Қоғам • 04 Наурыз, 2021

«Жануарларды нөмірлеу»: Қазақстандықтар COVID терминінің мағынасына наразы

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кей желі қолданушылары COVID терминінің шығу нұсқасын ұсынып жатыр. Осындай хабарламалардың бірінің авторы аурудың атауы «COV» – «жануар» және ID – «нөмір» деген екі сөзден тұрады деп мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Жануарларды нөмірлеу»: Қазақстандықтар COVID терминінің мағынасына наразы

Аталған мәлімдеме шындыққа жанаспайды. COVID-19 сөзі – бұл аббревиатура. Ағылшын тіліндегі толық нұсқасы – COronaVIrus Disease 2019.  Қазақ тіліне аударғанда «2019 жылғы коронавирустық инфекция» дегенді білдіреді. Яғни SARS-CoV-2 коронавирусы тудыратын аурудың атауы.

Айта кетейік, SARS-CoV-2 ‒ «ауыр жедел респираторлық синдромның коронавирусы-2» терминінің қысқартылған атауы.

COVID термині өткен жылдың сәуір айында ағылшын тіліндегі бірнеше түсіндірме сөздіктерге енгізілді. Мысалы, Вебстер және Оксфорд сөздігінде деректер келтірілген.

Ал Instagram қолданушылары бөлісіп жүрген нұсқаға келетін болсақ, ол ойдан шығарылған. «Мал» дегенді білдіретін COV сөзі ешбір тілде жоқ. Ол бұрмаланған cow (сиыр) ағылшын сөзіне ұқсайды.

ID — бұл да ағылшын тіліндегі identifier (идентификатор) сөзінің аббревиатурасы – нысанды басқалардан ажыратуға, яғни сәйкестендіруге мүмкіндік беретін ерекше белгі. Бұдан фейк хабарламаның авторлары вакцинацияны «чиптеумен» салыстыратын қастандық теориясын қолдайды деп қорытынды жасауға болады.