Руханият • 04 Наурыз, 2021

Дәуірлермен бірге жасайтын тұлға

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш қозғалысының көсемі, Алаш Орда үкіметінің төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист-ғалым Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай халықаралық онлайн конференция өтті.

Дәуірлермен бірге жасайтын тұлға

Жиынды университет ректоры Ерлан Сыдықов жүргізді. Президент Әкімшілігі Басшысы­ның бірінші орынбасары Дәурен Абаев конференцияны Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құттықтау хатымен ашты. «Әлихан Бөкейхан – төл тарихы­мызда өшпес із қалдырған бір­туар тұлға. Ол ХХ ғасырдың басында «Алаш» ұлт-азаттық қозға­лы­­сының көшін бастап, дербес ел болудың алғышарттары мен негіз­дерін айқындады. Халқының бостандығы үшін бүкіл ғұмырын сарп етті. Тарихи тұлғаның мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде бүгінгі егемен­дігі­міз – Әлихан бастаған ұлт зиялы­лары­ның орындалған арманы» делінген Президенттің құттықтау хатында.

Конференцияға қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әлихан Бөкей­ханның білім және ғылым саласына қатысты еңбектері мен мазмұнды ойлары мерейтой аясында жинақталып, ауқымды істерге өзек болатынын жеткізді. Яғни биыл және келесі жылдары орта мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында тиісті іс-шаралар өткізіліп, Алаш мұрасына қатысты ғылыми-зерттеулер қолға алынбақ.

Келесі сөз кезегі тиген Пар­ла­мент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхамед Әлихан Бөкейханның қазақ халқының өз еркімен, өз қолымен құрған ұлттық үкіметінің Үкімет басшысы, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ саяси қайраткерлерінің көшбасшысы болғанын атап өтіп, оның мақсаты қазақ халқын еуропалық деңгейде дамыған мемлекеттердің қатары­на қосу болғанын айтты. «Ол Алаш автономиясы атты жаңа мемлекеттік құрылымды жариялады. Саяси жұмысын қамтамасыз ету үшін жаңа типтегі «Алаш» партиясын құрып, оны үлкен саяси ұйымға айналдырды. Оның экономика, саясат, тарих, география, әдебиет, фольклор саласындағы еңбектері қазақ оқырмандарының игілігіне айналды», деген М.Құл-Мұхамед Әлихан Бөкейхан еңбектерін ширек ғасыр бұрын ғалымдар Мүсілім Базарбаев пен Сұлтанхан Жүсіп­тің тұңғыш рет жарыққа шығарға­нын, одан беріде алаштанушы ғалым С.Жүсіптің құрастыруымен көрнекті тұлғаның 15 томдығы әзірленгенін, бұл еңбектердің әли­хантанушы­лар үшін іргелі негіз болатынын баяндады.

Конференция барысында Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы,  «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Әбдіғали, Қазыбек Иса, Берік Дүйсембаевтар құттықтау сөз сөйледі. Ал ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры С.Жүсіп, Қажы Байрам Вели университетінің профессорлары Гүлжанат Құрманғалиева-Ерджиласун мен Хулия Касапоглы Ченгел, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы сынды Алаш тақы­рыбын терең білетін отандық және шетелдік танымал ғалымдар арнайы баяндамалар жасады.