Бірақ осы қыста жұмыртқа бағасы 70 теңгеге жеткенде «әй, осы өтпей, сөреде сіресіп тұрып қалар-ау» деп ойлағандар көп болған. Қайдағы, соның өзі жетпей, тағы сол сырттан миллиондап алдырып жаттық.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына жатқызылған жұмыртқа бағасы неге аспандап кетті? Осы кәсіптің құлағын ұстап отырғандар басты себептің бірі ретінде жемнің қымбаттап кеткенін айтады. Әрине, қазір кез келген тауар бағасын нарық реттейтіні белгілі ғой. Бірақ дәл осы жұмыртқа тапшылығынан басқаларға қарағанда Сыр өңірі қатты қиындық тартып отыр. Себебі аймақта құс шаруашылығы қанатын кеңге жая алмаған саланың бірі болып тұр. Бұл – жергілікті билікпен қатар кәсіпкерлер палатасының мамандары назарда ұстап отырған мәселенің бірі.
– Құс шаруашылығын субсидиялау шарттарына еліміздегі ең ірі компаниялар ғана сай келеді. Олардың қатарына біздің облыс енбейді. Ену былай тұрсын, тіпті маңайлай алмайды, – дейді аталған палатадағы агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков. – Мысалы, шаруашылық жылына 20 млн жұмыртқа өндіргенде ғана әр данасына 1 теңгеден субсидия беріледі. Өндіру көрсеткіші ұлғайған сайын мемлекеттік қолдау да арта береді. Ал біздің аймақта ең көп өнім өндіретін кәсіпорын – «Шиелі құс» шаруашылығы. Оның өзі де былтыр нарыққа 7 млн жұмыртқа ғана шығарды.
Құс фабрикасын салуға қарастырылған инвестициялық субсидия да бар. Бірақ бұл үшін кәсіпорын өнімді 50 млн-ға жеткізу керек. Сонда ғана мемлекет құрылысқа кеткен шығынның 25 пайызын қайтарып береді. Сыр бойындағы шағын шаруашылықтар субсидиялаудың осы екі талабына да сай келмейді.
Палата мамандары облыстық ауылшаруашылық басқармасы өкілдерімен бірлесіп министрлікке шағын құс фермаларына субсидия беру туралы бірнеше мәрте ұсыныс жолдаған. Қарапайым қисынға салғанда да санаулы компанияны қолдағаннан гөрі, жүздеген ұсақ шаруашылықтарға демеу жасаған жөн емес пе. Бірақ әзірше ол ескерілмей тұр. Қыруар қаржы жұмсап, іс бастаған шаруашылықтарға көзқарас осындай болып тұрғанда үйде 100-200 тауық асырап отырғандарды қолдау жайлы айту артық шығар.
Мамандар жаңағы субсидияның өзі 2022 жылға дейін ғана жоспарланғанын айтады. Өйткені қазір еліміздің біраз өңірлері жұмыртқа өндірісін жолға қойып алды. Тіпті Ауғанстан, Өзбекстан секілді мемлекеттерге өнім экспорттай бастадық. Ендігі кезекте ет бағытындағыларды қолдау артуы мүмкін. Қазақстанда импортқа тәуелді азық-түлік түрінің бірі осы құс еті. Әлі күнге оның 40 пайызын сырттан тасып отырмыз. Әлемдегі ең ірі гуманитарлық ұйым саналатын дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының есебінше, алдағы 10 жылда бір адамның тауық етін тұтынуы жылына 30 килоға дейін ұлғаяды.
Осыдан 4 жыл бұрын облыста алғашқы тауық фермасын құрған кәсіпкердің бірі – Насыр Мырзабеков. Шиелілік азамат өзі жетекшілік ететін «Мөлдір и К» компаниясының жанынан «Шиелі құс» шаруашылығын ашады.
– Соңғы 10-15 жылда «қарапайым жұмыртқаның өзін неге сырттан алдырамыз, өзіміз неге өндірмеске?» деген ойда жүретінмін. Сәті келіп, 2016 жылы 10 мың тауық алып, істі бастап кеттік. Бұрын білмейді екенбіз, бұл кәсіпте де кедергі көп екен. Сонда да тауық санын көбейтіп, қазір жылына 7 млн жұмыртқа өндіріп отырмыз. Күзде дақыл арзан болғандықтан бар ақшамызға жем алып қоямыз. Осыдан да шаруашылықты дамытуға шамамыз келмей қалады, – дейді кәсіпкер.
Одан кейінгі мәселенің салмақтысы – маман тапшылығы. Таныстары арқылы Алматыдан осы саланы жақсы білетін бір технолог тапты. Сол маманнан телефон арқылы кеңес алды. Әлі күнге дейін көмектесіп келе жатқан Әділхан Жарылқасынов есімді азаматтың арқасында шаруашылық алға баса бастады.
Құс бағу жұрт ойлағандай оңай кәсіп емес. Жейтін жемінен бастап жетіліп кеткенше баладай мәпелеуің керек. Әйтпесе еңбегің еш кетеді. Мысалы, тауыққа керектінің бірі бидай. Бірақ жергілікті жердің өнімі оған жарамайды. Басында білместікпен беріп, өнімін төмендетіп алғаны бар. Ең алғаш мыңдаған жұмыртқаны өткізе алмай, қиналған кезін де ұмытқан жоқ. Аймақтағы осы нарықты билеп отырған сырттағы өндірісшілермен бәсекеге түсті. Қазір өнімі өтпей емес, жетпей қалып жатыр. Балапан өсіретін цех салды, жемді майдалайтын құрылғылар сатып алды. Тауық санын 20 мыңға жеткізді. Енді іс аясын тағы кеңейте түсуді көздеп отыр.
Тауық балапанына 4 айға дейін 18 түрлі вакцина салынады. Өз бетінше ізденген кәсіпкер осының бәрін меңгеріп алған. Өнім сапалы болу үшін жемге қосылатын 19 түрлі қоспаны және алу керек. Оның бәрінің бағасы былтыр еселеп өсіп кетті. Ең қиыны, осы керектінің бәрі сырттан келеді. Жарайды, дәрумен жасауға әзірге дәрменіміз жете қоймас, ал жүгері, соя, күнбағысты өзімізде-ақ егуге болады ғой. Осы оймен жергілікті әкімдіктен жер сұрап көрген. Бірақ шұрайлы жерді қолы ұзындар әлдеқашан иеленіп алған болып шықты. Олар не өздері екпейді, не өзгеге бермейді. Кәсіпті дамытуға көлеңкеде тұрған осындай көкелердің кесірі көп тиіп тұр.
– Осы мәселенің бәрін жақында өткен облыс әкімінің есепті кездесуінде көтердім. Мәселе шешілетін сияқты. Алда «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп кәсіпті кеңейткім келеді, – дейді кәсіпкер.
Облыстық кәсіпкерлік палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Мұрат Балабаев аймаққа жұмыртқаның 97 пайызы сырттан әкелініп отырғанын айтады.
Былтыр өзіміз өндірген 7 млн дана жұмыртқаны облыс тұрғындарына шаққанда жан басына жеті-сегізден келеді екен. Былайша айтқанда, бұл ешкімнің жұмырына жұқ болатын көрсеткіш емес. Жұмыртқа тұтынудың ұлттық нормасы адам басына 142 данадан келіп тұр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір адамның физиологиялық нормасы – 243 жұмыртқа. Осы тұрғыдан алып қарағанда, облыстағы жұмыртқа өндірісі ұлттық нормадан 18,2, ал физиологиялық нормадан 31,1 есе төмен. Осы нормалар үдесінен шығу үшін жұмыртқа өндірісін айтарлықтай арттыруымыз қажет.
– Жер жүзіндегі халық саны жедел өсіп жатыр. Осыған байланысты алда адамзаттың етке сұранысын мал шаруашылығы өтей алмайды. Бұл тарапта құс шаруашылығы әлдеқайда тиімді. Жыл сайын оның үлесі арта беруі керек. Қараңыз, баққан малыңыздың пайдасын көру үшін кемінде бір жыл жұмсайсыз. Құстың өсімділігі одан әлдеқайда тез. Мысалы, бройлер тауықты 40-50 күнде сойып, 2-3 кило ет аласыз. Одан бөлек жылына 300 рет жұмыртқалайтын ломан, леггорн, хайсекс тұқымды түрлері бар. Тек таңдай білу қажет. Тауық бағуға да тиянақты дайындық керектігін көп адам ескере бермейді. Қай түрі болса да мекиені 8-9 ай ғана өнімді жақсы береді. Одан асқан соң жеген жемін де ақтамайды, алмастырып тұрған дұрыс, – дейді Мұрат Сұлтанғазыұлы.
Көзге көріне қоймайтын осындай кедергілерге қарамастан, жергілікті кәсіпкерлер қал-қадерінше саланы дамытып келеді. Мысалы, 2016 жылы облыста 86,5 мың бас құс өсірілсе, ал 2020 жылы олардың саны 123,5 мыңға жеткен. Осыдан 5 жыл бұрын 15,1 тонна ет өндірілсе, былтырғы көрсеткіш оның 2,2 есеге артқанын көрсетіп тұр. Жұмыртқа өндірісінде де алға жылжу бар.
Биыл Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығы жылына 3 мың тоннадан астам құс етін өндіретін фабрика салуға кіріспек. Құны 4 млрд теңгелік жобаны жүзеге асыру үшін 20 гектар жер телімі тегістеліп, қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Фабрикаға қажетті азықтық база дайындау үшін 1 мың гектар жер телімін бөлу де қарастырылған. Қармақшы ауданында 1500 тонна құс етін өндіруі тиіс фабриканың салынып жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Осы «сақалды құрылыстың» та биыл бітетін түрі бар. Екі бірдей өндіріс орны іске қосылса, сырттың өніміне тәуелділігіміз сәл болса да төмендер еді. Бірақ мұның бәрі жоба. Ал құс еті мен жұмыртқа өндірісі шын мәнінде өрістеуі үшін тиісті құрылымдар тарапынан тегеурінді қолдау қажет.