«Кеңес туы» қалай ашылды?
1928 жылы байтақ елімізде маңызды әкімшілік реформалар жүргізіліп, губерния, уезд, болыстықтар жойылып, орындарына облыс, округ, аудандар құрылады. 1928 жылы 15 тамызда бұрын Семей губерниясына қарап келген Павлодар уезі жеке округ мәртебесіне ие болады. 9 ауданның басын қосқан округтің жұртшылығына партия мен өкіметтің талап-тілектерін насихаттау мақсаты қойылып, баспасөздің қажеттігі туындайды. Осылайша, 1928 жылдың 21 желтоқсанында Павлодар округтік партия комитеті орыс және қазақ тілінде газетер шығару туралы қаулы алады. Орыс тілінде шығатын газет «Советская деревня» деп аталады да, қазақ тіліндегі газеттің атауы «Кеңес туы» болып бекітіледі. «Кеңес туының» алғашқы нөмірі 1929 жылдың 15 ақпанында жарық көреді.
Әрине, алдымен оны ұйымдастыру бойынша іргелі міндеттер тұрды. «Кеңес туы» газетінің жұмысын нығайтуға көрнекті партия, совет қызметкерлері жіберілді. Газеттің алғашқы нөмірінің жарық көруіне, содан кейінгі жылдары округтік партия комитетінің бюро мүшесі болған Әмірғали Епмағанбетов, округтік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Кәрім Әжібековтер зор көмек көрсеткен. Кейіннен бұл азаматтар газет жұмысына белсене араласып, жылдар бойы редакция алқасының тұрақты мүшесі болады. Газет сол кезде жүргізілген саясатқа сәйкес партия алға қойған келелі міндеттерді шаруаларға өз тілінде кең жеткізіп, оның айбынды үгітшісі бола білген. «Кеңес туы» газетінде редактор болған кездерін, басылымды шығаруда кездескен қиыншылықтарды газеттің тұңғыш редакторы Бейсенбай Кенжебаев кейін былайша еске алады:
«Бұрын ешқандай негізі болмаған газетті шығару, қарапайым тілмен айтқанда, инемен құдық қазғандай болды. Газет араб әрпімен шығатын болды. Бірақ араб әрпінің өзі де атымен жоқ болатын. Ал табыла қалған күнде тере қоятын әріп теруші де болмайтын. Округтік партия және кеңес атқару комитеттерімен келісіп, белгілі мөлшерде әріп сатып әкелу үшін Қазан қаласына арнаулы адам жібердік. Ол кісі бұған дейін Қызылорда қаласында баспаханада істеген, азды-көпті тәжірибесі бар Сабыр Шәріпов деген татар жігіті болатын (Белгілі революционер С.Шәріпов емес). Сөйтіп арада үш ай өткенде Қазан баспаханасынан газет шығаруға жететін әріп пен баспахана жабдықтарын алдық та, іске кірістік.
Газеттің бірінші нөмірін шығаруға округтік партия комитетінің бірінші секретарі П.В.Жигарев адам айтқысыз көмек көрсетті. Баспахана жұмысын тәртіпке келтіруге, газет және баспахана қызметкерлерін іріктеп алуға тікелей өзі көмектесіп, қамқорлық жасады. Сонымен «Кеңес туының» бірінші нөмірін Әмірғали, Кәрім үшеуіміз қол қойып шығарған едік», дейді.
Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сарыарқа самалы» газетінің ардагері Төлеубек Қоңыров естелігінде жазып өткендей, «Б.Кенжебаев бұл өңірге партия жолдамасымен келген, мұны ойдағыдай орындағаны белгілі. Мәскеуде оқуына қайта жол ашылды. Мұнда әдебиет институтын оқып тауысқан соң республикаға оралып, ғылымға бет бұрды».
Осылайша, Бейсенбай Кенжебаев Павлодар өңірінде тұңғыш қазақ газетінің қалыптасып, халық игілігіне қызмет етуіне мол еңбек сіңірген тұлға ретінде облыс тарихында қалды.
Жеке деректері «сөйлейді»
Қазіргі «Сарыарқа самалы» («Saryarqa samaly») газетінің атасы – «Кеңес туы» газетінің тұңғыш редакторы Бейсенбай Кенжебаев Павлодар өңіріне қызметке келгенде 25 жаста екен. Бұл туралы Павлодар облыстық мемлекеттік архивінен газеттің 90 жылдығына орай арнайы сұрастырып іздегенде біршама дерек шықты.
Солардың бірі – 1929 жылғы 8 қаңтарда берілген 2031-нөмірлі Бүкілодақ-
тық коммунистік партиясы Қазақ өлкелік комитетінің газет жұмысына жіберу туралы іссапар куәлігінің көшірмесі. Айтпақшы, округтік партия комитеті 1929 жылы 3 қаңтардағы, жаңа жылдағы қызметін газеттердің редакциясын жасақтау, типографиясын ұйымдастыру туралы мәселелерді қараудан бастапты. Яғни халық ағарту ісінің маңызды кезеңі жүргізіліп жатқан сәтте Б.Кенжебаев біздің өңірге жолдамамен жіберілген болып шығады.
1929 жылғы 28 наурызда партияның Павлодар округтік комитетінің есеп бөлімі коммунистік курстық оқулардан өткен, жеке парақшалары толтырылған қызметкерлердің тізімін жариялайды. Онда Б.Кенжебаев Москвада КУТВ-да 3 жыл оқыған, Павлодарда «Кеңес туы» газетінде редактор болып қызмет етеді деп жазылған.
Міне, қолымызда газет қызметкерлерін есепке алуға арналған анкета көшірмесі. Толтырушы – Бейсенбай Кенжебаев. Өзінің қолымен жазылғандай, «лауазымы – газеттің жауапты редакторы, жұмысқа кіріскен күні 20.01.1929 жыл. Коммунистік партия мүшесі, 1904 жылы туған, ұлты қазақ». Осы құжатта Сталин атындағы К.У.Т.В. оқу орнында 3 жыл оқып, 1925 жылы аяқтап шыққаны көрсетілген. Баспасөз саласындағы тәжірибесін де анықтап жазған: «1925 жылдан бастап 1929 жылға дейін Қызылорда облысында «Жас қайрат» атты газеттің және «Лениншіл жас» журналында жауапты редактор орынбасары,«Еңбекші қазақ» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған». Анкетаның «басқа салалардағы тәжірибелік еңбек өтілі» деген бөлімінде былай деп жазылған: «1916-1919 жылдар аралығында Түркістанда жеке байдың қолында (батрак) жалданып, 1919 жылы Ташкентте жекеменшік мақта шаруашылығында жұмыс істеген. Кейін 1921 жылы совпартшколада курсант, сол жылдың аяғынан бастап Сталин атындағы КомВуз бөлімшесінің студенті болған. 1922-1925 жылдар аралығында 3 жыл бойы Москвада «Сталин» КомВузында студент болып оқыған».
Анкетадағы мәліметтер қолмен жазылған, оны Б.Кенжебаев өзі толтырған болуы да мүмкін. Құжаттың соңғы бөлімінде қызметкерге баға берілген. Баспа машинкасымен терілген жазбада былай деп жазылған: «Кенжибаев Бейсенбай в ВКП (б) с 1927 года. Казак, служащий, общее образование незаконченное среднее. Окончил коммунистический университет имени Сталина. С 1925 года работает на газетной работе в качестве заместителя и ответ.редактора газеты. В Павлодарской организации работает с января отвественным редактором газеты «Кенес туы» с работой справляется, в общественно-политически вопросах ориентирутся вполне. В силу неумения сочетать теоретической подготовки с практикой – в период проведения хозяйственно-политической кампании было допущено к отпечатыванию ряд статей носящий явно правый оппортунистический характер. Работать отвественным редактором может только при помощи редколлегии и руководства парткомитета».
Бұл тарихи құжаттардан аңғаратынымыз, Кеңес өкіметі кезінде баспасөз атаулы партия комитетінің қатаң қадағалауында болғаны. Жауапты редактор ретінде қызмет ете тұра Бейсенбай Кенжебаев сырттан қырағы көздердің бақылауында болды. Оның нақты қандай бірнеше «сәйкес келмейтін» мақалаларды жариялағаны бізге белгісіз. Жалпы, «Сарыарқа самалы» редакциясы 90 жылдығына орай мемлекеттік архивтен құжат көшірмелеріне сұрау салғанда, бірнеше басшы қызметкерлердің анкеталары, т.б. анықтамалары табылды. Олардың барлығы осындай ерекше «мінездемемен» аяқталған, әйтеуір сақталған. Басшылардың партия комитетінде есепке тұруы олардың құжаты кейін архивте бөлек мәртебемен сақталуына себеп болған секілді.
Біздің білетініміз – Бейсенбай Кенжебаев Павлодар округтік «Кеңес туы» газетінің тұңғыш редакторы болып 1929 жылдың 20 қаңтарынан бастап 1930 жылға дейін қызмет етті. Одан кейін газет басшылығына Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, қазақ әдебиетінің аға буын санатындағы көрнекті өкілі, ақын Ғалым Малдыбаев редактор болып тағайындалды. Ол осы қызметті 1933 жылға дейін атқарды. Айтпақшы, газет 1930 жылдан бастап атауын заман талабына қарай «Колхоз» деп өзгерткен болатын. Ғ.Малдыбаев Бейсенбай Кенжебаев бастаған игі істі одан әрі жалғастырды.
Ол қандай редактор еді?
Өкінішке қарай, Бейсенбай Кенжебаевтың редакторлық жұмысы туралы мәліметтер аздау. Бұған бір себеп Павлодар өңіріндегі аз уақыттық қызметі майталман ғалым, қазақ әдебиетінің білгірі Бейсенбай Кенжебаевтың бай ғұмырбаянының бір үзік кезеңі ғана болғанынан шығар. Десе де, оның Ертіс-Баян өңірінде қызмет еткені туралы дерек – жергілікті жұртшылық, баспасөз өкілдері үшін ерекше маңызды. Сондықтан әр уақытта айтылған, жаңадан қол жеткен там-тұм деректердің өзін жинақтап, басын қосып, оқырманға ұқсатып жеткізу – бүгінгі парызымыз.
Б.Кенжебаев туралы тұшымды естелік қалдырғандардың бірі ғана емес, бірегейі – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі университет) қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған профессор Ермек Өтебаев. Ол өзінің «Тұңғыш редактор туралы сыр» атты мақаласында былай деп еске алады (1999 жылы жазылған):
«Өмір маған қырық жылдан астам уақыт ғалым, ұстаз, журналист Бейсенбай Кенжебаевпен көңілдес дос, пікірлес жолдас болуды сыйлады. Алғаш кездескенде-ақ жылы жүзді, кішіпейіл ол қатты ұнады. Бір әттеген-айы ұзақ мезгіл ішін бермейтін, ақтарылып төгілмейтін, сыпайы сөйлесіп, сипай салды қалып танытатын. Адамды бойына тартып, үйіріп әкетер шапшаңдығы тағы жоқ-ты. Жүре келе, жиі араласа шым-шымдап сыр тартып, өзіңді өзгеше құмарлықпен зерттей бастайтын.
Бейсенбай Кенжебаев 1904 жылғы 4 қазанда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген деген жерінде кедей шаңырақта туған. Анадан үш жасында жетім қалған.
Бейсекең Павлодарда қызмет істеген жылдарын өмірінің сәтті кездері деп санады. Десе де, «Кеңес туын» кереметтей қиындықпен шығарды. Ол кезде полиграфиялық база дейтін болмайтын. Авторлар да жоқтың қасы еді. Газет жадығаттарының басым көпшілігін редакция қызметкерлері Сағымбай Шашкин, Кәрім Әжібеков, Әмірғали Епмағамбетов, Зікірия Абдуллин, Сұлтан Лепесов, Ғалым Малдыбаев және басқа да азды-көпті сауатты, қаламының желі барлар даярлайтын. Әрине, олар да жетілген журналистер емес-ті. Жол қатынасы қиыншылығы мен көліктің тапшылығына қарамастан, газетшілер округтің ең алыс түкпірлеріне дейін барып, ауыл тынысын, еңбекші бұқараның жай-күйін, мәдени-ағарту жұмысын жазатын.
Бейсекең «Кеңес туында» редактор болып істеген жылдар еліміздің тарихындағы ауыр кезең болатын. Ауқаттылар мен зиялылар бай-кулак атанып, жер аударылып жатты. Бір ғана Сәтбаевтар әулетінен сегіз адам, Шормановтар тұқымынан жеті адам, Боштаевтар ауылынан алты адам ел мен жерден айрылып, Батыс Қазақстанға қарай айдалды. Ел басшыларынан ажырап, ботадай боздады. 1927-1928 жылдары жер-су бөлісі, іле-шала ұжымдасу науқаны басталды...».
Б.Кенжебаев Павлодар округтік «Кеңес туы» газетін ұйымдастырып қана қойған жоқ, осы өңірде кейіннен қазақ әдебиетінің классиктері болып атақтары аспандайтын Қалижан Бекқожин, Зейін Шашкин, партия қайраткері – журналист Кәрім Әжібеков, полковник, даңқты қолбасшы Әбілқайыр Баймолдин сынды қарымды қаламгерлерді газет ісіне тарта білді. Осылайша, Павлодар өңірінде қазақ журналистикасы өркен жайды.
Сұлтанмахмұтты алғаш зерттеуші
Бейсенбай Кенжебаевтың Павлодарда қызмет ете жүріп, ұлт үшін атқарған ірі ісінің бірі – әйгілі алдаспан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығын зерттеуге кірісуі. 1920 жылы дүниеден озған ақынның өмір жолы, поэзиясы Бейсекеңді ерекше тәнті еткені айқын. Ол туралы бірнеше естеліктерде айтылып өтеді.
Ермек Өтебайұлының жазуынша, Павлодарда Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың үй-ішімен, жақын туыстарымен танысқан, олармен достық қарым-қатынаста болды. Кейінірек Сұлтанмахмұт жақындары ішіндегі көрнектілерінің бірі Шерияздан Ыдырыс Қажыұлы Аймановпен жақсы біліс, туыстай болып кетті. Одан Сұлтанмахмұттың ақындығы жайында көптеген мәліметтер алды. Осы әсері кейін ақынды зерттеуге мұрындық болды. 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» деген тақырыпта зерттеу еңбек жазып, ғылым кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады. Ақын өмірі туралы «Асау жүрек» әңгімелер топтамасын дербес кітап етіп бастырды.
Тағы бірі деректі ардагер журналисіміз, марқұм Төлеубек Қоңыр өзінің естеліктер қолжазбасында келтіреді:
«Б.Кенжебаев университеттің филология, журналистика факульттерінің студенттеріне дәріс берді. Әдебиетші ғалымдар тәрбиелеуге белсене араласты. Ғылым жолындағы ерен де қажырлы еңбегін кемеңгер классик жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов жоғары бағалады. Қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековті көне түркі жазуын зерттеуге баулыды. Қазір М.Жолдасбеков танымал ғалым, қоғам қайраткері атанып отыр.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтан университет қабырғасында оқып жүргенімде (Т.Қоңыров 1956 жылы «Қызыл ту» газетінің редакторы Әзілхан Нұршайықовтың бағыт сілтеуімен ҚазМУ-ге, журналистика факультетіне оқуға түскен – Н.Ж.) дәріс тыңдағанмын. Оның «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» деген дәрісі зердемде мәңгі қалды. Сонда ғалым-ұстаз былай деген еді: «Қазақтың демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров Абайдан кейінгі қазақ елі ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті жете көріп, оны өз шығармасында арқау ете білген талантты ақын» деген еді. Оны зерттеп, төңкерісшіл демократ ақын ретінде елге кеңінен танытты. Ақын, журналист Сәбит Дөнентаев та Бейсенбай Кенжебаевтың назарынан тыс қалмады».
Осылайша Павлодар өңірінде сонау 1929 жылы қазақ газетінің алғашқы редакторы болған тұлға, кейіннен түбегейлі әдебиеттану ғылымы саласына ауысып, өзіндік қолтаңба қалдырған. Б.Кенжебаев ежелгі қазақ әдебиетін зерттеу ісіне өзінің бірнеше шәкіртін баулыған болатын. Осы тұста шәкірттері қалдырған ғалымдық, ұстаздық қасиеттері туралы естеліктердің молдығын айтуға болады. Белгілі түркітанушы, ғалым, тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауин «Мен» атты ғұмырнамалық романында өзінің ұстазының қайраткерлік болмысын жан-жақты бейнелеп берген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын әйгілі филолог ғалым, түркітанушы Мырзатай Жолдасбеков республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Асылдарым» атты эсселер циклін жариялаған болатын. Соның «Біз білмейтін Бейсекең» атты бір жарияланымын ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ұлағатты істеріне арнады.
Бір суреттің тарихы
Б.Кенжебаевтың тікелей ықпалымен қазақ әдебиеті ғылымын зерттеу жолына түскендердің бірі – бүгінде елімізге танымал филолог, қоғам қайраткері Құлбек Ергөбек. Бүгінде Түркістан облысында тұратын ағамызға газеттің 90 жылдығы қарсаңында арнайы хабарласқан болатынмын. Сол кісінің қамқорлығымен бірнеше тарихи фотосуреттер қолымызға тиді. Олардың қатарында Бейсенбай Кенжебаевтың «Кеңес туында» қызмет еткен уақытында түскен бір фотосы бар. «Кеңес туы» газетінің редакция алқасының мүшелері Кәрім Әжібеков, Әмірғали Епмағамбетов және редакторы Б.Кенжебаев үшеуінің газет қарап тұрған, онша қанық емес суреті бұрын редакцияда бар еді. Ең көне жәдігер ретінде құрметтеп, рамаға салып, бұрышына «алғашқы нөмірге қол қою сәті» деп жазып қойғанбыз. Бұл жолы сол фотоның сапалы нұсқасы жетті. Түсірген авторы – павлодарлық белгілі фотосуретші – Д.Багаев, түсірілген уақыты «18 март 1929 жыл» деп көрсетілген. Қалған суреттерде профессор Б.Кенжебаевтың заңғар жазушы М.Әуезовпен, өзге де студенттер тобымен ұстаздық қызмет барысында түскен сәттері бейнеленген. Мұның бәрі – тарих. Біз үшін ерекше ыстық, қымбат мұра.
Қорыта айтқанда, 90 жылдық тарихқа ие, солақай саясатқа байланысты, бір мәрте жабылып қалып, қайтадан ашылған газеттің ғұмырбаянында ерекше аталатын тұлға – Бейсенбай Кенжебаевтың тұңғыш редакторлық қызметі туралы әлі де болса деректер қоры толыға түсер деген сенімдеміз. Бұл үшін зерттеу, іздену бағытындағы жұмыстар үзілмеуі тиіс.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Павлодар облыстық
«Saryarqa samaly» газетінің
бас редакторы
Павлодар