Омарта шаруашылығы
Әсіресе омарта шаруашылығына тоқталар болсақ, бұл экономиканың ерекше маңызды әрі пайдалы саласына айналуына толық мүмкіндік бар. Тәуелсіздік жылдары бұл саланың дамуын реттеуге бағытталған тиісті заңнамалық база қалыптастырылды және бүгінде мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асуда.
«Бал ара шаруашылығы туралы» заң қабылданғаннан бері омарташылар саны екі есеге артып, статистикалық деректерге сәйкес 2020 жылы бал арасы ұяларының саны 133 мыңнан асып, он жылда екі есеге өскен. Бүгінде асыл тұқымды бал араларының үлес салмағы 18 пайызды құрайды. Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сәйкес, жан басына шаққанда жылына 6 кг ара балын тұтыну көзделген. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы 2 932 тонна бал өндіріліп, оның 147 тоннасы эскпортталған. Өндірілген балдың 70 пайызы және экспорттың негізгі үлесі Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Өсім қарқыны Павлодар, Алматы, Түркістан облыстарында да байқалады.
Омарта шаруашылығы – ара балынан басқа энтомофильді ауыл шаруашылығы дақылдарының тозаңдануын қамтамасыз ету арқылы олардың өнімділігін арттыруда және медицина саласында апитерапияны дамытуда маңыздылығы ерекше. Дегенмен, табиғи мүмкіндіктер мен өндірілетін балдың жоғары сапасына қарамастан, бұл халық денсаулығына, әсіресе балаларға өте қажет өнімді өндіру мүмкіндігін толықтай игере алмай келеміз. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, 3 млн 309 мың мектеп оқушысының бүгінде 400 мыңнан астамы ғана балмен қамтамасыз етілген.
Өңірлерге іссапар барысында омарташылар мен республикалық палата тарапынан саланың дамуын тежеп отырған бірқатар мәселе көтерілді. Олар:
Біріншіден, таза асыл тұқымды ара ұялары мен аналықтарының және өнімдерді қайта өңдейтін кәсіпорындардың болмауы;
Екінші, араларды тұқымдық аудандастыру жоспарының жаппай бұзылуы;
Үшінші, асыл тұқымды бал араларын өсіру бойынша асыл тұқымды омарталар санының жеткіліксіздігі, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасы мен жұмысының қанағаттанарлықсыз жағдайы;
Төртінші, омарталарды республиканың табиғи аймақтарының ерекшеліктері мен экологиялық жай-күйін есепке алмай орналастыру және ветеринарлық қызмет жүйесіндегі айтарлықтай кемшіліктер;
Бесінші, субсидиялау ережелерін жетілдіру мәселелері.
Қолданыстағы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы 4 жылда асыл тұқымды араларды сатып алуға бюджеттен 1 млрд теңге субсидия бөлінген. Алайда республикалық палатаның мәліметтеріне сәйкес, өңірлер бойынша жұмсалған қаржы тиімділігін бақылау төмен деңгейде, бұл тұрғыда қолданыстағы ережені жетілдіру қажет. Саладағы көкейкесті мәселе – өнімдерді өткізу мен экспорт әлеуетін арттыру. Сондықтан Қазақстан балына деген әлемдегі қызығушылықты ескере отырып, экспорт мәселесі бүгінгі дағдарыс жағдайында жан-жақты саралауды талап етеді.
Бал өндірісі көлемін арттыру мақсатында жоғары сапалы бал беретін ара өсіретін омарталар құруда жүйелі жұмыс жоқтың қасы. Өкінішке қарай, бал ара ұялары мен пакеттерінің қозғалысына бақылаудың жоқтығынан аралардың бірқатар ауру бойынша эпизоотиялық жағдайы өте күрделі күйінде қалуда. Бұл ретте мемлекеттік ветеринарлық бақылауды күшейту мақсатында барлық омартаны паспорттау жұмысын жүргізу қажет. Сондай-ақ саланың материалдық-техникалық базасының нашарлығы, ара ұяларының нақты саны мен жеке секторда омарта шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі туралы статистика да жетілдіріліп, нақтылауды талап етеді. Саланың дамуына қоршаған ортаның өндірістік қалдықтармен ластануы және ауыл шаруашылығында инсектицидтерді қолданудағы кемшіліктердің зиянды әсер етуі жалғасуда. Осыған байланысты омарта шаруашылығы өнімдерінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызды. Бұл өз кезегінде, қомақты қаражат қажет ететін зертханалар желісін құруды талап етеді.
Омарта шаруашылығын тиімді дамыту, оның өнімдерін әлемдік нарыққа шығару терең ғылыми зерттеулерді және биологиялық ресурстарымызды ұтымды пайдалануды қажет етеді. Бұл ретте саланың перспективалық дамуын жүйелі жоспарлау, бал қорларын анықтап, аймақтарда ара ұяларын оңтайлы орналастыруды көздейтін кешенді зерттеулер жүргізуді қажет деп санаймын. Өнім өндірудің көлемін ұлғайту мақсатында еліміздің қатал табиғи жағдайына аудандастырылған асыл тұқымды түрлерінің ерекше өміршеңдігін, өнімділігін және бейімділігін ескере отырып, селекциялық жұмысты жүйелеп, асыл тұқымды омарталар желісін құру қажет. Бұл тұрғыда бал араларын қорғау және молықтыру мақсатында олардың мекендеу ортасын сақтау жөніндегі іс-шараларды, әсіресе тіршілігі үшін ерекше құнды саналатын учаскелер мен өсімдіктерге қол сұқпаушылық жөніндегі талаптар мен жауапкершілік күшейтілуі тиіс. Сонымен қатар бал араларының аудандастырылған тұқымдарын сақтау және жақсарту мақсатында олар мекендейтін ареалдарда таза тұқымды асыл тұқымды бал араларын өсірумен және өткізумен жүйелі түрде айналысатын омарташыларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуға ерекше назар аударылуы қажет.
Марал шаруашылығы
Еліміздегі марал (бұғы) шаруашылығы да аса маңызды саланың бірі болып отыр. Марал шаруашылығының негізін панты құрайды, оның шикізат ретінде құндылығымен қатар, тағамдық қоспалар ретінде ұлт денсаулығы үшін маңызды екеніне дау жоқ.
Статистикаға сәйкес, елімізде 1990 жылы 15 мың марал өсірілсе, бүгінде олардың саны екі есеге кеміген. Бұған қарамастан, Шығыс Қазақстанмен қоса, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында 25 марал шаруашылығы, 8 аңшылық шаруашылығы және 40-тан аса пантымен сауықтыру орталықтарымен қатар, туристік қызметтердің де көлемі артуда. Бұл деректер саланы одан әрі дамытудың, марал шаруашылығының өнімдерін қайта өңдеуді кеңейтудің болашағы мен қажеттілігін дәлелдейді.
Алайда бұл сала оны жүргізудің күрделілігіне және қаржылай тиімділігінің төмендігіне байланысты мүшкіл жағдайда, бизнес үшін тартымсыз болып отыр. Бүгінгі қалыптасып отырған теріс үрдіс жалғасатын болса, Қазақстанның эндемигі – маралдардың жойылып кету қаупі бар.
Марал өсірушілерінің негізгі проблемалары – әлемдік нарықтағы бағаның төмендігі, селекциялық-асылдандыру жұмыстарының әлсіздігі және панты өнімдерін өткізу нарығының дамудан кенже қалғаны. Салдарынан барлық марал шаруашылықтарының тиімділігі төмен, олардың отандық асыл тұқымды шаруашылықтардан, жақын және алыс шетелдерден асыл тұқымды өнім сатып алуға, сонымен қатар материалдық-техникалық базаларын дамытуға мүмкіндіктері де шектеулі. Қазіргі уақытта бұл маңызды сала жекелеген бизнес өкілдерінің қаржылық қолдауының арқасында жұмыс істеуде, жағдайы тұрақсыз және даму келешегі бұлыңғыр.
Мамандардың есебі бойынша, маралдың бір басын күтіп-бағу шығыстары жылына 280 мың теңгені құрайды, бұл – пантаны экспортқа сатудан түскен кірістен екі есе жоғары. Сондықтан да бизнес түрі ретінде саланың келешегі бұлдыр, оған тек соңғы он жылда Катонқарағай ауданында марал санының 51 пайызға кемігені айқын дәлел. Сондай-ақ сапалық көрсеткіштер төмендеп, ұзақ жылдар қалыптасқан бұл кәсіпті жүргізудің аға буыннан мұра болып қалған оң тәжірибесі жойылуымен қатар, білікті мамандардың тапшылығы жиі байқалып отыр. Мәселені зерделеу барысында анықталғандай, республикалық палата және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері саладағы проблемалар туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар беріп, толық негіздемелер жасалғанымен, қабылданған шаралар айтарлықтай өзгеріс әкеле қойған жоқ.
Айтылғандардың негізінде келесі проблемаларды шешу жолдары ұсынылады:
Бірінші, марал (бұғы) шаруашылығы саласындағы қалыптасқан күрделі жағдайды шешу мақсатында «Асыл тұқымды» мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізу арқылы маралдардың (бұғылардың) аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу бағыты бойынша нормативтері қазіргі 10 мың теңгеден 40-50 мың теңгеге дейін көтеру;
Екінші, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеуді субсидиялау қағидаттарына:
- Марал қоршауларын салу және (немесе) қолданыстағыларын кеңейту;
- Панталық процедуралар қызметін көрсету объектілерін, панталық өнімді қайта өңдеу цехтарын құру және (немесе) кеңейту;
- Маралдарды (бұғыларды) қолдан ұрықтандырудың асыл тұқымдық орталықтарын құру – бағыттары бойынша жаңа паспорттар енгізу.
Үшінші, отандық және шетелдік селекция есебінен асыл тұқымды аналық немесе мүйізді маралдарды сатып алуды субсидиялауды түбегейлі шешу.
Төртінші, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мен асыл тұқымды мал басы үшін азық құнын арзандатуды қарастыру.
Бұл ұсыныстардың шешімі табылса саланы қарқынды дамытуға серпін берген болар еді.
Омарта және марал (бұғы) шаруашылықтары ұлттық бәсекеге қабілетті табиғи артықшылығымыз саналатын органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде маңызы зор. Бұл мақсатта қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде пәрменді іс-шаралар үйлесім тапса, бағдарламалардан тыс қалған, даму әлеуеті төмен шалғай ауылдардың, әсіресе шекара бойында орналасқан шағын елді мекен халқының әл-ауқатын арттыруға серпін берері сөзсіз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының қойып отырған 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты түрде көтеру, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау мен ауылдағы кооперацияны дамыту арқылы нәтижелі жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында ондаған мың жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді деп санаймын. Осы айтылғандардың негізінде, бұл салалардың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық маңыздылығы мен әлеуетін ескере отырып, олардың дамуы Президентіміздің тапсырмасымен әзірленіп жатқан Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы қажет. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиімді іс-шараларды жүзеге асыруы тиіс.
Дүйсенғазы МУСИН,
Парламент Сенатының депутаты