Руханият • 03 Наурыз, 2021

«Наурыз-философия» нақыштары

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі өнер музейінде ұлттық үлгіде жазылған картиналар мен қолөнер бұйымдары топтастырылған «Наурыз-философия» атты көрме ашылды. Көрермен қауымға музей қорынан және суретшілердің жеке коллекциясынан алынған жұмыстар ұсынылды.

«Наурыз-философия» нақыштары

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге орай наурыз айы Қа­зақ­станның ұлттық дәстүрі мен мә­де­ниетінің мерекесі ретінде бе­­кі­тілгені белгілі. Сон­дықтан да Шы­ғыс Қазақстан облысында Нау­­рыз тойына әзірлік ерте басталды.

«Наурыз-философия» көрмесін ұйымдастырушылар музейдің бағаналы залына қазақ халқының салт-дәстүрін, бұрынғы тіршілігін айшықтайтындай туындыларды жинақтады. Әр жұмыс өзінше ерекше. Шәңгерей Ыбыраевтың, Альфия Мухамедьянованың акварельмен мөлдіретіп жазған суреттеріне үңілмей өту мүм­кін емес. Келушілер де бұл картиналарға жақыннан бір қарап, сәл кейін шегіншектей та­ғы қызықтады. Сонымен қатар Гүл­нар Бекбердинова, Татьяна Лео­но­­валардың Наурыз мерекесіне ар­налған графикалық композиция­лары да философиялық тұрғыда терең мағынаға ие. Ал тарихи жанр­да жазып жүрген Қайсан Қа­дыр­бековтің полотнолары көр­менің көр­кін ашып тұрды десек, артық айтпағандығымыз.

Суретшілер одағының мүшесі Қайсан Қадырбеков Тарбағатай ауданы, Тұйық ауылының тумасы. Өкініштісі, 1960 жылдары Бұқтырма су қоймасы ашылып, туған ауылы су астында қалып кеткен. Қылқалам шебері туған ауылынан ажырап қалғандықтан да суретшілік жолды таңдаған сияқты.

– Шынын айтқанда, туған ауы­лымның су астында қалғаны жа­ныма қатты батты. Сол кездері те­бі­реністен, сағыныштан ауыл­дың суретін салатын едім. Кейін осы бағытта оқу оқыдым, білім ал­­дым. Бүгінде тарихи жанрда азды-көпті картиналарым бар, – дейді суретші.

Қайсан Рахметұлының еңбек­тері Қазақстан музейлерінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де сатылған. Айтуынша, еңбектеріне сұраныс көп. Өнер музейіне ұсын­ған жұмыстары да көпшілктің назарын аударды. Көпшілік дейміз, санитарлық талаптарға байланысты көп кө­рер­мен жиналмады. Бірақ музей қызметкерлері бұл көр­меге әлеу­меттік желіде онлайн-экскурсия жүргізіп, өнерсүйер қауымға таныстырмақ ниетте.