Бүгінгі әлемдік ғылымда әңгіменің өзегіне айналып отырған үлкен тақырыптың бірі – құндылықтар, адами құндылықтар. Құндылықтарды зерттеу үлкен ғылым саласына айналып, адамның мәдени және рухани игіліктерінің мәнін терең зерделей бастағаны белгілі. Қазір сәт сайын өзгеріп, құбылып жатқан әлемде өзіңді танып, өз жеке басыңның тұлға ретінде қадірін арттырып, қасиетіңді білу үшін, өзіңді дұрыс бағалап, бағалату үшін басты ұлттық құндылықтарды білу, оны ардақ тұту, қадірін біліп, үлгі ету маңызды.

Құндылықтар сапында ұлттық кодтар мықшегедей бекіген, бекітілген. Құндылыққа айналудың өзі оның бойындағы ұлттың мәдени-рухани кодының болуымен байланысты. Құндылық – дүниетанымның рухани өзегі, қоғамда қалыптасатын сан алуан жағдаяттардың тарихи себептері мен мәнін түсінуге мүмкіндік беретін негіз. Басты таразы осы құндылық болмаққа керек. Өйткені халықтың немесе этностың ерекшелігі мен бірегейлігін айқындайтын осы – ұлттық құндылықтар.
Қазіргі кезде қоғамда жүріп жатқан мәдени өзгерістер мол. Соның ең негізгісі де, маңыздысы да – қазақ жазуы туралы мәселе. Өйткені жазу – ұлттық құндылығымыздың негізгі тұғыры саналатын тіліміздің таңбалық көрінісі. Бүгінгі қабылданатын жазу – ұлттың болашақ рухани-мәдени даму бағытын анықтамақ, ұлттың дүниетанымдық болмысын танытпақ. Сондай-ақ бұл жазу – келешек үшін рухани-мәдени ЕС-ті сақтамақ. Бұл жазу үлгісі қарым-қатынас құралы ретінде ұлттық санамыздағы дүнияуи болмысымызды жаңартпақ. Сондықтан да қазіргі ұсынылып жатқан жазу болашағына ел бей-жай қарамай, әлеуметтік желілерде, күнделікті баспасөз беттерінде белсенділік танытуда. Қазақ сөзінің барынша дұрыс таңбалауына мүдделілік күннен-күнге арта түсуде.
Латын таңбасына көшу – саяси шешім. Ол қабылданды. Ендігі мақсат – қалың қазақ жұртына ұлттық әдеби тілді дамытатындай, әралуан саяси өзгерістерге сәйкес уақытында болған кемшіліктерді түзейтін, тәуелсіз қазақ елінің өз жазуының канондық, өзгермейтін Әліпбиін ұсыну еді.
Қазірдің өзінде әліпбидің төрт нұсқасы ұсынылды. 2017 жылы 11 қыркүйек күні Парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің алғашқы варианттары таныстырылды (диграф нұсқасы). Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен бекітілді (апостроф нұсқасы). 2018 жылдың 19 ақпанында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына өзгеріс енгізді (акут нұсқасы). 2021 жылдың
28 қаңтарда Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Онда латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды (жетілдірілген нұсқа).
Еліміздегі әліпби өзгерту сияқты жауапкершілігі маңызды іс Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жүктелді. Рас, үлкен жұмыстар атқарылды. Бірақ өкініштісі сол, әліпби қайта-қайта өзгертілгендіктен де, оның ұлттық әліпби ретінде енетініне ел ішінде күмән туа бастағаны да белгілі. Әліпби құрастырып ұсынушыларға, ең алдымен, жауаптылық керек дер едік.
Қазіргі ұсынылып отырған жаңартылған әліпби бұрынғыларымен салыстырғанда, рас, біршама оңдалды. Бұл – іргелі істің жемісі. Үлкен ғылыми пікірталастар мен дискуссиялардың нәтижесі. Әліпби түзу жеке ғалымның өзіндік көзқарасы тұрғысынан жазылмағаны жөн. Өйткені бұл әліпби ұлтқа арналып отыр, ұлт мүддесі үшін, рухани жаңғыру үшін, тілдің ішкі заңдылығын бұзбай таңбалап, елдің өткені, бүгіні және болашағын жазу үшін, ақпарат алмасудың қазіргі күнгі басты құралы ретінде пайдалану үшін қажет.
Әліпби жөніндегі қазіргі пікірталас «... әркімнің-ақ бар таласы» деген принциптен шығып отырған дау емес, қазақ ғалымдарына, әсіресе, тіл білімі ғалымдарына темірқазық болуға тиісті Ахмет Байтұрсынұлы идеяларының жалғасып, тіл дамуының қазіргі және кейінгі сатысында ана тіліндегі басты заңдылықтардың орнығуы үшін, ғылыми негізделген, жүйеленген пікірдің қабылдануы үшін туып отыр.
Ең алдымен, кирилл әліпбиінен бас тартуымыздың негізгі себебі – санаға сілкініс жасау, рухани жаңғыру деп түсінгендіктен де, біз тек орыс әріптерін түгел алып тастауды ғана емес, сол кеңес саясаты негізінде кірігіп кеткен дыбыстарды да Ахмет Байтұрсынұлы байламымен қайта орнына келтіру деп білеміз. Қазіргі қолданыстағы И мен У таңбалары да сол орыстық әріптер үлгісіне салудың көрінісі. Мұны зерттеушілердің бәрі мойындайды. Шын сөз – ғылыми сөз. Атақты орыс түркітанушылары Н.А.Баскаков,
К.К.Юдахин т.б. сынды ғалымдардың қазақ тіліндегі ҰУ, ҮУ мен ЫЙ, ІЙ дауысты және дауыссыз дыбыстарының И мен У-ға біріктірілуі асыра сілтеу болғаны туралы айтқан пікірлерін әлеуметтік желіде ғалымдар жазды. Басқасын былай қойғанда, И мен У дауыссызын бірде дауысты, бірде дауыссыз етіп, оның алдындағы дауысты дыбыстарды жазуда елемеу, кейін мүлде жоқ ету 1938 жылғы қаулымен бекітілгені де бүгін тарих болғанымен, кешегі күндегі нақты факті еді. Бұл туралы дауысты және дауыссыз дыбысты біріктіріп, үнемдеп жазуды қолдап жүрген Қ.Күдеринова «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» атты еңбегінде 1938 жылғы әліпби мен графикадағы өзгерістер болғанын, «ҰУ мен ҮУ қосар әріп орнына бір ғана – У, ЫЙ мен ІЙ қосар дыбысының орнына бір ғана – Й таңбасы алынғанын» жазады (2013 ж. 255-бетте). И мен У таңбасы арқылы дауысты және дауыссыз дыбысты біріктіріп жазу – грамматология заңдылығына қайшы. Мұнда қазақтың төл дауысты дыбыстары жұтылады да, дауыссыздың көлеңкесінде қалып, айтылымда сөздің әуезділігі бұзылады.
«Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде» деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріпті. Біз ҰУ мен ҮУ-ді У-ға, ЫЙ мен ІЙ-ді Й-ға біріктіріп, үнемдеп жазу арқылы әр сөздің жеке-жеке «жанын» аламыз. «Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде» дегенде ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтайтынын ескереді. Бұл ғылыми шындықты кейінгі барлық түркітанушы ғалымдардың мойындағаны, теориялық та, тәжірибелік те тұрғыдан анықтағаны тағы шындық.
Й – У (дауыссыз)
У – W (дауыссыз) – болып таңбалануы профессор Ә.Жүнісбек мырза дәлелдеп жүргендей, грамматологиялық тұрғыдан тілдің ішкі заңдылығынан шығады. Жүйелі сөзге ғана емес, барлық түркітанушы ғалымдар айтып кеткен, қазір қазақ ғалымдары түгелге жуық қолдап отырған (Орфотопқа енбеген ғалымдар түгелге жуық) ғылыми анық пікірге әліпби жасаушы ғалымдардың неге тоқтамай отырғаны түсініксіз.
Қазіргі Й дауыссыз дыбысы А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ұсынған әліпбиде У (уай) таңбасымен берілген еді. Бұл таңба қазіргі қолданысқа біршама еніп, жазылып жүр. N.Nazarbayev, K.Tokayev т.б. кісі атауларының жазылуы осылай қалыптасты.
Жаңартылған әліпбиде дауысты дыбыстар жуан және жіңішке сыңарымен, жіңішке жұбы базалық әрпінен умлаут арқылы ажыратылған (а-ä, о-ö, u-ü). Осы жүйе ы мен і жуан-жіңішке сыңарында да бұзылмай, ы – I, і – і түрінде жазылуы жалпы жазу жүйесін сақтау үшін де, оқушыға түсіндіру үшін де, есте сақтау үшін де маңызды болар еді.
Ұсынылып отырған әліпбидегі в әрпінің сақталуының себебін -ов, -ев, -ова, -ева болып аяқталатын кісі тегінде жиі кездесетіндігімен түсіндіруге болады. Бірақ ф дыбысының қазақ сөзінде кездеспейтіні, араб-парсы тілінен енген сөздердің бәрінде «п» болып қалыптасып кеткені анық (фарыз – парыз, фатуа – пәтуа, ферғауын – перғауын, фалсафа – пәлсапа, Фатима – Патыма, Фазыл – Пазыл). Әліпбиде F-Ф таңбасының тек «футбол» (аяқдоп немесе putbol ) сөзі сияқты санаулы атауларды жазу үшін алынып отырғанын қолдау қиындау. F(ф), х (х), у (в) – әріптері 1938 жылғы «Қазақ әліппесі мен орфографиясын біраз өзгерту туралы» қаулысы негізінде енген еді.
Бүгінгі таңда жазуды өзгертуде ескі мен жаңаның тартысы айқын көрінді. Жазу өзгерту тек әліпби өзгерту емес екені анық білінді. Жазу өзгерту деген, шындап келгенде, астары терең, қыртысы мол, саяси да, экономикалық та, әлеуметтік те мәселе екенін нақты сезіндік.
Ескі деп – кешегі заманы өткен кеңестік кезең мен сол кезең туғызған тілдегі жалған қисынды түсінеміз. Жаңа деп – рухани жаңғыру уағында жаңарып жатқан Ахмет қағидасын ұғамыз. Ұлт мүддесі үшін 5 рет түрмеге түсіп, 2 рет жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлы өзі айтқан «ертеңін» ертеңге ұзартпай, болашақ иығына жүк етіп артпай, Тәуелсіздік таңының 30 жылында тілдің ішкі заңдылығының өз сұранысына орай шешерміз. Әліпби мәселесі оң шешімін табу үшін, әліпби жасаушы ғалымдарға, ең алдымен, «менбілемдік» санадан ұлттық сана биігіне көтерілуі маңызды. Уақыттың өзі осыны талап еткендей. Қазіргі ғалымдар арасында орын алған пікірталастардың да себебі бар, салдары да оң болады, пайдасы Ел үшін. Халықтың көкірек көзі ашылды. Кеңес үкіметі құлаққа құйған, сіңіп қалған «кеңестерден» қалың жұртшылық бірте-бірте бой тарта бастады. Әліпби туралы ғылыми ой сараланып, пікірдің айқындығы нақтыланып, ақ пен қарасы ажырап келеді.
Демократия дендей енген біздің қоғамда қандай әліпби керек екенін ұлт болып қазақ баласы өзі таңдайтын деңгейге де жақындап келеміз. Тілдің рухани құндылық екенін тереңнен түсінгендіктен, қазіргі қалың қауым да, зиялылар да, тіл білімі ғалымдары да қазақ сөзінің барынша дұрыс таңбалауына мүдделі.
Анар САЛҚЫНБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
Көз тоймайтын коттедж қалашығы
Аймақтар • Бүгін, 08:33
Руханият • Бүгін, 08:30
Жайылымдық жер де күтім тілейді
Қоғам • Бүгін, 08:25
Аймақтар • Бүгін, 08:22
Теміртау экологиясын оңалтуға назар аударды
Экология • Бүгін, 08:21
Мақсаты айқын, қалыптасқан, орнықты құрылым
Пікір • Бүгін, 08:15
Елбасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы
Қазақстан • Бүгін, 08:13
Пікір • Бүгін, 08:10
Қоғам • Бүгін, 07:57
Ғылым • Бүгін, 07:42
Абайдың қарасөздері – тәрбиенің қайнар көзі
Абай • Бүгін, 07:40
Белгісіз дерттің беті қайтқан жоқ
Қоғам • Бүгін, 07:40
20 мыңға жуық тұрғын екпе салдырды
Аймақтар • Бүгін, 07:39
Алтынсарин және Қостанай мектебі (Оның бастау арнасы – Троицк кездейсоқ таңдау емес)
Тарих • Бүгін, 07:35
Жастарды стартап жобалар қанаттандырады
Ғылым • Бүгін, 07:35
Руханият • Бүгін, 07:32
Руханият • Бүгін, 07:31
2020: Музейге қанша адам барды?
Руханият • Бүгін, 07:29
Ақындар мен суретшілер бақ сынайды
Оқиға • Бүгін, 07:27
Қоғам • Бүгін, 07:25
Арыздың көбі банк секторына тиесілі
Қаржы • Бүгін, 07:22
«Жас маман» жастарға жол ашады
Пікір • Бүгін, 07:20
Криптофермалардың қарасы көбейіп келеді
Пікір • Бүгін, 07:19
Әкімдер Парламентте есеп беретін болады
Парламент • Бүгін, 07:07
Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ұлттық жобалар қалай бағаланады?
Қазақстан • Кеше
Қарағандыда әкімдік ғимаратынан ер адам құлап, қайтыс болды
Аймақтар • Кеше
БЖЗҚ: Қанша адам емделе алады?
Қоғам • Кеше
Спорт • Кеше
Петропавлда ер адам көлік иесіне 1 млн теңге шығын келтірді
Аймақтар • Кеше
Спорт • Кеше
Қазақстан • Кеше
Көк байрағымыз – ең биік шыңдарда
Қазақстан • Кеше
Шалдай орманы тағы да өртке оранды
Аймақтар • Кеше
Несиесі – арзан, тәуекелі – қымбат
Қоғам • Кеше
Руханият • Кеше
Руханият • Кеше
Қаршадай балаға қанат бітірген «Жас тұлпар»
Аймақтар • Кеше
Теннис • Кеше
Ахметжан Есімов жаңа қызметке тағайындалды
Тағайындау • Кеше
Сот «СҚ-Фармацияның» экс-басшысын босатудан бас тартты
Елорда • Кеше
Жандарбек Бекшиннің басы тағы дауға қалды
Медицина • Кеше
Сортөбенің бағы еселеніп келеді
Руханият • Кеше
6 қызғалдақты жұлған азамат 3 жылға сотталуы мүмкін
Аймақтар • Кеше
«Ashyq» жобасы 7 өңірінде жұмыс істер тұр
Технология • Кеше
Еңбек нарығында қандай мамандарға сұраныс жоғары?
Қоғам • Кеше
ШҚО-да заңсыз балық аулаудың 70-ке жуық дерегі анықталды
Аймақтар • Кеше
Асқар Мамин салық жүйесі неғұрлым икемді болатынын айтты
Қазақстан • Кеше
Алматыда қар көшкіні болуы мүмкін
Аймақтар • Кеше
Елжан Біртановқа үйден шығуға рұқсат берілді
Қоғам • Кеше
Өскеменде көпқабатты үйдің қабырғасы қарс айырылды
Аймақтар • Кеше
Масаншыдағы дүнген ұлтының өкілдері қазақ тілін үйренуде
Аймақтар • Кеше
Вакцинадан бас тартқандарға айыппұл салына ма?
Қоғам • Кеше
Қазақстан мен Армения саяси кеңес өткізді
Қазақстан • Кеше
Елорда • Кеше
Биыл 1000 мектеп қайта жаңартылады
Білім • Кеше
Елімізде 2 607 жаңа басқару нысаны құрылды
Қазақстан • Кеше
Шығыс Қазақстанда ғылымның 8 бағыты қамтылды
Ғылым • Кеше
Ұқсас жаңалықтар