Жұрттың ет-сүтімен күн көріп отырған азын-аулақ малын үкімет адамдары күшпен тартып алып кеткен соң талай адам тойып тамақ ішпек түгіл, бір үзім нанға зар болып, аштан өлді. Даланың шөбін жеп, денесі көкпеңбек болып көгеріп ісіп өлген кісілерді көзіммен көрдім. Оларды мұсылман жолымен жерлеуге де жағдай болмай, зираттың маңынан ор қазып, мәйіттерді сонда апарып тастайтын... «Нанды басып, Құранды алуға болмайды. Құранды басып, нанды алуға болады» деген сөз сондай нәубет заманнан қалған болар...» дейтін. Оның көзіне жас үйіріле айтқан сөзіне құлақ асып, мен де ас атасы – нанды ерекше қадірлейтін болдым. Көшеде біреулер жерге лақтырып тастаған нанды көрсем, аяққа бастырмау үшін көтеріп алып, биіктеу орынға қойып, тарихтан тағылым алмаған, бар мен жоқтың бағасын білмейтін тоғышар жандар үшін Алла тағаладан кешірім сұрап жүремін.
Бірде шешемнен «Жұрт аштан қырылып жатқан уақытта сіздер қалай тірі қалдыңыздар?» деп сұрадым.
«Ол кезде мен жаспын. Сырымбет ауылында тұрдық. Отбасында он шақты адам бармыз. Бәйкен ағатайымның Саумалкөл ауылында бір «тамыр» орысы болды. Соның көмегінің арқасында тірі қалдық», дейді апам. «Қалай?» деймін мен білуге құштарланып.
«Сырымбет пен Саумалкөлдің арасы төтелеп жүргенде шамамен жиырма бес шақырымдай жер. Апта сайын бір күні іңір түскенде Бәйкен ағатайым мені қасына ертіп алып, жаяу жолға шығамыз. Қайда кетіп бара жатқанымыз жайлы ешкімге тіс жармаймыз. Бес-алты сағат жүріп, түн ортасында ағамның Николай «тамырының» үйіне шаршап-шалдығып әрең жетеміз. Ол әйелі екеуі бізге бәйек болып, дастарқан жайып, борщын беріп, шай ішкізіп, халымызды біліп, ағаммен әңгіме-дүкен құрып жатады. Біз сол үйде біраз әл жиып, тынығып аламыз. Содан кейін Николай ағамның қолындағы екі қапты алып, үйінің ішінен қазылған «погреб» дейтін қоймасына түседі. Қаптарға бидай мен картопты лық толтырып алып шығып, ағамның қолына ұстатады. Ол «тамырына» алғысын жаудырып, қаптың үлкенін өз иығына салып, кішісін маған береді. Сосын екеуміз келген ізімізбен кері қайтамыз. «Ауылға таң білінбей жетуіміз керек, Рахима. Жарықта аш адамдардың көзіне түсіп қалсақ, құримыз. Бәрі жабылып, қолымыздағы қабымызды тартып алып кетеді. Сондықтан қатты жүруімізге тура келеді», деп ескертіп, өзі алға түседі. Сөйтіп тас қараңғыда шоқ-шоқ ағаштың арасымен, жүгіре басып, арасында сәл ғана тоқтап, ентігімізді басып аламыз. Әйтеуір, «өлдім-талдым» дегенде ауылға жетіп жығыламыз. Содан кейін сығырайтып қана шам жағып, үйдегі үлкен кісілер мен балаларды оятып, әкелген бидайымыздан дәм татырамыз. Картопты ертеңіне жұртқа көрсетпей пісіріп, тығылып отырып жейміз. Осылай бір үйлі жан аштықтан аман қалдық.
Бәйкен ағатайым Николай «тамырымен» өле-өлгенше дос болып, керемет сыйласып өтіпті», деп әңгімесін жалғастырушы еді апам.
Бір өкініштісі, анам Бәйкен ағасының «тамырының» тегін сұрамаған екен. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының орталығы болған Саумалкөл ауылында Николай есімді адамдар аз болмағандықтан, олардың қайсысы нағашымның «тамыры» екендігін және одан қалған ұрпақ бар-жоғын біле алмадым. Әйтпесе, бір қазақ отбасының аман қалуына шарапаты тиген сол бір қайырымды адамның өзі бүгінде бұл дүниеде болмаса да, соңында қалған тұяғына барып сәлем беріп, көкейімде бала күнімнен жүрген шынайы алғысымды білдіру парызым еді...
Кейін Петропавл қаласында қызметте жүргенімде сыйлас азаматтардан ата-аналарының ашаршылық жылдарында қалай аман қалғандығын сұрап біліп жүрдім. Сөйтсем олардың көбінің әке-шешесі немесе ата-әжесі менің анам сияқты «тамырларының» көмегінің арқасында қорек тауып, тірі қалған болып шықты. Өз әулетінің Қызылжар өңіріндегі орыс достарының қамқорлығымен жан сақтағанын айтқан тарих ғылымдарының кандидаты Сабыр Ибраевқа осы тақырыпты жан-жақты зерттеу керектігі жөнінде ұсыныс айтқаным да жадымда.
Шынында да, сонау ашаршылық жылдарында еліміздің солтүстік өңірлеріндегі қазақтардың біразы өз «тамырларының» жәрдемімен жан сақтап қалғаны анық. Ал өзім туып-өскен ауылдың біраз тұрғыны байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде іш жаққа Ресейдің Түмен облысындағы қалың орыстың арасына барып, бас сауғалаған ағайындарының қасына барып, аштықтан әупірімдеп құтылған.
Бұл халқымыздың елеулі бір бөлігі аштан қырылған, қайғы-қасіретке толы, қолдан жасалған ашаршылық тарихының шеті шығарылғанымен, әлі толық ашылмаған беті іспетті. Еліміздегі әртүрлі этнос өкілдері сол нәубет кезінде ежелгі достығы мен сыйластығына дақ түсірмей, бір-біріне шынайы жанашырлықпен көмек қолын созғандығы ұмытылмас ізгілік көрінісі, бүгінгі және келер ұрпақтар жадында мәңгілік жаңғырып тұрар жақсылық. Тек соны тарихшыларымыз терең зерттеп, зобалаң замандағы зұлымдыққа қарсы тұрған қарапайым адамдардың биік адамгершілігін, достыққа адалдығын жарқын құбылыс ретінде жан-жақты ашып көрсетсе, құба-құп.