Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Жарылысқа газ баллондар себеп болды

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

24 ақпан күні түнге қарай Мұғалжар ауданы Мұғалжар елді мекеніндегі жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылып, осы үйдің 11 жастағы баласы оқиға орнында қайтыс болды. Қазіргі уақытта 52 жастағы үй иесі мен оның 22 жастағы үлкен баласы облыстық жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Қайғылы оқиғаға үй иесінің далада аязда сақталған 50 литрлік газ баллонын үйге кіргізуі себеп болған. Тығыздалып толтырылған жабық ыдыс бір жарым сағаттан кейін жарылысқа әкеп соқтырған.

Жарылысқа газ баллондар себеп болды

Осы оқиғадан екі күн өткенде, 27 ақпанда Темір ауданы Саркөл ауылының екі тұрғыны өз үйінде газдан уланып қайтыс болды. Ақпанның 25-і күні Хромтау ауданының Көктау ауылының екі тұрғыны газдан уланып, аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. 3 қаңтарда Қобда елді мекеніндегі тұрғын үйде бес литрлік газ баллоны жарылып, лезде үй өртке оранған. Өрттен осы үйдің екі адамын күйік шалған. Олар қазір Қобда аудандық ауруханасында ем алып жатыр. Бұл оқиғаға да тығыздала толтырылған сұйықтықтың жылу қысымынан көлемі артып, ыдысқа сыймауы себеп болды. Дәл осы күндері Ырғыз елді мекеніндегі бір үйде де 5 литрлік газ баллоны жарылып, іле-шала үйден өрт шыққан. Бұл оқиғалар бір-бірімен өте ұқсас, бәрі де жеке адамдардың аязда қатып тұрған газ баллондарын үйге кіргізгеннен кейін орын алды. Газ баллондарының бар­лығы да автокөлікке газ құю бе­кеттерінде толтырылған екен. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының алдын ала жасаған қорытындысы осы жағдайларды анықтапты.

Егер мамандандырылған газ құю бекеттерінде тұрмыстық мақсатта қолданылатын газ бал­лондарын толтыру ережесі қа­таң қадағаланса, көліктерге газ құю бекеттерінде бұл тәртіп сақ­тала бермейді. Көлікке газ толтыруды жанармай құюмен бірдей санайтын операторлар жұрттың қолындағы баллондарды аузы-мұрнына дейін тол­тырып береді. Мұның артын ойлап жатқан ешкім жоқ. Жыл басталғалы төрт адамның өлі­мімен аяқталған осы оқиғалар газ құю бекеттерінің жұмысын мұқият тексерістен өт­кізуді күн тәртібіне қойып отыр.

Оның үстіне, көпшілік тұр­ғындар газды сақтау мен оны пайдалану нұсқаулықтарын орындай бермейді. Газ баллондарын жылыту құрылғыларына жақын жерге қоюға, көп пәтерлі үйдің балконында сақтауға болмайтынын көпшілік білсе де орындамайды. Осыдан кө­рініп тұрғандай, екі айдың ішінде төрт адамның ажалына себеп болған оқиғаларда адам­дар­­дың салғырттығы мен газ құятын мекемелердің жа­уап­сыз­дығы жатыр. Сондай-ақ об­лыстық Төтенше жағдайлар де­­партаментінің мамандары газ­бен жүретін автокөлік ішінде тұ­танған өрт оқиғаларының жиі­­­легенін хабарлайды. Оған кө­­бінесе автокөліктердің газ құя­­тын бөліктеріндегі ақаулар себеп болған.