Руханият • 05 Наурыз, 2021

Өзгерістер дәуірінде өмір сүру қуанышы

260 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бәлкім, сырт көзге осынау үш он жылдық тарихи ауқыммен қарағанда, тым қысқа кезең болып көрінуі мүмкін. Алайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбекқорлығы мен дана да дара саясатының арқасында мұндай қысқа мерзімде де тұтас бір мемлекет құруға болатынына көзіміз жеткен секілді.

Өзгерістер дәуірінде өмір сүру қуанышы

Қазақ елі мақтана да, сүйіне де қарай алатын ұзақ жолдан өтті. Тұңғыш Президенттің шығармашылық таланты мен алға қойған мақсаттарға жетудегі таңғажайып қабілеті елімізді бүгінгі жетістіктерге жеткізді. Бүгінде біз әлемдік экономикалық жүйеге инте­грацияланған, қарқынды дамып келе жатқан нарықтық экономикасы бар елде тұрамыз. Жүздеген жаңа кәсіпорындар пайдалануға берілуде, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылуда, халықтың өмір сүру деңгейі артып келеді. Елде этносаралық келісім мен әлеуметтік тұрақтылық сақталған. Қазіргі Қазақстан әлемдік аренада аса зор беделге ие. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД және халықаралық қоғамдастықтың беделді саясаткерлерінің бірі саналады.

«Өзгерістер дәуірінде өмір сүруден сақтасын» деген сөз бар ғой. Алайда мен бар­лық қазақстандық сияқты, тоқ­санын­шы жылдардың қиын-қыстауынан аман-есен өтіп қана қоймай, жаңа, жас мем­лекеттің заңнамалық базасын жеті­л­діруге белсене қатысқаныма қуанамын.

Мен Парламент Сенатының бірін­ші шақырылымдағы депутаты және вице-спикері болдым. Егемен еліміздің заңнамасы құрылып жатқан кезең болатын. Көп жұмыс істеуге, әлемдік тәжірибені зерттеуге тура келді. Сол кезде маған ұзақ жылдар бойы өндірісте жұмыс істегенім, мемлекеттік қызметте және партияда іс тәжірибемнің болғаны көп көмектесті. Яғни қай заңның өмір тәжірибесінде қалай жұмыс істейтінін көзіме елестете алдым.

Сол жылдары «Қазақстан Республи­ка­сы­ның Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Білім туралы», «Зейнетақымен қам­сыз­дандыру туралы», «Тұрғын үй қаты­настары туралы» және басқа да ма­ңыз­ды заңдар қабылданды. Бірқатар халық­аралық шарт, оның ішінде әйелдер құқығы туралы заңдар ратификацияланды.

Ұлт Көшбасшысы әрқашан әйелдер­дің әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық танытып отырды. Елбасы әйелдердің қоғамдық мәртебесін көтеруге зор көңіл бөле отырып, егемендіктің аса ауыр алғашқы жылдарында арнайы орган – Президент жанындағы Отбасы, әйелдер проблемалары және демографиялық саясат жөніндегі кеңесті құрды. Ке­йін аталған орган Президент жанындағы Отбасы және әйел­дер істері жөніндегі Ұлттық комиссия болып өзгертілді.

1998 жылдың соңында Нұр­сұлтан Назарбаев маған осы органды төраға және министр ретінде бас­қаруды ұсынды. Алайда мен басқа да танымал тұлғалардың бар екенін, бұл қызметті атқара ал­май­тыным­ды айтып, бас тарттым. Сонда Елба­сы «Осы мәсе­лені көтеріңіз, ха­­лы­қ­а­­ра­лық ұйым­­­дар­мен кез­­де­сі­ңіз, бұл та­қы­­­рып бо­­­йын­­ша бар­лық жа­ңа­лық­­ты оқы­ңыз. Сіз­­дің кәсіби қа­сиет­­тері­­ңіз­ді біле отырып, бұл қыз­метті абырой­мен ат­қар­аты­ныңызға сенімдімін», деді.

Нәтижесінде, осы Ұлттық комиссия­да 10 жылға жуық жұмыс істедім. Отба­сы­лардың, әйелдер мен балалардың жағ­дайын жақсарту жөніндегі маңызды мәсе­лелерді шешуге тырыстым. Ұлттық комиссияның құрамы өте мықты еді. Онда Парламент депутаттары, министр­лер мен мемлекеттік қызметшілер, ға­лым­дар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйым­дар мен қоғамдық бірлестіктердің өкіл­дері болды. Тұңғыш Президентіміз Ұлт­тық комиссияның қызметіндегі негізгі төрт бағытты айқындап берді. Яғни әйел­дерді саяси және экономи­ка­лық тұр­ғыда іл­герілету, әйелдер мен олард­ың от­басы­ларының денсаулығын жақ­сарту және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелері алға қойылды.

Елбасының жоғары сенімі мені барынша креативті болуға міндеттеді. Өз кезегінде, Ұлттық комиссия осы салаға қатысты заңнаманы кеңейту мен же­тілдіру мәселесін үнемі көтеріп отыр­ды. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен көптеген кездесу­лер ұйымдастырылды. Әйелдерге қаты­сы бар барлық дерлік халықаралық құжаттар зерттелді. Көптеген адамдарға көмек пен қолдау көрсетіліп, бұрын айтылмай келген мәселелер көтеріле бастады. Осылайша, біздің көптеген қадамдарымызда «алғаш рет» деген сөз жиі қолданылатын болды.

Тұңғыш Президентіміз қоғамның дамуына әйелдердің белсене қатысқанын ескере отырып, атқарушы және өкілді билік басшылығындағы әйелдердің үлесін арттыру қажеттілігін алға тарт­қан болатын. Бұл ретте біз басшылық қызметке және сайланбалы органдарға кандидаттар ұсыну кезіндегі партиялық тізімдерді құруда гендерлік теңдіктің сақталуын қамтамасыз ету үшін саяси партиялармен тығыз жұмыс істей бастадық. Ашық хаттар жазып, шешімдер қабылдайтын деңгейге әйелдерді көбірек ұсынуға шақырдық.

Халықаралық ұйымдардың қолдауы­мен ригсдагқа сайлау өтіп жатқан кезде Швецияға сапар ұйымдастырыл­ды. Онда біздің өкілдер, соның ішінде депутаттыққа, әртүрлі деңгейдегі аудан әкімдігіне кандидат әйелдер шведтік сайлау технологияларымен таныса алды.

Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық комиссияның тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеді. Бүкіл посткеңестік аумақта отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемле­кеттік саясатты іске асырудың дәл мұндай тетігі жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы гендерлік теңдік Стратегиясын әзірлеуге бастамашы болды. Оның басты мақсаты – әйелдерге Конституцияда және Қазақ­стан мүшелік ететін ұйымдардың халық­аралық актілерінде көрсетілген құқық­тарын толық пайдалануға мүмкін­дік беру. Сондай-ақ, қоғамның тыныс-тір­ші­лігіне әйелдердің тең құқылы ара­ла­суы мәселесі де назарға алынған. Мұн­дай бастама ел тарихында алғаш рет көтерілді.

Мен 2009 жылы Парламент Мәжілісі­нің депутаты ретінде гендерлік теңдік Стратегиясында қарастырылған «Ерлер мән әйелдердің тең құқықтары мен тең мүм­кіндіктерінің мемлекеттік кепіл­діктері туралы» және «Тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу туралы» екі негізгі гендерлік заңды талқылауға және қабылдауға қатыстым.

Елбасы айтып өткендей, Қазақстан­дағы әйелдер әрқашан елдегі барлық жетістіктерге, өзгерістер мен маңызды оқи­ғаларға белсенді атсалысып келді және солай болып қала береді. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары олар нағыз батылдық танытып, өздерін және отбасыларын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасағаны есімізде. Әйелдер шағын бизнеспен, алып-сатумен айналысып, өздерінің қосалқы шаруашылықтарын дамытты.

Бүгінде Қазақстандағы әйелдер білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет және қызмет көрсету, қаржылық қызмет, мемлекеттік қызмет, сот жүйесі сияқты салалардың кәсіби деңгейін айқындайды. Қоғамда әйелдердің әлеуметтік тұрғыда қалыптасуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасалған. Қазіргі заманның әйелдері мансапқа да қол жеткізіп, балаларын да тәрбиелеп, жаңа мамандықтарды да игеріп жатыр. Олар іскер басшы, ұтымды ұйымдастырушы, салмақты сая­саткер, өнегелі ана да бола біледі.

Қазақстандағы дұрыс де­мография­лық сая­сат­­тың арқасында елі­міз демо­графиялық дағ­да­рыстан құтыла алды. Аза­маттарымыздың орташа жасын ескере отырып, өзімізді жас ұлттардың қатарына жатқыза аламыз. 2004 жылдан бастап халық саны арта бастады. Туу көрсеткішін арттырудың маңызды фак­т­оры – жұмыс істейтін және жұмыс істе­мейтін әйелдерге төленетін әлеумет­тік төлемдер мен жәрдемақылар болып саналады.

Елбасының ауқымды жоспарлары мен жетістіктерінің барлығына біздің де қатысымыз барлығын мақтан тұтамыз. Мен жұмыс істеуге бала кезімнен дағды­лан­ғанмын. Үнемі белсенді болдым. Өмірлік ұраным – алға қойған мақсат­қа ұмтылыс пен өз міндетіме адал қарау дер едім. Сондықтан, Тұң­ғыш Пре­зи­дентіміздің мінезіндегі жасам­паз­дық қасиеті маған айрықша ұнайды. Ол жоғары кәсіби шеберлігімен, жауап­кер­шілігімен, адамгершілігімен, қарапайым­дылы­ғымен, ұстамдылығымен және шешім­ділігімен дараланды. Елбасы батыл, мықты, принципшіл, әділ әрі өз күшіне сенімді адам. Ол – Қазақстанның жалпы­ұлттық Көшбасшысы.

Газет бетінен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын өзімнің және барша қазақ­стан­дық әйелдердің атынан Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл, ең алдымен, Ұлт Көшбасшысының мерекесі. Себебі, ол – әлем таныған Қазақстанның бас архитекторы. Елбасына зор денсаулық, сан қырлы қызметіне жаңа табыс, еліміздің көркейіп-гүлденуін тілеймін.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, оқырман әйелдерді көктемнің көркем мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйел­дер күнімен құттықтаймын. Отба­сы­лары­ңыз бен жақындарыңызға амандық, көктемгі жылылық, өзара түсіністік пен жарқын болашақ тілеймін. Әрдайым қажетті және сұлу да сүйікті болыңыздар!

 

Айткүл САМАҚОВА,

мемлекет қайраткері