
Сөйтіп «Қаратау» повесінде Кеңес өкіметі қазақ халқын өзі ұрындырған аштықтан өзі құтқарады. Аштықтан есі ауған аңқау халық та соған баладай сенеді. Бұл сюжет шығармада: «Шәуке хат тасушы болды. Күні бойғы қыдырыстан шаршаған інісін Несібелі таңертең тербеп, шайқап оятады. «Аш, ұйқым, аш! Кет, ұйқым, кет!». Осы жолдарды оқығанда жазушы өлген-тірілген кейіпкерлерін түгел осылай тербетіп оятқысы келгендей көрінеді. Сен де соны ішіңе өксік тығылып үнсіз қайталай беретін секілденесің. «Аш, ұйқым, аш! Кет, ұйқым, кет!»...
Мақаламды міне, мен де осылай аяқтағым келіп отыр. Бірақ повестің екінші жартысын қайда сыйғызарымды білмеймін. Ол жартысының не туралы екенін айтқым да келмейді. Егер керек болса, оқырман өзі тауып алар деген ойдамын. Бір ғана айтарым, шығарманың сол жартысында Шәуке жаңа тұрмысқа тұяқ іліктіреді. Повесть осылайша «Екі қыз екі жақта. Шәуке ортада. Үшеуі де жетім» деп аяқталады. Сөйтіп біздің ұлтымыз жетім қалыпты. Жетім қалған ұлтымызды Кеңес өкіметі асырап алыпты...
Көшеде қай заманғы екені белгісіз, ірік-шірік бір дәу қара томар жататын. Үстінде жасы қаншаға келгені белгісіз, беті бұжыр-бұжыр бір дәу қара кемпір отыратын. Томар-кемпір қолындағы таяғымен жерді нығарлай шұқығанда, тура желкемнен нұқығандай еңкейіп кететінмін.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК