Бұл жәдігерлер Қожа Ахмет Ясауидің ұрпағы саналатын ғұлама ғалым Ибрахимжан Шарифхужаевтің қолында сақталып келген екен. Қазір 98 жастағы ақсақалдың туған жері – Түркістан қаласы. Бала кезі атасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында өтіпті. Әкесіне топырақ Түркістаннан бұйырған.
Діни сенімдерге қарсы атеистік көзқарас дендеп, тақуа жандар қудалауға түсіп, ислам кітаптары өртелген сонау қиын жылдары Шарифхужаевтер әулеті Түркістан қаласынан қоныс аударып, 10 жасар Ибрахимжан мен анасы екеуі Наманганға бас сауғалапты. «Баба мұрасы – насабнама (шежіре) мен мөрді аман сақтап қалу үшін көп қиындық көрдік» депті қария. Құнды мұраны ұзақ жыл топыраққа көміп жасырған. Жер астында көп жатқандықтан насабнама, яғни шежіре жазбаның кейбір бөлігінің бояуы өшіп, шіри бастағандықтан, қария көзінің тірісінде бұл аманатты бабасы жатқан кесене қорына табыстауды армандаған екен.
Насабнама-шежіренің ұзындығы – 2,5 метр, шағатай тілінде жазылған. Мұра қай ғасырға тән екені анықталу үстінде. «Алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарапынан бұл жәдігерге қатысты толыққанды ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу ісі қолға алынады» дейді қорық-музей қызметкерлері.
Наманган ғана емес бүкіл өзбек жұрты құрметтейтін ғұлама ғалым Ибрахимжан ақсақалдың сегіз ұл, үш қызынан тараған ұрпақ үлкен әулетке айналған. «Ұл – қыздарым Қожа Ахмет Ясауи ұрпақтарынан болғандығына мақтанады. Үлкен ұлым діни ілімді меңгеріп, менің жолымды жалғастыруда» дейді қария.
Икрамжан қажы үйінің бір бөлмесін босатып, атасы Қожа Ахмет Ясауиге арнап шағын көрме ашыпты. Мұнда Ясауидің шежіресіне қатысты насабнаманың көшірмесі мен мөрі және Түркістанға қатысты суреттер мен кітаптар қойылған екен.