Спорттың бұл түрінен әлем чемпионаты 1976 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырлып келеді. Сол кезден бері 45 мәрте жалауы желбіреген жарыста ең көп олжаға кенелген команда – Оңтүстік Корея құрамасы. Сол елдің шорттрекшілері 221 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Жүлделердің 90-ы алтын, 68-і күміс және 63-і қола. Екінші және үшінші орындарды Қытай (64 алтын+43 күміс+40 қола) мен Канада (61+73+61) иеленуде. Үйеңкі жапырақтары елі өрендерінің (195 медаль) жеңіп алған жүлделер саны Аспанасты елі өкілдерінен (147 медаль) әлдеқайда көп. Алайда күміс пен қолаға қарағанда алтынның сапасы артық болғандықтан, қытайлар канадалықтардан озып отыр.
Ал одан кейінгі сатыларға АҚШ (16+16+30), Жапония (13+19+21), Нидерланд (9+13+9), Ұлыбритания (7+10+9), Италия (5+13+20), Ресей (3+2+1), Аустралия (2+5+3), Мажарстан (1+5+3), Болгария (1+2+6), Жаңа Зеландия (1+1+0), Германия (0+1+1), КСРО (0+1+0), Франция (0+0+4) және Бельгия (0+0+4) құрамалары жайғасты.
Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, дүние жүзі бойынша осы спорт түрін серік еткен саңлақтардың үшеуі ғана 18 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген екен. Олар – Ван Мэн, Виктор Ан және Ян Ян (А). Енді осы мықтыларды өз оқырмандарымызбен жақынырақ таныстырайық.
35 жастағы Ван Мэн – Қытайдың Хэйлунцзян провинциясының тумасы. Айтулы додада ол 18 алтыннан бөлек, 9 күміс және 3 қола медальді мойнына ілді. Барлығы – 30 жүлде. Ван үлкен спорттан әлдеқашан қол үзгеніне қарамастан әйелдер арасындағы сайыста оның орнатқан рекордтарының біразы әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұр.
Сеулде туып-өскен Виктор Ан қытайлық Ван Мэнмен түйдей құрдас. Спорттық карьерасының негізгі бөлігін ол өзінің отаны – Оңтүстік Кореяда өткізсе, кейіннен Ресейге қоныс аударып, біраз жылдан бері сол елдің намысын қорғауда. Әлем чемпионатында Ан 18 алтын, 7 күміс және 3 қоланы қанжығасына байлады. Барлығы – 28 жүлде.
44 жастағы Ян Ян (А) да Қытайдың Хэйлунцзян провинциясында дүниеге келді. Ол 1994-2005 жылдар аралығында әйелдер сайысында жасындай жарқырап, көптеген биік белестерді бағындырды. Бұл спортшының қоржынында 18 алтын, 6 күміс және 2 қола медаль бар. Барлығы – 26 жүлде.
Ал жеңіп алған жүлделерінің жалпы саны жағынан 36 жастағы Шарль Амленнің алдына түсетін ешкім жоқ. Канаданың Квебек аймағына қарасты Леви қалашығының тумасы 2005-2018 жылдар аралығында 32 жүлде олжалады. Оның 9-ы алтын, 13-і күміс және 10-ы қола. Сондай-ақ дүниежүзілік додада молынан олжаға кенелген спортшылар қатарында канадалық Сильви Дэйгл (15+3+1), Натали Ламбер (15+2+3), Марис Перро (8+2+1), қытайлық Фань Кэсинь (10+1+2), Ли Цзяцзюнь (8+3+8), кореялық Ли Хо Сок (8+6+3), Чхве Ын Ген (8+2+3), Чин Сон Ю (8+2+1) сынды шорт-трек шеберлері бар.
Соңғы әлем чемпионаты 2019 жылы Болгарияның бас шаһары – Софияда ұйымдастырылды. Бұл жарыста да Оңтүстік Корея құрамасы шашасына шаң жұқтырмай, командалық сайыста жеке-дара көш бастады. Олар 15 (8+5+2) жүлде олжалады. Екінші орында – Нидерланд. Қызғалдақтар елінің спортшылары 5 (4+0+1) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Қытай (0+3+1), Канада (0+2+3), Ресей (0+2+3), Мажарстан (0+0+1) және Жапония (0+0+1) өкілдерінің де қанжығалары майланды. Жекелеген шорттрекшілер арасында Болгарияда ерлер арасында кореялық Лим Хе Джун (5+0+0) және әйелдер сайысында нидерландтық Сюзанне Схюлтингтің (3+0+1) бақ жұлдыздары жанды.
Қазіргі кезде спорттың бұл түрі Қазақстанда жақсы дамып келеді. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жерлестеріміз жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрініп жүр. Есесіне әлем кубогы жолындағы жарыстарда жасындай жарқырап жүрген жігіттеріміз жетерлік. Ең қуаныштысы, білікті бапкер Мәдіғали Қарсыбеков жаттықтыратын ұлттық командамыздың негізін өз қандастарымыз құрайды. Ертең Нидерландта жалауы желбірейтін жарыста Қазақстанның намысын сегіз спортшы құрайды. Олар – Мадина Жанбосынова, Яна Хан, Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев және Еркебұлан Шамұханов. Біздің өрендер осы әлем чемпионаты қарсаңында Ресейде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Қызғалдақтар еліне жақсы бабында және көтеріңкі көңіл-күймен аттанды. Енді біз жерлестерімізден жеңіс күтеміз.