Соңғы жылдары елімізді әлемдегі экологиялық саясатты жүйелі жүргізетін мемлекеттер қатарына қосу талабы қоғамның көңілінен шығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты қорғауды мемлекеттегі ең маңызды істер қатарына жатқызып, елімізде экобелсенділер қызметі қарқын ала түсті.
Әрине, қоршаған ортаны қорғау қай өңір үшін де маңызды. Оның мысалын алыстан іздеудің керегі жоқ. Әсіресе айдыны кепкен Арал, оған ілесе тартылып кеткен жүздеген көл, жыл сайын арнасы төмендеп келе жатқан Сырдария сырбойылықтар үшін табиғаттың құны мен қадірін сездіріп тұрғандай.
Қызылорда облысы бойынша экология департаменті мамандарының мәліметінше, өткен жылы қоршаған ортаны қорғау саласында 41 субъектіге бақылау жасалған. Оның 18-і профилактикалық шара болса, 23 мәрте жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бақылау қорытындысында экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 96 фактісі анықталып, кемшіліктерді жою үшін тиісті нұсқама берілді.
Экологиялық кодекс талаптарын өрескел бұза отырып шаруашылық қызметін жүзеге асырған заңды тұлғаларға қатысты сотқа талап-арыздар жолданып, сот шешімі негізінде кемшіліктерді жойғанша 4 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды.
Мемлекеттік экологиялық бақылау барысында қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру үшін табиғат пайдаланушыларға 753,6 млн теңге көлемінде 22 нұсқама беріліп, 21 нұсқама бойынша 181,2 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді. Экологияға келтірген залалы 572,4 млн теңге деп бағаланып отырған тағы бір кәсіпорынның ісі сотта қаралып жатыр.
Облыс көлемінде «Заңсыз карьерлерді анықтау, зерттеу, мониторинг жұмыстарын жүргізу, тиісті шараларды қабылдау үшін құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылдары» бағдар жолы қабылданған. Осының аясында департамент жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесу бағытында ауқымды жұмыс атқаруда.
Осы бағытта былтыр аймақта кең таралған пайдалы қазбаларды өз бетінше заңсыз өндіру деректерін анықтау үшін жүргізілген рейдтік іс-шараларда 10 заң бұзушылық анықталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру кезінде пайда болған орындарды техникалық және технологиялық іс-шаралар арқылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Өңір үшін өзекті бір мәселе – қатты қалдықтардың сұрыпталып, өңделуі. Еліміздің «Жасыл экономикаға көшу жөніндегі» тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай бұл бағыттағы іс 40 пайызға дейін жетуі керек.
– Облыста мұнымен тұрақты түрде 3 кәсіпорын айналысып отыр. «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС қала іргесіндегі қоқыс полигонында жинақталған шыны, пластик, мата, құрылыс, тамақ қалдықтарын сұрыптаумен айналысады. Ал Smart Rubber серіктестігі автокөліктердің жарамсыз дөңгелектерін қайта өңдеп, тамшылатып суаруға арналған түтіктер өндіруде. Құрамында сынап бар жарамсыз шамдарды залалсыздандыруды «Эко-Н Сервис» ЖШС қолға алды, – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Нұржан Өмірсерікұлы.
Экологтер пайдалы қазбаларды заңсыз өндірушілермен, қоршаған орта заңдылығын бұзғандармен күресте электронды қорғау шараларының тиімділігін айтады. Былтыр геопортал жүйесі бойынша әуеден жасалған мониторинг арқылы Қызылорда қаласының маңайындағы радиусы 50 шақырымдық аумақтан рұқсатсыз қоқыс төгілген 136 орын анықталып, оның 131-і жойылды.
Облыста 145 полигонға жер учаскесі белгіленіп берілгенімен, оның жетеуі ғана талапқа сай болып отыр.
Былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесе отырып, Аймақтың экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі жол картасын бекіткен еді. Онда тұрақты көздерден атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясын қысқарту, жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарындыларын азайту, су ресурстарын реттеу, «Жасыл белдеуді» дамыту, көгалдандыру және көркейту, қоршаған орта жай-күйіне мониторинг жасау секілді маңызды мәселелер топтастырылған. Өткен жылға белгіленген 6 шараның бесеуі, биылғы іс-шаралардың біреуі толығымен орындалды.