Павлодар өңірінде 15-ке жуық көз ауруларын емдейтін, операция жасайтын емханалар бар. Көпшілігі облыс орталығында орналасқан. Мысалы, облыс орталығындағы Г.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмологиялық бөлімшесін жоғары санатты білікті офтальмолог-дәрігер Қасымхан Тілеубаев басқарады. Көз емдеу бөлімінде заманауи офтальмологиялық құрал-жабдықтармен емдеп, түрлі күрделі операциялар жасалып келеді. Бөлімше дәрігерлері заманауи жабдықтармен – офтальмологиялық коагуляциялаушы лазерде, когерентті томографта, ультрадыбыстық операциялық жүйе арқылы емдеу шараларын жүргізеді. Орталықта жылына 4 мыңнан астам операция жасалады, көру қабатын лазер арқылы емдейтін мүмкіндік те бар. Жаңа лазерлі аппараттарды қолданғаннан бері офтальмологиялық бөлімшеде ем алатын науқастардың кезегі азайды.
Офтальмологиялық бөлімше дәрігерлері лизинг бойынша алынған ең заманауи құралдарда – офтальмологиялық коагулярлы лазерьде, когеренттік томографта, INFINITI, STELLARIS ультрадыбыстық операциялық жүйесінде жұмыс істейді. Орталық көз хирургиясына имплантациялық жолмен операция жасау қолға алынды. Глаукомаға қарсы лазерлік операция жасалады. Оптикалық көз томографы сатып алынды. Лазерлі аппарат, микроскоп, тігіссіз ота жасайтын машиналар бар.
Бүгінде балалар да смартфон мен гаджет қолданады. Осыдан-ақ көз ауруларының қалай пайда болатыны, тіпті 5-6 жастағы балалардың көру қабілетінің күрт нашарлауы байқалуда. Бұл көз емханаларында, мектептерде, көпшілік жүретін орындарда смартфон, гаджеттерді қалай пайдалану жайлы ата-аналарға түсіндіретін, көз ауруынан сақтандыратын ақпараттық жұмыстың қажеттігін де байқатады.
– Әрине, ақпараттандыру кез келген сырқаттың алдын алады. Біз арнайы медициналық жабдықтардың көмегімен тексереміз, емдейміз, түрлі оталар да жасалады. Ең бастысы, барлық дәрігерлер секілді көз дәрігеріне де сезімталдық пен жанашырлық, көзі ауырған адамға көңіл бөлу, жан жылуы қажет, – дейді Қ.Тілеубаев.
Жуырда облыс орталығындағы Ә. Бектұров көшесі, 103 мекенжайында «Көз емдеу емханасы» ашылды. Емханада көздің көру қабілетін жақсартатын лазерлік түзету жасалады. Офтальмологиялық орталық «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау негізінде жаңа ғимаратқа орналасты. Бұған дейін өңірде көз емдеудің түрлі қызметтері ұсынылғанымен, көру қабілетіне лазерлік ота жасату үшін шетелге бару қажет болатын-ды. Енді міне, алыстан жасалатын лазерлік операцияларды жергілікті жерде жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялары бар орталық ашылды. Өңір тұрғындары үшін ерекшелігі бар бұл жобаның тиімділігі де осында. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2016 жылдан бастап жұмыс істейтін емханаға биыл «Орталықты қайта құру және қайта жабдықтау» барысында аталған бағдарлама бойынша 213 млн теңгеден астам жеңілдетілген несие берілген. Жоба сәтті аяқталып, жуырда емхана пайдалануға берілді. Емханада диагностикалық кешен және тәулік бойы жұмыс істейтін стационар бар. Енді орталықта жалпы көз патологиясын анықтау және емдеу, сондай-ақ көздің бұлдырауы, глаукома, көздің артқы бөліктеріне оталар жасалады. Алдағы айда орталықта көздің көру қабілетін жақсартатын лазерлік түзету жүргізіле бастайды.
– Қазір емханада құрамын жергілікті мамандар құрайтын 6 офтальмохирург бар. Кеңейтілгеннен кейін мамандарды да көбейту ойымызда. Өйткені қазірден-ақ емхана келушілер аз емес. Егер бұрын жыл сайын 2,5 мың пациентті қабылдап, 1 мың адамға дейін операция жасаған болсақ, енді бұл көрсеткіштер 2 есеге ұлғаюы тиіс, – дейді бас дәрігер Айжан Ахмерова.
Тағы бір ерекшелігі, тәулік бойы жұмыс істейтін стационар арқылы тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемі шеңберінде емделушілерді қабылдауға дайын. Бұл облыс орталығындағы өзге көз емдейтін емханалардағы келушілер жүктемесін де жеңілдетеді.
– Көзді лазерлік коррекциялау технологиясы елімізге алғаш рет 2005 жылы келді. Тәжірибе жинақталып келеді. Операция жасалғаннан кейін көз ауырмаса да қолды тыюға тура келеді. Қыз-келіншектерге боянуға болмайды. Көзге тамызатын дәрі-дәрмектер мен көз күтіміне қажет кеңестерімізді жазып береміз, – дейді офтальмолог дәрігер Марат Сембин.
Офтальмолог дәрігерлердің айтуынша, көзді еш уақытта қолмен уқалауға, сүртуге болмайды, тек таза, жұмсақ шүберекпен сүрту керек. Жаз айларында тікелей түсетін күн сәулесінен және шаң тозаңнан қорғанып көзілдірік киген де дұрыс.
Павлодар облысы