Содыр саясаттың құрбаны болып, тағдыр тауқыметін молынан тартқан өр тұлға әділетсіздікке төзе алмай 1989 жылдың 22 қарашасында өз-өзіне қол салды.
Шәміл Серіков 1956 жылдың 5 наурызында Алматы қаласында дүниеге келді. Классикалық күрестің қыр-сырын ол білікті бапкер Аянбек Алдабергеновтен үйренді. Майталман маманның қол астында жаттығып жүрген кезінде жасөспірімдер сайысында жасындай жарқырады. Қазақстан біріншілігінде төрт мәрте топ жарып, Бүкілодақтық мектеп оқушылары спартакиадасында жеңімпаз атанды. 1972 жылы Аянбек Ысқақұлы жұмыс бабымен басқа жаққа ауысқалы жатқанда ол өзінің сүйікті шәкіртін әріптесі Анатолий Жарковқа табыстады. Міне, осы айтулы қос бапкердің қамқорлығы және қажырлы еңбегінің арқасында спорттың сиқырлы әлемінде Шәміл Серіков есімді жас балуанның жұлдызы жарқырай жанды.
Ересектер қатарына қосылғаннан кейін Серіков елішілік жарыстарда қарсылас шақ келтірмеді. Өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатқаннан кейін 1977 жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатында күш сынасу құрметіне бөленді. Бірақ 21 жастағы жігіттің алғашқы қадамы сәтсіз болды. Өзбекстанның бас шаһарындағы жарыста Шәміл қос бірдей қарсыласынан таза ұтылды. Сөйтіп, Одақтың оғыландары бас қосқан бәсекеде көш соңында қалып қойды.
Шәміл сол сәтсіздіктен тиісті қорытынды шығарды. Ташкенттен оралған бетте бапкері екеуі барлық жағдайды ой елегінен өткізді, саралады, ізденді, еңбектенді. Жатпай-тұрмай даярланып, бұған дейін де орындап жүретін әдіс-тәсілдерін одан әрі жетілдіріп, шарықтау шегіне дейін жеткізді. Серіковтің шеберлігінің шыңдала түсуіне ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрама командасын баптап, бір шоғыр жұлдызды шығарған даңқты бапкер Вадим Псаревтің да қосқан үлесі орасан зор. Нәтиже көп күттірмеді. Айналдырған бір жылдың ішінде жаңа қырынан танылып, екінші тынысы ашылған тума талант қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапыра бастады. Расында да жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында кең байтақ Қазақ елі мен күллі Кеңес Одағы былай тұрсын, тіптен төрткүл дүниеде шарболаттай Шәмілге тең келер ешкім табылмады.
Қандасымыздың жеңісті жолы былай басталды: 1978 жылдың басында Минскіде өткен Иван Поддубныйдың мемориалында 57 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Шәміл Серіков бас жүлдені олжалады. «Кіші әлем чемпионатына» баланған талай жылғы тарихы бар дәстүрлі турнирдің шешуші тұсында ол Ульяновскіден келген 29 жастағы апайтөс, Монреаль Олимпиадасының жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионы Виталий Константиновпен күш сынасты. Екеуара бәсеке барысында ұзақ уақыт бойы таразы басы теңселіп тұрғанымен, соңғы сәтте Алматының тумасы әйгілі қарсыласының осал тұсын тауып, қажетті ұпайды қоржынға салды. Осы жеңісінің арқасында Серіков жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Минскідегі жеңістің кездейсоқ еместігін Шәміл арада бірер ай өткеннен соң Запорожьеде ұйымдастырылған КСРО чемпионатында дәлелдеді. Днепр өзенінің жағалауында өткен жарыста алты рет боз кілемге шыққан қандасымыз бес қарсыласын ұршықша иіріп, жауырынымен жерге қадады. Тек Виталий Константиновтің ғана қазақ балуанымен соңғы секундтарға дейін күресуге әл-қуаты жетті. Соның өзінде әйгілі балуан Серіковке жарытып қарсылық көрсете алды деп айта алмаймыз. Оған таблодағы есеп куә – 11:3. Шәміл Серіков – КСРО чемпионы!
Жоғарыдағы айтылған жайттардан-ақ сол кездері Шәміл Серіковтің шеберлік деңгейі өзге бәсекелестерінен қаншалықты жоғары болғанын аңғару қиын емес. Осы орайда Алаштың мақтан тұтар азаматы, Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің танымал журналист Төлеген Жәкітайұлына берген сұхбатында: «Ой-бой, Шәмілдің бойында не жоқ деп сұрасаңызшы одан да. Тұла бойы тұнып тұрған шеберлік еді ғой. Онда бәрі бар. Барлық жағынан да қарсыластарынан басым болатын. Ол нағыз балуан еді. Грек-рим күресінің ең әдемі әдістерінің көбін әлем көз тіккен жарыстарға алып шыққан дәп осы Шәміл болатын. Техникасы мінсіз еді ғой», деп айтқаны еріксіз еске оралады.
1978 жылдың тамыз айында Шәміл Серіков Мехикода жалауы желбіреген әлем чемпионатына аттанды. Ацтектер елінде де Алаштың асыл азаматы атой салды. Алты бәсекенің барлығында ол күмәнсіз жеңіске жетті. Өзге белдесулерді айтпағанда, шешуші кезеңде жолыққан қарсыластары да Шәмілдің мықтылығын еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Атап айтсақ, жерлесіміз күш-қуаты тасыған қарулы балуан Паскаль Писареллиді 29:9 есебімен ұтты. Италияда туып-өсіп кейіннен Германияға қоныс аударған бұл спортшы уақыт оза Лос-Анджелес Олимпиадасының жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионы атанды. Қандасымыз Югославияның өкілі, Монреаль Олимпиадасының күміс және әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Еуропа чемпионы Иван Фригичті еш қиналмай ұтты.
1979 жылы АҚШ-тың Сан-Диего қаласында Шәміл Серіков екінші мәрте әлем чемпионы атанды. Бұл жолы да жер-
жаһанның дүлей күш иелерінің ешқайсысы оның тегеурініне шыдас бере алған жоқ. Айқас алаңында еркін ойқастап, ең күрделі әдіс-тәсілдерді ерекше ептілік, көз ілеспес жылдамдық және асқан шеберлікпен мінсіз орындаған қазақ жігітінің өнеріне сүйсінбеген жанкүйер жоқ-ау, сірә! Дәл сол кездері Батыс басылымдары Шәмілді «Боз кілемнің Нуриеві» деп атап, оны даңқы жер жарған балет өнерінің шоқжұлдызымен салыстырған еді.
1980 жылы Мәскеуде XXII жазғы Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Классикалық күрес шеберлерінің сайысында қос қазақ балуанының жұлдызы жарқырай жанды. 48 кило салмақта күш сынасқан Жақсылық Үшкемпіров алтын тұғырдан қол бұлғаса, көп ұзамай 57 кило салмақта белдескен Шәміл Серіков те дәл сондай құрметке бөленді. Дүбірлі додада қос қазақ қатар күресіп, екеуі де олжаға кенелді. Жақсылық аға өзінің досы әрі командалық әріптесінің өнерін былай деп суреттеген еді: «Шәмілдің Олимпиададағы күресін өз көзіммен көрдім. Ешкімді шеніне келтірмей қойды емес пе. Ірі жарыс десе, Шәмілдің арқасы қозатын. Ондайда әдеттегіден он есе қайраттанып кететін. Олимпиаданың алтынын Шәміл сырт көзге ойнап жүріп ұтқандай әсер қалдырды. Біз болсақ, әр жекпе-жегімізді тоғыз минуттан, сілеміз қатып, діңкеміз құрып жүріп әрең ұттық. Ал Шәмілдің күресін қараңыз. Олимпиададағы алты белдесудің төртеуі таза жеңіс. Мәскеу Олимпиадасында дәл осындай сапалы күрес көрсеткен ешкім болмады. Сондағы Шәмілдің «Осы жолы терлеп, шаршап күресейін деп едім, тағы сәті түспеді, Жәке!» деп басын шайқап, жадырай күліп тұрған тұлғасы әлі көз алдымда» (Төлеген Жәкітайұлы, «Жақсылық»).
Мәскеу Олимпиадасының алтын тұғырына көтерілгенде Шәміл Серіков небары 24 жаста еді. Төрткүл дүниенің мықтыларын тегістей тізерлетіп, өзгелерді айтпағанда, атағы алысқа жайылған дүлдүлдердің өздеріне соқыр ұпай ұстатпаған жалынды әрі қарымды жігіттің келешегінің жарқын болатынына ешкімнің күмәні жоқ еді. Әлі талай рет Олимпиада мен әлем чемпионаттары және басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда Шәмілдің олжа салатынына баршамыз имандай сендік. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Төменде баяндалған мына бір келеңсіз оқиға аса атақты балуанның спорттағы жолына кедергі болып қана қоймай, оның тағдырына да балта шапты.
1981 жылдың көктемінде КСРО Коммунистік партиясының шешімімнен спортшылар БАМ-ға (Байкал-Амур магистралі) баруға тиіс еді. Алайда үйімде жөндеу жұмыстарын жүргізуім керек, деген желеумен Шәміл бұл сапардан бас тартты. Оның себебі – Олимпиададан кейін жеңіс тұғырына көтерілген қазақстандық өрендерге үш бөлмелі пәтердің кілті берілді. Ал Серіковке екі бөлме ғана бұйырыпты. Оның өзі ескі үй болған көрінеді. Соған наразы болған балуан Қиыр Шығысқа бармай қояды. Ол кезде коммунистік партияның бұйрығын орындамау – өз болашағыңа балта шапқанмен тең еді. Айтқандай-ақ, содан кейін кейіпкеріміздің өмірі күрт өзгерді. Одақтық және республикалық деңгейдегі лауазымды тұлғалардан бастап, майда-шүйде шенеуніктерге дейін Шәмілге шүйліге бастады. Көңілі пәс, санасын сансыз ойлар шарлаған балуанның көрсеткіштері де төмендей бастады. Ақыры ол КСРО құрамасы командасы сапынан шеттетіліп, стипендиядан қағылды. Бұл жағдай Серіковтің нағыз жалындап тұрған шағында үлкен спорттан қол үзуіне мәжбүр етті.
Жаңа өмірге бейімделу атақты спортшыға оңайға соқпады. Осы тұста да «БАМ-ға барудан бас тартқаны» алдынан шықты. Басшылар Орталықтың нұсқауын орындамаған азаматқа еш аяушылық танытпады. Оған біздің шолақ белсенділер қосылды. Осы орайда оның КСРО спортына сіңірген орасан зор еңбегі де ескерілген жоқ. Керісінше, артынан шам алып түскендер қайда жүрсе де балуанға маза бермеді. Соның салдарынан Шәміл жөні түзу жұмысқа да тұра алмады. Орналасқан жағдайдың өзінде бір жерде көп тұрақтамайтын. Себебі әлдекімдер Серіковтің осы салада қызмет еткенін қаламады. Ал бұрындары арқасынан қаққан ағалары «аш пәледен қаш пәле» деп теріс айналып, айтулы балуаннан бойларын аулақ ұстауға тырысты. Ақыры ол түрлі кәсіптің басын бір шалып көрді. Жүргізуші де болды, кәуап та сатты, жеміс те тасыды...
Жалындап тұрған жастық шағын спорт саласына арнап, балуандық өнерге шексіз берілген Шәмілдің жаны жай таппады. Бірте-бірте намысшыл жігіттің жүйкесі сыр бере бастады. Темір емес қой, төзімі де таусылды. Сондай қиын шақта Шәміл ішімдікке әуестенген де көрінеді. Бәрінен бұрын күні кеше ғана күллі әлемді аузына қаратқан апталдай азамат қоғамға қажетсіз болғанына қорланды. Өз қандастарының, өз ағаларының өзекке тепкеніне қатты күйінді. Шәміл өзін жапан далада жалғыз қалған адамдай сезінді. Ақыры 33 жастағы өрімдей жас өз-өзіне қол салды.
Міне, кезінде төрткүл дүние жұртшылығы теңдессіз талантына тамсанып, өнеріне айрықша сүйсінген саңлақ спортшының аянышты тағдыры осындай. Өз дәуірінде КСРО мен Қазақстанның спорттық даңқын арттырып, сан миллион көрерменнің көзайымына айналған Шәміл Серіковтей серке ұл ақыры ешкімге керексіз болып қалды. Қоғам да құшағын жаймады, қазақ та қажет етпеді...