«Жомарт түлек-2021» кездесуін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, шараның маңызына тоқталды. «Басты мақсат – түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елімізге белгілі түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтарды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру. «Жомарт түлек-2021» жобасы аясында jambyl-tylek.kz. сайты іске қосылып, қазір оған 80 мыңға жуық түлек тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде біздің түлектер туған мектебіне, ауылына жалпы көлемі 2 млрд теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. «Туған жер» жобасы аясында 5,5 млрд теңге көлемінде 30-дан астам әлеуметтік жобаны іске асыру ұсынылуда», деді әкім. Жиында қазіргі кезде сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектер жетістікке жету тәжірибесімен және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың бірқатары арнайы келіп қатысса, кейбір азаматтар бейнебайланыс арқылы қосылды.
Әуелі Тұңғыш Президент – Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков жиынға бейнебайланыс арқылы қосылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өңірде қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайтуға ықпал ететін осындай игі шараны өткізу бастамасын жоғары бағалағанын атап өтті. «Туған жеріне, халқына деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Жамбыл облысында басталған форум республиканың басқа да облыстарында өз жалғасын табады деп сенемін», делінген Елбасының құттықтауында. Сонымен қатар М.Қасымбеков өңірде бүгінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өзі білім алған Шу ауданындағы С.Сейфуллин атындағы мектепке қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Ал жиынға арнайы қатысқан әйгілі актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов іс-шараның маңыздылығына тоқталды. «Өз туған жерін мүмкіндігінше дәріптеп жүрген барша жамбылдық түлектерді біріктіру идеясы маған ұнады. Бұл аса маңызды. Әсіресе олар жас ұрпаққа дұрыс үлгі-өнеге бола алады деп ойлаймын. Танымал жамбылдықтар жас жерлестеріне көздеген кез келген биіктеріне қол жеткізуге деген сенімділік ұялатады. Ең бастысы, талмай адал еңбек ету, туған жерін естен шығармай, мүмкіндігінше оның өркендеуіне өз үлесін қосу керек. Өйткені сол туған мекеніміз бізді өсірді, тәрбиеледі, арманымызға қанат бітірді. Мен өзім осындай түлектердің қатарында болғанымды мақтан тұтамын», деді А.Әшімов. Өз сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді осындай форум ұйымдастырғаны үшін облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, бұл алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз жалғасын табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ өңірді өзі басқарған жылдардан естеліктер айтып, жастарды елге, жерге адал еңбек етуге шақырды.
«Әулиеата топырағы мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына орасан үлес қосқан және қосып келе жатқан көптеген талантты және әйгілі ел азаматтарын тәрбиелеп шығарды. Олардың туған жерімен байланысын үзбеуі өте маңызды. Бірлескен күш-жігермен біз Жамбыл облысының дамуы жолында көптеген игі істерді атқара алатынымызға сенімдімін», деді Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев. Ал әнші-композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мұндай форумның әсіресе жастар үшін маңызды екенін айтып, әрбір түлек өз туған жеріне лайықты көңіл бөлу керектігін жеткізді. Сонымен қатар форумға «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің төрағасы Гүлмира Исимбаева да бейнебайланыс арқылы қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Әулиеата өңірінен шығып, бүгінде бүкіл қазаққа танымал болған А.Әшімов, Ө.Байгелді сияқты азаматтардың өмір жолы әсіресе жастар үшін үлгі екенін айтты. Форум барысында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы да өзінің игі тілегін білдіріп, «Көне Тараз» атты өлеңін оқыды.
«Жомарт түлек-2021» форумы Жамбыл өңірінен шығып, бүгінде шетелдерде өмір сүріп жатқан азаматтарды да қамтыды. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты Богдан Загрибельный, Сингапур елінде тұратын кәсіпкер Талғат Тұрымбаев сынды түлектермен қатар, АҚШ, Түркия және басқа да елдерден қатысушылар байланысқа шықты. Мәселен, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Kusto Group халықаралық компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Жуалы ауданының түлегі Талғат Тұрымбаев жерлестеріне көмектесіп, өз атынан 100 млн теңгеге аудандық ауруханаға реанимобильді көлік, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алып берген. Кәсіпкер өз сөзінде туған жерін әрдайым қолдайтынын айтты. Кездесуге қатысушы түлектердің бәрі де тұрақты негізде туған жеріне, өзі білім алған мектепке көмек көрсетіп келеді. Жиында Б.Сапарбаев әрбір түлекке туған жеріне деген қолдауы үшін алғыс білдірді. Ұрпақтар сабақтастығы әрі қарай да сақталуы тиіс екенін баса айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Отанға деген сүйіспеншілік – бос ұрандар мен декларациялар емес, ол халық игілігі үшін күнделікті аянбай еңбек ету, шын жүрекпен жасалатын қайырымды істер. Әр адам өз Отанын сүюі тиіс. Барлығыңызға өңірімізді дамытуға өз үлестеріңізді қосып жүргендеріңіз үшін ризамыз. Осылай жалғаса береді деп үміттенемін. Біз де ауқымды әрі қызықты жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Инвесторларға инфрақұрылым жүргізуге көмектесеміз. Сіздердің де әрқайсыларыңыз оларды жүзеге асыруға қолұшын соза аласыздар», деді Б.Сапарбаев.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Жамбыл облысындағы мектептерді 400 мыңнан астам түлек бітірген. Олардың көпшілігі туған жерінен қол үзбей, қолдау көрсетіп келеді. Кездесу соңында танымал түлектерге «Жомарт түлек-2021» сыйлығы табысталды.
Жамбыл облысы