Руханият • 04 Наурыз, 2021

Оралда Қасым ізі сайрап жатыр...

1098 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақтың көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына биыл 110 жыл толады. Ақынның біраз жыл өмірі Орал қаласында өткені белгілі. Жақында қарағандылық өлкетанушы Марат Азбанбаев Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде болып, Қасым Аманжоловқа қатысты құжаттармен танысты.

Оралда Қасым ізі сайрап жатыр...

Мамандығы заң қызметкері болғанымен, бұған дейін бірнеше кітаптың авторы атанған, соның ішінде ақын Ж.Нәжімеденов өмі­рінің кейбір қырларын қам­титын «Менің Қазақстаным – Жұ­мекен» кітабын жазған Марат Ақтор­ғайұлымен Орал мұраға­тында кез­десіп, Қасым ақынның өміріне қатысты әңгімелесіп қалдық.

– 2005 жылы Жұмекен Нәжі­меденовті зерттеп жүрген кезімде Қасымның өлеңдерін де қарап, ұқсастық іздей бастадым. Бір бай­қа­ғаным, Қасым Аманжолов шы­ғар­машылығы, өмір жолы жүйелі зерт­телмеген. Ғылыми жол­­ға түс­пе­ген, – дейді Марат Азбан­баев.

Біздің кейіпкеріміз Қасым­­ның өмір жолы мен шығар­ма­шы­лығына байланысты әрбір деталь­ді түбегейлі зерттеп, ақын­ның шынайы өмірбаянын жазу керек деп есептейді екен. «Бұл қарапайым оқырман үшін де, әдебиет тарихы үшін де қызықты болар еді»,  дейді зерттеуші.

Қасым Аманжоловтың Орал қаласына келуі туралы осы кезге дейін айтылып келген нұсқада ақын­ның Ленинград қаласында орман техникумында оқып жүріп сырқатқа ұшырағаны, тіпті өлер жағдайға жеткені, содан «ең болмаса қазақ жерінің шетіне жетіп жығылайын» деп Орал қаласына келгендігі сөз болады. Алайда Марат Азбанбаев бұл жөнінде басқа пікірде екен.

– Қасымның Ленинградта оқы­ғаны туралы нақты құжат, дәлел жоқ. Менің ойымша ол Оралға Семейден арнайы келді. Сол кез­дегі жергілікті облыстық ба­сылым  –  «Екпінді құрылыстың» басында Қасымның жерлесі, танысы Зәйтүн Сыздықов жауапты редактор болып отырған еді. Зәйтүн де – Қарқаралының тумасы, екеуі жерлес. Оның үс­тіне Зәйтүн 1923-1926 жылдары Се­мейде партшколда оқыған. 1921-1927 жылдары Қасым да Семейде болды. Сон­дықтан екеуі бұрыннан таныс болды деп айта аламыз. Оралға Қасым Зәйтүнді сағалап келгені анық, –  дейді Марат Ақторғайұлы.

1932 жылдың соңына қарай Қасым Орал қаласында болғаны оның «15 белесте» деген өлеңінен де көрінеді. Өлең соңында «7 ноя­брь, 1932. Орал» деп қол қойылған.

«Екпінді құрылыс» газетінің 1930 жылдардағы сандарында Қасымның қаламынан туған өлең­дер, мақала-репортаждар жиі кез­деседі.

Газеттің 1934 жылғы 23 ақпан­дағы санында Қасым Аман­жолов­тың «Айбынды қызыл әскер күші» атты топтама өлеңдері жарияланыпты. Дәл осы нөмірде «Кеңес елін қорғау үшін одан сайын кү­шей­тіп нығайтамыз!» деген ұран­мен СССР-дің Қорғаныс халық комиссары, әйгілі Клим Во­рошиловтың партияның XVII сиезінде сөйлеген сөзі бас мақала ретінде берілген. Бұл баяндамада қолбасшы Кеңес Одағында атты әскерді, жылқы шаруашылығын дамыту туралы бастама көтерсе, Оралдағы атты әскер полкінің жауын­гері Қасым Аманжолов га­зет­тің дәл осы нөмірінде:

«...Біз ешкімге тимейміз,

Тимейміз, бас имейміз.

Еліккенге ермейміз,

Ешкімнен жер алмай-ақ

Өркендейміз. Сондай-ақ –

Жерімізден бермейміз.

Ешкімге бір жапырақ!

 

Егер сөзді ұқпаса,

Тағы пышақ сұқтаса,

Алып қайтар «сыйларын».

Болат қызыл әскерім

Күл талқан ғып тістерін

Ойып түсер миларын

Кет, капитал, жабыспа!

 

Бұл жауабым бәріне:

Дүние жиянгеріне,

Германның пәшистеріне,

Жапонның тентектеріне,

Полше жендеттеріне,

Соқтықпасын еліме

Шыдай алмас жер жүзі –

Пролетариат тезіне!», деп жырлайды.

Қасымның Орал басылымда­рында жарияланған жазбалары­нан жеке өміріне қатысты көп дерек­терді табуға болады. Мәсе­лен, «Екпінді құрылыс» газетінің жастар қосымшасында «Совет жасының күні» деген айдармен Қасымның «Күндік өмір» атты мақа­ласы жарияланған. Онда ақын 1936 жылы 26 наурызда таңер­тең ұйқыдан тұрғанынан бас­тап, кешке дейінгі өмірін шебер тілмен сипаттап жазған. Ма­қала «Комсомол ұрпағы» газет­інің 3 сәуірдегі №16 санында жа­рық көрген.

«...Шар ете түскен дауыс ше­кем­нен өтті. Селк етіп оянып, көзім­ді ашып алсам: досымның кішкене бөпесі еңбектеп есікке барып, (ашамын деп қолын қыс­тырып алса керек) бақырып отыр екен. Барып көтеріп алдым да, төсе­гінің үстіне домалата салдым...

...Көздің былшығын үге-мүге шық-шық еткен сағатқа қарасам, 8-ді соғып кеткен екен. Терезеге барып, сыртқа көз салдым. Нағыз жазғытұрымғы маужыраған та­биғат. Ұшы-қиыры жоқ айдындай көк аспанда көлбей жүзген кербез күн көкжиектен көтеріліп, күлімдеп қарап, нұр сәулесін жерге төгіп тұр. Күннің алтын нұрына қанаты шағылысып, жалт-жұлт етіп бір бүркіт қалқып көкте кетіп барады. Түнде тоңазып жатқан жер күннің ыс­тық нұрына балбырап ери бастаған, күн нұрымен оянған қар суы жыландай иретіліп, сы­лаң­дап, жыра-жырамен жылжып барады. Ілезде күннің нұры тере­зеден өтіп, үйге кірді. Бала кездегім ойыма түсіп кетіп, айнаны алып, күннің нұрына тоса қойдым. Айнаға шағылысқан алтын сәуле төбеге ырғып шығып, еркелегендей жымыңдап, билеп тұра қалды...

Әдетім бойынша керіліп, созылып, гимнастике жасадым. Бірақ үйдің ішінде жасаған гимнастикенің қанша бабы келе қояды? Турниктің орнына шегеге асыласың... Кейбір нөмірлерін тас­тап та кетесің...

Жуынып, киініп алдым да, түндегі жазғандарымды қолыма алып:

Табиғат

Тоқтамайды сабыр етіп,

Табылмас

Тоқтатуға ешбір тетік.

Өзгермек

Сыры дағы, жыры дағы

Өмірге

Біреу келіп... біреу кетіп... – деп бастап құлдилатып бара жат­қанымда, күжілдеп самаурын да келіп қалды.

4-5 аяқ шайды ілезде тастап алдым да, сұр шинелді киіп алып, қара бөрікті қисайта тастап, кең­сеге қарай бүлкілдедім...»

Ақын бұдан кейін жаяулап жұмыс орнына – «Екпінді құ­рылыс» газетінің редакциясына бет алғанын, «Совет көшесі мен Кә­мөнес көшесінің мүйісіндегі дағдылы ширетке келіп тұра қалып», жаңа газет-журнал сатып алғанын, редакциядағы әріп­тестері, қызметі туралы, жұ­­мыс аяғында кітап дүкеніне кі­ріп, «Сәкеннің «Айшасын», Сәбит­тің «Ақ аюын», Қалидың «Алынған амалын», Тайырдың «Мұз толқынын» алғанын», үй­дегі кешкі тамақтан кейін қолы­на мандалин аспабын алып:

Сымға тізіп сызылтып,

Қалықтатып, құбылтып,

Кеуде теңіз тасқандай,

Күркіреген аспандай,

Күңіренте гулете...

Кейде бұлбұл даусындай –

Тамылжыта, үзілте,

Кейде тамған тамшыдай –

Сорғалата, тізілте...

До, Ре, Ми, Фа, Сол, Лә, Си

Лақылдата төкті күй! – деп жырлағанын – бәрін-бәрін әдемі суреттейді.

Жайық жағасындағы жасыл қаланы шынайы сүйіп, «Оралым менің, Оралым» деп жырлаған ақынды батысқазақстандықтар да ұмыта қойған жоқ. Облыс орталығының қақ ортасындағы көне көшелердің біріне Қа­сым Аманжоловтың есімі беріл­ген. Бұрынғы Кеңес, қазір­гі Нұр­сұлтан Назарбаев даңғы­лында ор­наласқан тарихи ғимарат – «Екпінді құрылыс» газетінің бұрынғы редакциясының қабыр­ғасында Қасым мен Абдолла Жұ­маға­лиевке ескерт­кіш тақта орна­тылған. Қасымның өзі бір бөл­месін жалдап тұрған делі­нетін Карев көшесіндегі 69-үйдің қабыр­ғасында да ақынның аз күн өмірі осында өткені жөнінде жазылған белгі бар. Жергілікті қаламгерлердің бастамасымен осы ғимаратты Қасым мен Аб­дол­ланың музей-үйіне айналдыру мәселесін жергілікті билік те қол­дап отыр.

– Дегенмен Қасым мен Аб­дол­лаға арналған музей ақын талай жырлаған Совет көше­сінде, «Екпінді құрылыс» газе­ті редак­циясының тарихи ғи­маратында болса, тіпті ғанибет болар еді. Қасымның Оралдағы жылдары қазақ әдебиетінің тағы бір алып тұлғасы – Қажым Жұмалиевтің Орал педагогикалық институтында қызмет еткен жылдарымен тура келеді. Қажымның бас­тамасымен Оралда «Әде­биет үйірмесі» құрылған, ол үйір­менің бел ортасында Абдолла Жұма­ғалиев, Жәрдем Тілеков, Қуан Тастайбеков, Батыр Қыдыр­ниязовтармен бірге Қасым да жүрген. 1936 жылы Сәбит Мұ­қанов Оралға арнайы келіп, осы үйірмеде жергілікті ақын-жазу­шылармен кездесу өткізеді. Сон­дықтан мұндай музей ашылса, қазақ әдебиетінің 1940 жылға дейінгі толқынына көрсетілген зор құрмет болар еді, – дейді Марат Азбанбаев.

Оралда Қасым Аманжолов атқарған жұмыстың бір бағыты – жергілікті қазақ театрының жұмысын ұйымдастыру болатын.

– 1935 жылдың басында­ Қасым Аманжолов обком ше­ші­мімен театр студиясын бас­қа­руға жіберілген. Ол осы қыз­метте 1936 жылдың ая­ғына дейін жұ­мыс істеген. Кәсі­би­ ре­жиссер Жұмат Шанин Орал қа­ласына 1936 жылы 25 жел­тоқсанда келіп, театрға көр­кем­дік басшылықты қолға алды, – дейді Марат Азбан­баев.

Бұл ту­ралы да сол кездегі облыс басшысы Ізмұқан Құрамысовтың «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған баяндамасында кеңінен айтылған.

Ақын өмірінің әр кезеңін жалықпай зерттеп жүрген өлке­танушы жақында Әзербай­жан Республикасының прези­денті Илхам Әлиевке хат жолдапты. Сондағы өтініші – 1948 жылы Низамидің тойына барған Қасымның өлеңіне арқау болған әзербайжан қызы Сананың тағ­­дыры мен тарихын білу. «Низа­ми тойына қатысу үшін Қазақстаннан Мұхтар Әуезов пен Қасым Аманжолов барған. Қасым сол сапарында екі өлең жазды. Бауырлас екі халықты бір нүктеге тоғыстыратын осындай оқиғаларды хаттау, тарихта қалдыру керек. Бұл ақын өмірінің де бір парағын толықтырар еді» деп санайды зерттеуші.

Қалай болғанда да Орал қала­сының тарихында Қасым­ның ізі сайрап жатса, Қасымның өмірінде де Орал шаһарының орны бөлек. Оралда өткен бес жыл ішінде Қасым нағыз шы­ғар­машыл тұлғаға айналып, шыңдалып өскені анық. «Тонал­маған көне музей секілді» қала көшесінде келе жатқанда, Қа­сым­ның қоңыр үні құлаққа келе­тіндей:

«Оралым, сенің қойныңда,

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғамын.

 

Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай

түс,

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс

 

Өмірдің алтын кесесін,

Тосқанмын айдың нұрына,

Кешкенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма.

 

Сонау бір шетте, сонау үй,

Кетер ме, сірә, көңілден?!

Алушы ед тартып мені ылғи

Махаббат ыстық лебімен.

 

Терезе алды – жас терек,

Тұр екен кімдер сүйеніп?

Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап, үйге еніп?..»

 

Батыс Қазақстан облысы